Алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілгенімен мемлекеттік сатып алу саласындағы заңсыздықтар азаяр емес. Әсіресе “бағаны жасанды көтеру” өршіп тұр. Өңірімізде жыл басынан бері мұндай 79 факті тіркеліпті. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Асхат Джакипбеков баяндады.
Оның айтуынша, бағаны жасанды көтеруге жол берген 45 органға тиісті ұсыныс жіберіліп, нәтижесінде 1,8 млрд. теңгеден астам бюджет қаржысы үнемделді. Мәселен Петропавл қалалық әкімдігінің аппараты 7,8 млн. теңгеге кілем сатып алмақ болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары кілемнің әр шаршы метрі 35 мың теңгеге бағаланғанын анықтап, нарықтағы бағаны да зерттеген. Осыдан кейін қалалық әкімдікке ұсыныс жасалып, мемлекеттік мекеме жоспарды қайта қарапты.
Баспасөз мәслихатында департамент басшысына бірқатар сұрақтар қойылды. Соның бірі – жергілікті қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкіліне қатысты.
– Бүгінгі таңда біз облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекеме бастығының орынбасарына қатысты қылмыстық істі қарап жатырмыз. Ол алаяқтыққа жол берген. Тиісті заңға сәйкес қолда бар деректермен бөлісе алмаймын. Іс сотқа жолданғасын барлығы айтылады, – деді Асхат Джакипбеков.
Жиында жуырда ұсталған “Агралық несие корпорациясы” АҚ облыстық филиалының басшысы жайлы да сұралды. Асхат Джакипбеков қылмыстық іс таяуда қозғалғанын алға тартып, толық дерек әзірге жария етілмейтінін жеткізді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.