Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан драма театрларының ХХІХ республикалық фестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Рухани шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен облыстық әкімдік ұйымдастырды.
Есімдері елімізге белгілі театр майталмандары мен республиканың түкпір-түкпірінен келген актерлер Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының мамандары әзірлеген “Темірбек Жүргенов. Теперіш тағдыр” атты көрмені тамашалады. Алаштың ардақты тұлғасының өмірінен сыр шертетін әр жәдігердің айтары бар. Асыл тұлғаның ғұмырдариясына терең бойласақ, оның қандай азамат болғанын аңғарамыз. Бала Темірбек Сыр еліндегі атақты Тұрмағамбет ақын ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған. 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. Ол Қазақ АССР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, ал 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Жоғары оқу орындарына арналған “Саяси экономия” және “Құқықтану” пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударады. Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға ат салысады.
Бұл өмірбаяндық деректерді көрмені таныстыру барысында Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы, қоғам қайраткері Аңсат Сәби айтып өтті. “Өткен ғасырдың отызыншы жылдары “Темір нарком” атанған Темірбек Жүргеновтің есімі бүгінде иісі қазаққа етене таныс. Ол – Қазақстан мен Орта Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы-көсемсөзші. Оның ат жалын тартып мінген азаматтық өмірі бірден ұлттық ояну, көтерілу, серпілу және тәуелсіздік жолында күресу кезеңіне тұспа-тұс келді. Т.Жүргенов Нәзір Төреқұлов, Әліби Жангелдин тәрізді қайраткерлермен бірге иық тіресіп, ең алдымен, өзі өкілі болып саналатын қазақ халқының мүддесіне қызмет етті. Тұлғаның есімін жаңғырту мақсатында ұйымдастырылып отыған фестивальдің киелі Қызылжар жерінде өткізілгені қуантарлық оқиға”, – деді ол.
Республикалық театр фестиваліне еліміздің 9 өңіріндегі (Алматы қаласынан – 2 театр, Астана, Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар, Жетісу, Ұлытау, Түркістан) қазақ театрлары қатысып, әзірлеп алып келген қойылымдарын көрермен назарына ұсынуда. Көрмені тамашалағаннан кейін қадірлі мейман ретінде фестивальге арнайы шақырылған КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан театрлар қауымдастығының президенті Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Лидия Кәденова, қазылар алқасының төрағасы, театртанушы, өнертану ғылымдарының докторы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, “Құрмет” орденінің иегері Бақыт Нұрпейіс бастаған бір топ азамат қызыл кілемнің үстімен жүріп өтті.
Өнер фестивалінің ашылу салтанатында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов сөз сөйлеп, мұндай ауқымды шараның біздің өңірімізде араға 21 жыл салып өткізіліп отырғанын айтты.
– Республикалық театр фестивалінің Қызылжарда ұйымдастырылуы – айтулы оқиға. Біздің өңіріміз – көптеген талантты драматургтер мен жазушылардың туған жері. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды классиктердің шығармалары бүгіндері еліміздің көптеген театрларында сахналанып келеді. Алдағы бір апта бойы еліміздің үздік театрлары көрермендердің назарына қойылымдар ұсынбақ. Республикалық фестиваль қатысушыларына шалқар шабыт пен шығармашылық табыс тілеймін, – деді өңір басшысы. Облыс әкімі Асанәлі Әшімовке ерекше ризашылық білдіріп, Қызылжар жұртшылығының атынан қайраткер тұлғаның иығына шапан жапты.
– Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов сынды драманың дарабоздарын дүниеге әкелген киелі Қызылжарға табан тірегеніме қуанып отырмын. Аяулы тұлға Темірбек Жүргеновке арналған іс-шараның Мағжан елінде өткізіліп жатқаны театр өнерінің мәртебесін асқақтата түседі. Алаштың ардақтысы 1933-1937 жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына Санжар Аспандияров, Құдайберген Жұбанов, Ғабит Мүсірепов сияқты қайраткерлерді тартты. Т.Жүргеновтің тікелей атсалысуымен “Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы” қаулы қабылданып, ана тілімізде оқытатын білім ордаларының саны артты. Ол Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды. 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін ұйымдастырды. Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Әбілхан Қастеев сынды қайраткерлердің шығармашылықпен айналысуына жағдай жасады, – деді Асанәлі Әшімұлы.
Салтанатты шарада сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова аталмыш ведомствоның басшысы Аида Балаеваның құттықтауын оқып берді. Фестивальдің маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға ақ жол тіледі. Содан кейін мәдени шараға қатысатын театрлар ортаға шақырылып, қызылжарлық көрермендерге таныстырылды. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының мамандары дайындаған Темірбек Жүргенов жайлы театрландырылған қойылымды жиналғандар ерекше ықыласпен тамашалады.
Фестиваль шымылдығы Түркістан музыкалық драма театрының әртістері дайындаған “Мағжан” спектаклімен түрілді. Пьесаның авторы – жас драматург Алмас Нүсіп. Көрермен спектакльден жас Мағжанның, өмірге ғашық Мағжанның, елінің ауыр халі үшін шексіз азап шеккен, басын қатерге тіккен Мағжанның және бірнеше мәрте геноцидке ұшыраған қазақ халқының ауыр тағдырын көрді. Спектакль талғамы биік көрермен көңілінен шықты. Елімізге танымал Еркебұлан Дайыров, Зарина Кармен, Али Марат сынды театр әртістері ұлы ақын, ғалым, аудармашы, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың тағдырын, сол кездегі қазақ халқының тіршілігін көрерменге жеткізе білді. Мағжан бейнесін талантты әртіс Еркебұлан Дайыров сомдады. Рөлдерде ойнаған актерлердің дені жастар. Мағжан ақын өзі жырлап өткендей “Мен жастарға сенемін” идеясы театр сахнасында жалғасын тапты.
– Өмірі аңызға айналған жыр пайғамбарының тағдыры арқылы өткен ғасырдың 20-шы жылдарында қазақ даласын шарпыған ашаршылық, халықтың бостандығы үшін күрес, білім алудағы қиындықтар қозғалған спектакльден ерекше әсер алдым. Қоюшы режиссердің еңбегі таңқалдырмай қоймады. Сахнаның безендірілуі, әртістердің киген киімі жан-жақты ойластырылған, – дейді қаламыздағы №4 мектептің мұғалімі Жарқын Омаров.
Фестиваль аясында спектакльдер 14 қазанға дейін күн сайын С.Мұқанов және Н.Погодин атындағы өнер ордаларында сахналанбақ.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.