Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің туризм саласындағы әлеуеті жоғары, осы салаға ден қою керек екенін айтты.
Туризм – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезде туризм әлемдік экономикадағы табысты саланың біріне жатады. Көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын құруға және сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етеді. Соңғы жылдары туризмнің маңызы артты. Оның турфирмалар, көлік түрлері, мейманхана кешендері, демалыс үйлері, санаториялар, ұлттық парктер, тамақтану саласы сынды 32 салаға жанама ықпалы бар. Яғни әлем бойынша он адамның тоғызы туризм саласында жұмыс істейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: “Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет”, – деді.
Солтүстік Қазақстан облысы – айдын көлдері көп, жазық даласы да, орманы да бар табиғаты ғажап аймақ. Одан бөлек, бізде туристерге қызықты болар тарихи-мәдени орындар да жетерлік. Сол себепті өңірде мәдени, экологиялық, тарихи-танымдық, тіпті діни туризм жақсы дамып келеді. Біраз уақыт бұрын өңірде “QYMYZFEST” фестивалі өткізілді. Ол дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын іс-шараға айналды. Шараның басты мақсаты – қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін насихаттау. Жобаның идеясы “Қызылжар жастары” атты қоғамдық жастар ұйымына тиесілі. Олар Солтүстік Қазақстанның ерекшелігі мен мәдениетін бар әлемге танытатын эксклюзивті іс-шара ұйымдастырды. Фестиваль барысында дәстүрлі жәрмеңке, аттар карнавалы, спорттық жарыстар, ас тарту байқауы өтті. Жалпы мерекенің тақырыбы өңірдің тарихымен тығыз байланысты.
Бұдан бөлек, облысымызда ел тарихына археологиялық жаңалық енгізген Қызылоба кесенесі бар. 2019 жылы Уәлиханов ауданындағы Сілеті өзенінің төменгі жағынан Алтын орда дәуіріне тиесілі ежелгі кесене мен кірпіш өндіретін пештің қалдықтары табылды. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушылары мен студенттері, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің “Margulan centre” орталығы бірігіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі кезде тарихи туризм үшін облысымыздың осы ауданындағы қазба жұмыстарын мақтанышпен көрсете аламыз.
Президент сонымен қатар туризм саласына көбірек инвестиция тартуды тапсырды. Осы ретте Мемлекет басшысы “Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ”, – деп атап өтті.
Осы орайда солтүстікте туризм қалай дамып жатқанын, өңірге туристерді тартуда қандай жұмыстар атқарылғанын айтып өтсек артық болмас. Қазір туризмнің жаңа феномені ретінде трансұлттық туристік бағытқа сұраныс көбейді. Шекаралық аймақта орналасқандықтан, бізге туризмді дамыту өте қолайлы. Біздің облыстың көрікті жерлері тек қана өңірдің туристерін ғана емес, өзгелердің де қызығушылығын тудырады. Әсіресе Шалқар, Имантау көлдері – көпшіліктің қызығушылығын тудыратын ғажайып жер. Ол мемлекетіміздегі танымал туристік орындардың қатарына енді. Мысалы, Петропавл қаласында қыс мезгілінде шағын шаңғы базасы, ал Имантау өзенінде яхта клубы бар. Туристер арасында кемпинг пен автокараванинг үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар өңірде аңшылық туризмі де жақсы дамып келеді. Дәстүрлі аңшылықтан бөлек, спорттық аңшылық сынды басқа да түрлері бар. Қызылжар ауданында республикалық бүркіт, сұңқар, қаршығамен аң аулаудан турнир өткізу дәстүрге айналды. Шара арқылы ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, шетел азаматтарын қызықтыруға зор мүмкіндік бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай туризмді дамытуға арналған арнайы тұжырымдама әзірленді. Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі дайындаған бұл құжат 2023-2029 жылдар аралығында жүзеге асырылады деп күтілуде. Тұжырымдаманың басты мақсаты – туризмді елдің экономикалық дамуының басым бағытына айналдыру. Атап айтқанда, осы саладағы жұмыспен қамтылған азаматтарымыздың санын 800 мыңға дейін, ал саладағы жалпы қосымша құн көлемінің өсімін 6 трлн. теңгеге дейін ұлғайту. Қонақ үй және тамақтану қызметтеріндегі инвестиция өсімін 260 млрд. теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Тиісті көші-қонды бақылау “eQonaq” электронды жүйесі және арнайы мобильді қосымшаларды енгізу арқылы іске асады. Сондай-ақ уәкілетті органдармен бірлесіп, визалық, көші-қон саясатын либерализациялауға байланысты тәуекелдердің алдын алу жөнінде іс-шаралар қабылданады. Мысалы, Имантау-Шалқар курортты аймағын дамыту аясында оның туристік-рекреациялық қызметінің жол картасын әзірлеу жоспарланып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерін туристердің жүріп-тұру маршруттары туралы хабардар ету бойынша талап енгізіледі. Бұл ақпарат іздеу іс-шараларын уақытылы ұйымдастыру және қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсету немесе эвакуациялау үшін аса маңызды. Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша туристік жолдарды таңбалау жөніндегі стандарт қабылданады. Маршруттарды бөлу туристердің даярлық деңгейі мен күрделілігіне қарай жүргізіледі. Әр санат белгілі бір түске сәйкес жасалып, соқпақтың басында оның күрделілігі және туристке қажетті талаптар туралы ақпарат орналастырылады. Деректер, ақпараттық қалқандар мен стендтерді орнату туристерге дұрыс бағыт-бағдар алуға және саяхаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ұйымдастырылған ішкі туризмді ынталандыру үшін қолданыстағы “Kids go Free” бағдарламасымен қатар туристік кэшбек енгізіледі. Мәдени-танымдық туризм, агротуризм, әлеуметтік, медициналық, экологиялық, іскерлік, балалар-жасөспірімдер және туризмнің басқа да түрлері дамитын болады. Егер туризмнің әрбір басым бағытын жеке қарастыратын болсақ, онда экотуризмді дамыту үшін экотуризм субъектілерін ерікті сертификаттауды енгізу, сертификатталған қонақ үйлерді онлайн-брондау платформасын құру, табиғатқа ұқыпты қарау жөнінде ақпараттық науқан жүргізу жоспарда бар. Агротуризм саласында болашағы зор орындарды анықтау және ауыл тұрғындары үшін оқыту іс-шаралары жүзеге асырылатын өңірлерге барып далалық зерттеулер жүргізіледі. Агротуризмде қызмет көрсететін субъектілердің тізілімін жасау және жүргізу, өңірлерге инвестиция тарту, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту және аумақтар брендингін дамыту жоспарланып отыр. Фермерлерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде агротуризммен айналысуға мүмкіндік беру бөлігінде заңнаманы жетілдіру қарастырылады. Этнографиялық туризмді дамыту осы салада шағын бизнесті жүргізу мүмкіндіктері туралы ақпарат тарату, Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи жерлерімен байланысты қазақ аңыздарының иллюстрацияланған жинақтарын шығару, сондай-ақ қолөнершілікті дамыту арқылы жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, қолөнершілікті дамыту саласындағы нормативтік құқықтық актілер жетілдіріледі, Қазақстан қолөнершілерінің ұлттық тізілімі қалыптастырылады және олардың мәртебесі бекітіледі. Сондай-ақ басым туристік орындарда қолөнер шеберханаларының желісін ашу, ұлттық және өңірлік кәдесый өнімдерінің стандарты мен көрнекі сәйкестігін әзірлеу, қолөнер өнімдерін сатуға арналған бірыңғай маркетплейспен қолөнер бойынша қолданыстағы онлайн-платформаларды біріктіру, Қазақстанда қолөнер саласында өзін-өзі реттейтін ұйым құруға жәрдемдесу жоспарланған. Президенттің тапсырмасы бойынша алдағы уақытта осы аталған жоспарлар түгелімен жүзеге асырылып, еліміздің туризм саласын дамытуға өңіріміз зор үлес қосады деген сенімдеміз.
Сайран ХАМЗА,
“Солтүстік Қазақстан облысы мейрамханалар мен мейманханалар иелері қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.