Қазіргі кезде “сақтандырылмасаң, дәрігер қарамайды” деген түсінік халық арасында кеңінен тараған. Соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласына МӘМС жүйесі енгізілгелі түрлі шағымдар толастамай тұрғаны жасырын емес.
Қарапайым халық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің мамандар айтқан пайдасы мен тиімді тұстарын түсінбей дал. Себебі ақылы жүйенің шикілігі қоғамның наразылығын тудырып отыр.
Мәселен, өткен жылы бір топ жеке кәсіпкер МӘМС-ке ақша аудара алмай, соның салдарынан салық декларациясын тапсыру мерзімін өткізіп алған. Тіпті осы олқылыққа байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмауда”, – деп жауапты орын басшыларына қатаң ескерту жасаған болатын. Бұнан басқа науқастар тарапынан да МӘМС жүйесінің тиімсіз тұстарына қатысты шағымдар аз емес. Мәселен, қазіргі кезде учаскелік емханаңызда невропатологқа немесе гинекологқа қаралу үшін кемі екі апта бұрын қабылдауына жазылуыңыз керек. Бұрынғыдай бүгін кезекке жазылып, ертең дәрігерге көріну мүмкін емес. Бұл – тек аты аталған екі сала маманына ғана емес, жалпы дәрігер қабылдауына кірудің қиындап кеткенінің дәлелі.
Елімізде медициналық көмекті қаржыландыруға бөлінетін ақша көлемі екі есеге ұлғайыпты. Мысалы, 2019 жылы денсаулық сақтау бойынша қазынадан 1 трлн. теңге, ал 2022 жылы 2 трлн. теңге ақша бөлінген. Бүгінгі таңда өңірімізде 78 денсаулық сақтау нысаны мен 51 медициналық ұйым бар. “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ облыстық филиалының директоры Лариса Гордееваның айтуынша, МӘМС жүйесі іске қосылғалы облыстық және қалалық медициналық ұйымдарда жаңа технологиялар бойынша ауруды анықтау жұмыстары қарқынды жүре бастаған.
– МӘМС жүйесі бойынша қазір жүрек қантамырлары, неврологиялық, онкологиялық ауруларды емдеу қолжетімді болды. Сонымен қатар “бедеулік” диагнозы бойынша осыған дейін өңірімізде ЭКО-ға 20-25 квота бөлінсе, қазіргі кезде МӘМС жүйесінің арқасында жылына 200 квота бөлінуде. Жүйені цифрландыру мақсатында бірыңғай “Е-Денсаулық” экожүйесі іске қосылды. “Біздің МӘМС бойынша ай сайын төлеп жатқан ақшамыз қайда кетіп жатыр?” деген сауалға осы экожүйе арқылы жауап алуға болады. Экожүйеде медициналық қызмет ақысының қанша теңге тұратыны көрсетіледі. Медсақтандыру жүйесі 2020 жылы енгізілгеніне қарамастан, облысымызда 97 607 адам (18,3 пайыз), оның ішінде 62 601 ауыл тұрғыны әлі күнге дейін “сақтандырылмағандар” мәртебесіне ие. Осы мәселеге байланысты қор қызметкерлері биыл тамыз айында Тимирязев, Шал ақын, Аққайың аудандарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – дейді Лариса Гордеева.
Мамандар түсіндіру жұмыстары кезінде маусымдық жұмыс істейтіндерге медсақтандыру жүйесіне қалай тіркелу тиімді екенін жан-жақты айтып берген. Себебі ауылдағы ағайынның дені – маусымдық жұмыспен қамтылғандар. МӘМС жүйесінен шығып қалмау үшін әрбір азамат үзіліссіз үш ай арнайы жарна төлеуі қажет. Ал шаруа қожалықтары мен серіктестіктерде уақытша жұмыс істейтіндер маусымдық жұмысы біткен соң да ай сайын 1531,50 теңге МӘМС жарнасын төлеп отырса, медсақтандыру жүйесінің қызметін пайдалана алады.
Еліміздің Конституциясының 29- бабында “Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы” деген тармақ бар. МӘМС жүйесі енгенге дейін тек тегін мемлекеттік көмектің кепілді көлемі жұмыс істеді. Кепілдендірілген тегін көмек (ТМККК) пакеті ең төменгі стандарттардан тұрады. Оған қандай қызметтер кіреді? Дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады. Мұны барлық азаматтар, сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамай пайдалана алады. Ал көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды қызметтер кіретін МӘМС пакетін сақтандырылғандар ғана пайдалана алады. МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.
МӘМС жүйесі іске қосылғалы бері медициналық ұйымдардың қызмет көрсету сапасы жақсарды ма? Бұл сауалымызға жауап іздеп, тұрғындар арасында сауалнама жүргізгенімізде сын айтқандардың қатары қалың болды. Жанына батқан дертпен алысып, емханаға барғанда кезек күту, кабинет аралаумен алтын уақыттарын өткізіп жатқандар қаншама?
Петропавл қаласының №1 емханасында стационарлы ем қабылдап жүрген Зинаида Иванова: “Жаңа жүйе енгізілгелі ештеңе өзгермеді. Бұрын дәрігердің қабылдауында болу оңайырақ еді”, – дейді.
“Гастроэнтеролог қабылдау үшін алдымен терапевтке талон алуыңыз керек. Өкінішке қарай, талонды сол күні ала қоюыңыз екіталай. Ал терапевтке келсеңіз, басқа күнге жолдама береді. Ал оған дейін анализдер тапсырып, бірнеше маманның алдынан өтуіңіз керек. Сол анализдер мен басқа мамандардың қорытындыларын алып қайтадан терапевтке келесіз. Сізді УДЗ-ға жолдайды. УДЗ-ға кезегіңіз бәлкім үш аптадан кейін, бәлкім бір айдан кейін келуі мүмкін. Демек сіз гастроэнтерологқа бір айдан соң барасыз. Ал ол күнге дейін ауруыңыз асқынып кетуі мүмкін”, – дейді қала тұрғыны Жібек Асқарбекқызы.
Дәл осыған ұқсас шағымдарды Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай да Үкімет сағатында талқыға салды. Ол денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселені көтеріп: “МӘМС жүйесіне ел неге наразы? Неге дер кезінде көмек алмай, ауруы асқынып өмірден өтіп кетіп жатыр? Мысал келтірейін, түнімен жүрегің ауырды. Ауруханаға барасың, сені кардиолог протокол бойынша бірден қабылдамайды. Терапевт “УЗИ не ЭКГ-ден өт” деп жолдамамен жібереді. Оны бір апта күтесің, кардиологтың кезегін екі апта күтесің. Бірақ ақшаң болса жақсы, жекеменшік емханадан ем аласың, болмаса инфаркт, инсульт алып, қаншама адам өмірден өтіп кетіп жатыр”,– деп халықтың наразылығын жеткізді.
Сонымен қатар халық қалаулысы ауруханалар адамдарды бекітілген жоспар бойынша қабылдайтынын айтады. “Шұғыл ота жасайтын орталық емханаларға қаржыландыру уақытында түсуі керек. Оны көбейту қажет. Біз күніне қанша адам жол-көлік апатына түсетінін білмейміз ғой? Бір адам жол-көлік оқиғасына түсті, аяғы, қолы сынып, бас-ми жарақатын алды делік. Бірақ сақтандыру бір сүйекті емдеуге ғана ақша төлейді. Қалған ақшаны өз қалтасынан шығарады. Сөйтіп қазір ауруханалардың кредиттік берешегі миллиардтан асып кетіп жатыр. “Шектік” шкала дегенді кім ойлап тапқанын білмеймін. Мен өз-өзіме болжам жасай алмаймын ғой?!”
Дәл осы күні Үкімет сағатында МӘМС мәселесі талқыланып жатқанда еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта көлік жүргізушілер мен түрлі қару қолдану саласының мамандарын МӘМС жүйесіне кіргізуді міндеттеуді ұсынды. Министр Ажар Ғинаяттың пайымдауынша, аталмыш сала мамандары жүйеге кірсе, қордың қаржылық тұрақтылығы нығаяды екен. Егер министрдің бұл ұсынысы қабылданса, алдағы уақытта МӘМС жарнасын төлемеген азаматтың көлік жүргізуіне тыйым салынуы мүмкін.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.