«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘМС жүйесі үмітті ақтай ма?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі кезде “сақтандырылма­саң, дәрігер қарамайды” деген тү­сінік халық арасында кеңінен тара­ған. Соңғы үш жылда денсаулық сақтау са­ласына МӘМС жүйесі енгізілгелі түрлі шағымдар толастамай тұрғаны жасырын емес.

Қарапайым халық міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің мамандар айтқан пайдасы мен тиімді тұстарын түсін­бей дал. Себебі ақылы жүйенің шикі­лігі қоғамның наразылығын тудырып отыр.

Мәселен, өткен жылы бір топ же­ке кәсіпкер МӘМС-ке ақша аудара ал­май, соның салдарынан салық дек­ларациясын тапсыру мерзімін өткізіп алған. Тіпті осы олқылыққа бай­ла­нысты Мемле­кет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев­ Үкіметтің ке­ңейтілген отыры­сында: “Міндетті әлеу­меттік меди­циналық сақтанды­ру жүйесі тиімді болмады, нақты нә­тиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медици­на­лық сақ­тандырудан тыс қалған. Со­ның кесі­рінен олар ден­саулық сақтау сала­сындағы қызмет­терді толық пайда­ла­на алмауда”, – деп жауапты орын басшыларына қатаң ескерту жасаған бола­тын. Бұнан басқа нау­қас­­тар тарапынан да МӘМС жүйесі­нің тиімсіз тұстарына қатысты ша­ғым­­дар аз емес. Мәсе­лен, қазіргі кез­де учаскелік емхана­ңызда невропато­логқа немесе гине­кологқа қаралу үшін кемі екі апта бұ­рын қабылда­уы­на жазылуыңыз ке­рек. Бұрынғыдай бү­гін кезекке жа­зылып, ертең дәрі­герге көріну мүмкін емес. Бұл –  тек аты аталған екі сала маманына ғана емес, жалпы дәрігер қабылдауына кірудің қиындап кеткенінің дәлелі.  

Елімізде медициналық көмекті қаржыландыруға бөлінетін ақша көлемі екі есеге ұлғайыпты. Мысалы, 2019 жылы денсаулық сақтау бо­йын­ша қазынадан 1 трлн. теңге, ал 2022 жылы 2 трлн. теңге ақша бөлін­ген. Бүгінгі таңда өңірімізде 78 денсаулық сақтау нысаны мен 51 меди­циналық ұйым бар. “Әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ облыстық филиалының директоры Лариса Гор­дееваның  айтуынша,  МӘМС жүйесі іске қосылғалы облыстық және қала­лық медициналық ұйымдарда жаңа технологиялар бо­йынша ауруды анықтау жұмыстары қарқынды жүре бастаған.

– МӘМС жүйесі бойынша қазір жүрек қантамырлары, неврология­лық, онкологиялық ауруларды емдеу қолжетімді болды. Сонымен қатар “бедеулік” диагнозы бойынша осы­ған дейін өңірімізде ЭКО-ға 20-25 кво­та бөлінсе, қазіргі кезде МӘМС жүйе­сінің арқасында жылына 200 квота бөлінуде. Жүйені цифрландыру мақ­са­тында бірыңғай “Е-Денсаулық” эко­жүйесі іске қосылды. “Біздің МӘМС бойынша ай сайын төлеп жатқан ақшамыз қайда кетіп жатыр?” деген сауалға осы экожүйе арқылы жауап алу­ға болады. Экожүйеде медицина­лық қызмет ақысы­ның қанша теңге тұратыны көрсеті­леді. Медсақтан­дыру жүйесі 2020 жылы енгізілгеніне қарамастан, об­лы­сымызда 97 607 адам (18,3 па­йыз), оның ішінде 62 601 ауыл тұрғы­ны әлі күнге дейін “сақ­тандырылма­ғандар” мәртебесі­не ие. Осы мәсе­леге байланысты қор қызметкерлері биыл тамыз айында Тимирязев, Шал ақын, Ақ­қайың ау­дандарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – дейді Лариса Гордеева.

Мамандар түсіндіру жұмыстары кезінде  маусымдық жұмыс істейтін­дерге медсақтандыру жүйесіне қа­лай тіркелу тиімді екенін жан-жақты айтып берген. Себебі ауылдағы ағайын­ның дені – маусымдық жұ­мыспен қамтылғандар. МӘМС жүйе­сі­нен шы­ғып қалмау үшін әрбір аза­мат үзіліссіз үш ай арнайы жарна тө­леуі қажет. Ал шаруа қожалықтары мен серіктестіктерде уақытша жұ­мыс іс­тейтіндер маусымдық жұмысы біт­кен соң да ай сайын 1531,50 теңге МӘМС жарнасын төлеп отырса, медсақтандыру жүйесінің қызметін пайдалана алады.

Еліміздің Конституциясының 29- бабында “Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медици­на­лық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы” деген тармақ бар. МӘМС жүйесі енгенге дейін тек тегін мемле­кеттік көмектің кепілді көлемі жұмыс істеді. Кепілдендірілген тегін көмек (ТМККК) пакеті ең төменгі стан­дарттардан тұрады. Оған қандай қызметтер кіреді? Дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда кө­мек көрсету, жедел жәрдем, санитар­лық авиация, бірқатар созылма­лы ауруларды динамикалық бақы­лау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады. Мұны барлық азаматтар, сақтандырылған-сақтандырыл­мағанына қарамай пайдалана алады. Ал көмектің екінші деңгейі – мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру (МӘМС) пакеті. Бағасы қым­бат болып келетін операциялар, си­рек медициналық қызмет түрлері, са­лалық мамандардың қабылдауы сынды қызметтер кіретін МӘМС па­кет­ін сақтандырылғандар ғана пай­далана алады. МӘМС пакетіне та­бысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.

МӘМС жүйесі іске қосылғалы бері медициналық ұйымдардың қызмет көрсету сапасы жақсарды ма? Бұл сауалымызға жауап іздеп, тұр­ғындар арасында сауалнама жүргіз­генімізде сын айтқандардың қатары қалың болды. Жанына батқан дертпен алысып, емханаға барғанда ке­зек күту, кабинет аралаумен алтын уа­қыттарын өткізіп жатқандар қан­шама?

Петропавл қаласының №1 ем­ханасында стационарлы ем қабыл­дап жүрген Зинаида Иванова: “Жаңа жүйе енгізілгелі ештеңе  өзгермеді. Бұрын дәрігердің қабылдауында бо­лу оңайырақ еді”, – дейді.

“Гастроэнтеролог қабылдау үшін алдымен терапевтке талон алуы­ңыз керек. Өкінішке қарай, талонды сол күні ала қоюыңыз екіталай. Ал терапевтке келсеңіз, басқа күнге жолдама береді. Ал оған дейін анализдер тапсырып, бірнеше маман­ның алдынан өтуіңіз керек. Сол анализдер мен басқа мамандардың қорытындыларын алып қайтадан терапевтке келесіз. Сізді УДЗ-ға жолдайды. УДЗ-ға кезегіңіз бәлкім үш аптадан кейін, бәлкім бір айдан кейін келуі мүмкін. Демек сіз гастро­энтерологқа бір айдан соң барасыз. Ал ол күнге дейін ауруыңыз асқынып кетуі мүмкін”, – дейді қала тұрғыны Жібек Асқарбекқызы.

Дәл осыған ұқсас шағымдарды Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай да Үкімет сағатын­да талқыға салды. Ол денсаулық сақтау са­ласындағы бірқатар мәселені көте­ріп: “МӘМС жүйесіне ел неге нара­зы? Неге дер кезінде көмек ал­май, ауруы асқынып өмірден өтіп ке­тіп жатыр? Мысал келтірейін, түнімен жүрегің ауырды. Ауруханаға бара­сың, сені кардиолог протокол бойын­ша бірден қабылдамайды. Те­рапевт “УЗИ не ЭКГ-ден өт” деп жол­дамамен жібереді. Оны бір апта кү­те­сің, кардиологтың кезегін екі апта кү­тесің. Бірақ ақшаң болса жақ­сы, же­кеменшік емханадан ем ала­сың, болмаса инфаркт, инсульт алып, қан­ша­ма адам өмірден өтіп кетіп жа­тыр”,– деп халықтың наразылығын жеткізді.

Сонымен қатар халық қалаулы­сы ауруханалар адамдарды бекітіл­ген жоспар бойынша қабылдайты­нын айтады. “Шұғыл ота жасайтын ор­талық емханаларға қаржыланды­ру уақытында түсуі керек. Оны кө­бейту қажет. Біз күніне қанша адам жол-көлік апатына түсетінін білмей­міз ғой? Бір адам жол-көлік оқиға­сына түсті, аяғы, қолы сынып, бас-ми жа­рақатын алды делік. Бірақ сақтан­ды­ру бір сүйекті емдеуге ғана ақша тө­лейді. Қал­ған ақшаны өз қалтасынан шыға­ра­ды. Сөйтіп қазір аурухана­лар­дың кредиттік берешегі мил­лиардтан асып кетіп жатыр. “Шектік” шкала де­генді кім ойлап тапқанын білмей­мін. Мен өз-өзіме болжам жасай алмай­мын ғой?!”

Дәл осы күні Үкімет сағатында МӘМС мәселесі талқыланып жатқанда еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта көлік жүргізушілер мен түрлі қару қолдану саласының мамандарын МӘМС жүйесіне кіргізуді міндеттеуді ұсынды. Министр Ажар Ғинаяттың па­йымдауынша, аталмыш сала мамандары жүйеге кірсе, қордың қаржылық тұрақты­лы­ғы нығаяды екен. Егер министр­дің бұл ұсынысы қабыл­дан­са, ал­дағы уақытта МӘМС жарнасын тө­лемеген азаматтың көлік жүргізуіне тыйым салынуы мүмкін.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp