«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ӨМІРІНІҢ ЖАРШЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжардың құйқалы топырағынан түлеп ұшқан қаламгерлердің қатарында Зейнел-Ғаби Иманбаевтың есімі ерекше ілтипатпен аталады. Біз жазушының ауыл адамдарының өмірін, табиғаты мен тұрмыс-тіршілігін суреттеп жазған маржандай асыл сөздерін оқып, зердемізге түйіп өстік.

Зейнел-Ғаби Иманбаев 1924 жы­лы Шал ақын ауданындағы Ортақкөл ауылында дүниеге келген. Зеректігі­нің, өмірге құштарлығының арқасында алдынан кезіккен қиындықтарға мойымай, қазақ әдебиетінің дамуы­на өзінің үлесін қосты. 1953 жылы рес­публикалық газетжурналдарда өлеңдері, әңгімелері, фельетондары жарық көре бастады. Оның тұңғыш шығармасы – “Қанатты өмір” респуб­ликалық “Әдебиет және өнер” қазіргі “Жұлдыз” журналында басылған. Ол кезде бұл журналға екінің бірінің туын­дысы таспаланбайтын. Іріктеу­ден өткен сайдың тасындай шығар­ма­лар ғана оқырманға ұсынылатын.

Мен оқыған Баян орта мектебін­де қазақ тілі мен әдебиетінен бірнеше мұғалім сабақ берді. Мағел Басы­баев, Нұржан Еламанов, Оразымбет Нұрсейтов, Мағаз Нұртазин сынды ұстаздар Зейнел-Ғаби Иманбаевты пір тұтатын. Ол кісінің жазған дүние­лерін оқушыларға мақтана айтып отырушы еді. Қаламгердің Н.Остров­скийдің “Құрыш қалай шынық­ты?” кітабын оқып, ауыр науқастан айық­қанын үлгі ететін. Біз болсақ ұйып тыңдайтынбыз. Ұстаздарымыз­дың “Жанын меңдеген дертті жеңген Зейнел-Ғабидей жазушы болыңдар! Кітап оқыңдар, радиодан қазақша әң­гімелер тыңдап, білімдеріңді жетіл­діріңдер! Қоғамға пайдаларың тие­тіндей азамат атаныңдар!”, – деген сөз­дерін өмірлік мұратқа айнал­дырдық.

1956 жылы Баян кеңшарының республикаға атағы шыға бастады. Елді мекенде клуб, киноқондырғы, кітапхана, дәрігерлік бөлімше, пошта бөлімшесі жұмыс істеп тұрды. Сол жылы ауылға облыстық партия комитетінің хатшысы, халық қамқоршы­сы, ұлтжанды азамат Ілияс Омаров келді. Әлі есімде. Жексенбі сағат 11:30 шамасы болатын. Қара түсті көліктен әдемі киінген, көзілдірік тақ­қан ер адам түсіп, “кеңшар басшылары бар ма?” – деп сұрады. Мұрат Нұрмұханов (есепші) екеуіміз тұрған­быз. Мұрат “ауылды аралап жүр­ген болуы керек. Тауып келейін”, – деп бір баланың шайтанарбасына отырып кетті. Ертеңіне ауыл адамда­ры­нан Ілияс Омаровтың кеңшар басшыларын жинап кеңес өткізгенін естідік. Сол кеңесте келер жылы ұйымдастырылатын бүкілқазақстан­­­дық жастар фестиваліне бара­тын хор ұжымының, домбырашылар ансамблінің, бишілер тобының, жеке әншілердің дайындығы сөз болыпты. Жиында ауылды көркейту, әрбір үйдің ауласына ағаш отырғызу, әрбір үйде отбасылық кітапхана болу керектігі ұмыт қалмаған.

Баян ауылының тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін Ілияс Омаров Ортақкөлге бет алады. Ондағы мақ­саты жас қаламгер Зейнел-Ғаби Иманбаевқа жолығу болатын. Жазу­­шы Ілекеңе сиясы кеппеген, бір кі­тап­қа арқау болатындай жазған ең­бегі барын айтады. Жарыққа шығару­ды жоспарлап отыр екен. Ілияс Омаров бұл міндетті өзі мойнына алуға уәде береді. “Біз жастарды мек­тепте он жыл, университетте бес жыл оқыта­мыз. Одан кейін олардан жазу­шы шығар ма екен деп үміттенеміз. Мына Зейнел-Ғаби үкіметке шығын­сыз, “ар­зан” келген жазушы ғой. Зей­нел-Ға­бидің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасай білуіміз керек. Кеңшар атынан қаражат бөлгізіп, төрт бөл­ме­лі үй салып беруді өз мо­йында­рыңыз­ға аласыздар”, – деп бас­қарма бас­шы­сы­на тапсырма беріпті. Ауыл адам­дарының арасынан ақын-жазушы, көркемөнерпаздар шыққа­нына ри­за болған Ілияс Омаров Ортақкөл­ден қуанышты көңілмен ат­танған екен.

Облыстық жастар фестиваліне Баян ауылының жастары қызу да­йындалды. Хор, домбыра ансамблі­нің, жеке әншілермен бірге би топта­рының жұмысы бір жолға қойылды. Ғылман Әлжанов ағаның “Садақ би” қойылымы өте сәтті шықты. Сегіз серінің “Мерген” күйінің сүйемелдеуі бойынша орындалған би көрермен­дерді тәнті қылды. Ауыл тұрғында­рының өтініші бойынша өткізілген қо­рытынды концертке облыстық пар­тия комитетінің нұсқаушысы Ілияс Омаровтың көмекшісі Жасұлан Нұр­пейісов, аудандық партия комитеті­нің жауапты адамы Борис Кәрім­баев, сол кездегі “Ленин туы” газетінің штаттан тыс тілшісі, журналист, көптеген мақалалар мен очерктердің авторы Зейнел-Ғаби Иманбаев та қатысты. Республикалық жастар фес­тиваліне қатысушылар бірінші бө­лім­де өнер көрсетсе, екінші кезеңде ауылдың белсенді жастарының кон­церті қойылды. Фестиваль төрағала­рының шешімімен республикалық жастар фестиваліне қатысушыларға заттай сыйлықтар табысталды. Сол жиында көптеген сыни пікірлер ай­тылды. Ең соңында Зейнел-Ғаби аға­мыз сөз алып, өз пікірін, ұсынысы мен ауыл жастарының жетістіктерін әңгімесіне тұздық етті. Режиссер Шерияздан Қажымұратов “Жастар фестиваліне біз де барар едік. Бірақ фестиваль шартында пьеса жанры­ның болмағаны өкінішті-ақ! Деген­мен Зейнел-Ғаби аға, сіз ауыл өмірін гүлдендірген жастар туралы бір жақ­сы дүние жазсаңыз”, деген өтінішін айтты. Қаламгер көпшіліктің ал­дында “келешекте бұл тілектеріңді орындаймын”, – деп уәдесін берді. Ағамыз уәдесінде тұрды. Облыстық “Ленин туы” газетінің 1958 жылғы 8-ші шілдедегі санында “Шопанның қызы” пьесасы жарық көрді. Жалпы оқырмандар, ауыл адамдары бұл туын­дыны ерекше қызығушылықпен іздеп жүріп оқыды. Бұл драмалық шығарманы тұңғыш рет сахнаға ауылдағы көркемөнерпаздар ұйы­мының ұйытқысы болған талантты суретші Шеряздан Қажымұратұлы алып шықты. Көрермендер риза болды. Шопан қызының жігіті рөлін мен ойнадым. Аудандағы қазақ ауылда­рын аралап, “Шопанның қызы” пье­са­сын сомдау арқылы ауыл еңбек­кер­лерінің көңілін көтеруші едік.

1957 жылы тамыз айының бір жексенбісінде Баян ауылына Ілияс Омаров екінші рет келді. Ақын Самархан Жұмадиевтің айтысқа, қолөнер шеберлерінің көрмеге дайын­дығын тексермек болыпты. Ортақ­көл­дегі Зейнел-Ғабидің үйінің құры­лысымен де танысуды көздеген.

Зейнел-Ғаби ағаның алғашқы әңгімелер жинағы “Бастама” деген атпен “Қазақстан мемлекеттік көр­кем әдебиет” баспасынан 1959 жы­лы басылып шықты. Бұл кітаптың жа­рық көруіне Ілияс Омаров көп жәр­демдесті. Қаламгердің әңгі­мелерін жинап, көркемдік кеңестен өткізген – Асқар Лекеров. Ауылда тұратын жазушының есімін республикаға әйгілі еткен жандарға елді мекен тұрғындары алғыс айтып отыратын. 1960 жылы әйгілі жазушыларымыз Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ға­бит Мүсірепов, Сафуан Шәймерде­нов сияқты ағалардың қолдауымен Зей­нел-Ғаби Иманбаев Кеңес үкіме­тінің Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. Бұл атаққа қаламгер мастанған жоқ. Керісінше жауапкершілікті сезініп, өндірте жазды, 17 кі­табы жарық көрді. Одан басқа га­зеттерге, журналдарға, Үгітші блок­нотына, Қазақ күнтізбесіне шыққан мақалалары мен әңгімелері, очерк­тері қаншама десеңізші? Мұндай деңгейге жазушы өзінің бойындағы еңбекқорлық, кішіпейілділік сияқты қасиеттері арқылы қол жеткізді.

Атақты Шал ақын Құлекеұлы бір еңбегінде:

Жақсы әйел алсаңыз

Жақсылығын білдірер,

Ерін жөнге көндірер,

Анық осы, бозбала,

Жұмақтан шыққан хормен тең.

Алғаның жаман жолықса,

Жамандығын білдірер,

Ер қадірін кетірер,

Оның өзі, бозбала,

Маңдайға біткен сормен тең, – деп жырлапты. Зейнел-Ғаби Иманбаевтың абыройлы азамат, ардақты қаламгер, өнегелі әке атануына Құ­дай қосқан қосағы Камеш апамыздың қосқан үлесі зор. 1944 жылы отау құрған олар заманның қиындығына морт сынбады. Апамыз аға­мыздың жағдайын жасап, қам­қоршысына айналды. Он баланы өмірге әкеліп, қанаттандырды.

Шыны керек, қазіргі қоғамда өз заманының жаршысына айналған тұлғалардың барлығы дерлік кеңінен насихатталуда деп айта алмаймыз. Бұл өткен тарихқа, әдебиеттің өрістеуіне үлес қосқан қаламгер­лерге тас атқанмен бірдей. Зейнел-Ғаби ағаның ғұмырынан үлгі алған Баян ауылының жас қаламгерлері: Шұғай Өсіпов, Қасен Ақанбаев, Баймұрат Есмақанов, Таңат Сүгірбаев, Ілияс Тоқымбетов, Жангелді Тәжиндер жа­ман болмады. “Ленин туы” газетінде қызмет атқарған журналистер Әмір Қожахметов, Мұрат Нұрмұқанов, Әс­кер Әбілқайыров, Байтұяқ Жә­нім­бетовтер ойы ұшқыр қаламгер­лерге айналды.

Зейнел-Ғаби аға балалар тақы­ры­бын өндірте жазды. “Сары шым­шық”, “Барылдауық”, “Майлы аяқ”, “Тракторшы бала”, “Шіл”, “Көжек”, “Қызыл галстук” сынды әңгімелері “Шалқар” радиосынан үздіксіз беріліп тұратын. Оқыған адамды балғын кезеңнің мөлдір, таза әлеміне жете­лейтін әңгімелерді жасым сексеннен асса да мен осы күнге дейін айына бір мәрте парақтамасам көңілім көн­шімейді. Мен Зейнел-Ғаби ағаны бі­рінші рет 1950 жылы көрдім. Сұм со­ғыстың зардабын тартқан халықтың әл-ауқатының көтеріліп келе жатқан кезі. Әкем ауылда дүкенші еді. Кел­ген қонақтарға қызыға қарап тұрдым. Зейнел-Ғаби ағамыз өзіне керекті заттарды сұрап жатыр. Әкемнің “он­дай зат біздің дүкенде жоқ” дегені ерсілеу естілсе керек, жазушы: “Жоқ деме, бар деген дұрыс. Бар деп айт­пасаң апамды үйге алып кетемін. Кезінде апамның қалың малын мардымсыз төлегенсің”, – деді наздана сөйлеп. Одан бері талай уақыт зы­мырап өтті.

Бір күні Ишанғали Қасымұлы деген ағамыз “әнші-күйшің бар ма, жүріңдер түгел, Ортақкөлге барып ке­лейік”, – деп қолқалады. Зейнел-Ға­би ағаның үйін бетке алдық. Қа­ламгер жазу үстелінде ойға шомып отыр екен. Амандықсаулық сұрастық. Үстелде газет-журналдар, кітаптар шашылып жатыр. “Бірнеше ма­қаланы газеттерге берсем деп отырмын. Алдағы жоспарым да көп. Бошатайдың Құрманғалиы, Ізтөленің Баймағанбеті, атамыз Балта Ке­рей Тұрсынбай батыр жайында де­ректер іздестірудемін. Қожақұлдың кішкене Құсайынын Алдаркөсе сияқ­ты жаз­сам ба деймін” – деп ақтарыла әңгімесін айтты. Ас іштік. Шәй ал­дындағы үзілісте ағамыз “ән-күйге ке­зек берейік” деп көршісі Қабылқайыр Мұқыжановты нұсқады. Қабылқайыр ағамыз жақсы адам еді. Үкілі Ыбы­райдың “Қызыл асығын”, Естайдың “Бір мысқал” әнін орындады. Кезек маған келді. Мен Құрманғазының “Қы­зыл қайыңын”, “Ақбай” күйін тарт­тым. “Мына “Қызыл қайыңда” желдің со­ғуына қарай ағаштың иіліп, ырға­луы, жапырақтың сылдыры қандай жа­расымды суреттелген. Би қоюға лайықты әуен екен”, – деді қаламгер. Кезек Ишанғали ағама келгенде жазушы “сен Тәттімбеттің “Саржай­лауы” мен “Сылқылдағын” тартшы” – деді. Күй орындалып болғаннан кейін “Саржайлауды” қайта тартқыз­ды. Қаламгер ағамыз риза болып, “неткен құдірет, табиғатты қалай су­реттеген”, деп таңқалумен болды. Ка­меш апамыз Әсеттің “Інжу-Маржа­ны” мен Ақан серінің “Қараторғайын” айтып, жұрт­тың сүйіспеншілігіне бөленді. Ишан­ға­ли ағамыз “Зеке, сен де қаражаяу емес едің ғой. Бір қа­ғарың бар еді. Ендігі кезек сенікі”, – деп шорт кесті. Ұсынысқа қарсылық жо­ғын білетін қаламгер ағамыз қо­лы­на домбыра­сын алып, Абайдың “Айт­­тым сәлем Қаламқасы” мен Бір­жан салдың “Теміртас” әнін жұмсақ, биязы дауы­сымен орындап берді.

Қаламгер 1987 жылы 17 қазанда өмірден өтті. Алла тағала жазушыға Пайғамбар жасы – 63 жыл ғұмыр сүруді нәсіп етіпті.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші, облысымыздың құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp