ХХ ғасыр әдебиетінің ірі өкілі, ақын, жазушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына биыл – 130 жыл толып отыр. Қаламгердің мерейтойына орай Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының мамандары жергілікті университетте әдеби шара ұйымдастырды. Студенттер ақын өмірінен сыр шертер кітап көрмесін тамашалады.
Шараға қатысқан жастар Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары туралы айтып, қаламгердің қазақ әдебиетінде алатын орнына тоқталды. Университеттің оқытушысы Жанар Құлыбекова кітапхана мамандарының бастамасына қолдау білдіріп, даңқты жерлесімізді ұлықтаудың кемшін түсіп жатқанын атап өтті.
Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы Ақжар ауданындағы Сазбауыр ағаш деген жерде дүниеге келген. Қаламгер Керекудегі туыстарының қолында өседі. Жасынан жоқшылық көрген қайсар жан Алаш қозғалысына қолдау білдіріп, ұлтымыздың азаттығы жолында талмай еңбек етеді. Ол небәрі 27 жыл ғұмырында артына роман, поэма, рухты өлеңдерін қалдырып, қазақ әдебиетінің қамбасына олжа салды. Бір қуанарлығы, шараға жиналған жастар ақын шығармаларымен жақын таныс екен. Қатысушылардың арасында қаламгер жайлы зерттеу жүргізіп жүрген студенттер де кездесті.
Шарада студенттерге көшпелі көрме таныстырылып, қаламгердің қилы тағдыры, “Қамар сұлу” романының идеясы жайлы жан-жақты мәлімет берілді. Көркем шығарма оқуға қызығушылығы оянған жастар алдағы уақытта кітапханамыздың оқырманы болатынын айтып, тарқастық.
Елдана НҰРПЕЙІСОВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері.