Өңірімізге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапарымен келді. Бас мүфти “Иманды ел – ізгі қоғам кепілі” тақырыбында өткен республикалық конференцияға, Мәуліт кешіне қатысып, уағыз айтты.
Қоғам жік-жікке бөлініп, дәл қазіргідей екіұшты күй кешіп тұрған уақытта адамның ішкі жан дүниесіне рухани азық беріп, қоғамның әрбір мүшесін сабырға, төзімділік пен әдептілікті сақтауға күші жететін құндылық болса, ол – имандылық. Мәуліт мерекесіне қатысқан Бас мүфти бала тәрбиесіне қатысты әңгіме қозғады.
Оқушылар сарайында өткен конференцияда зиялы қауым өкілдері жастарды деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясынан сақтандыру, жас буын өкілдерін құмар ойындарға тәуелділіктен құтқару, қоғамда дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттаудың маңызы сынды тақырыптарда ойларын ортаға салды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәлеметінше, қазір имамдар халықтың діни сауатын ашу, жастарды деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясынан сақтандыру бағыттары бойынша ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Жастарды деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясынан сақтандыру – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі бағыттарының бірі. Бұл – асыл міндет. Мүфтияттың діни оңалтуға жауапты мамандары өткен жылы қоғамдық орындар мен түзеу мекемелерінде 9928 жеке кездесулер өткізді. Оның нәтижесінде 773 адам қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді және 704 адам деструктивті діни ағым идеологиясынан бас тартты. Бүгінде мүфтият жанынан құрылған ғұламалар, ақсақалдар, сарапшылар кеңесі жастарды жат діни ағымдардан сақтандыру жұмыстарына белсене араласуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі Ислам құндылықтарын үздіксіз дәріптеп келеді. Осы бағытта мүфтият “Дәстүрлі Ислам жауһарлары”, “Дін мен дәстүр”, “Ихсан – рухани тәрбие негізі”, “Толық адам” кітаптарын шығарды. Жыл соңына дейін “Ислам энциклопедиясының” І, ІІ, ІІІ томдары, “Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп”, “Дін мен дәстүр ІІІ” еңбектері жарық көреді. Аталған кітаптар дәстүрлі дінімізді дәріптеуде таптырмас құрал болмақ. Әлі де атқарар жұмыс көп. Барша азамат осындай ортақ мақсаттар жолында бірлесе қызмет етуі керек. Жастарды жат ағымнан сақтандыру – баршаға ортақ іс.
– Біздің халық алдындағы басты міндетіміз – жұртымызды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю, ізгі қоғам құруға үлес қосу. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылды “Ислам және ізгі қоғам” жылы деп жариялады. Осы жыл аясында қоғам игілігіне арналған бірқатар іс-шараны жүзеге асырып келеміз. Ислам барлық адамзатты ізгілікке, жақсылыққа шақырады. Бірлік пен берекеге шақыру – қазақ халқының қанында бар қасиет. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз адамның кемелдікке жетуі үшін төрт шартты атап өткен. Олар – кеңістік, уақыт, бауырмалдық, өзара ынтымақтастық. Міне, осы құндылықтар болған кезде қоғам да, адам да бақытты болады, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Елордалық мейман “Қызылжар” орталық мешітінің жас шәкірттерімен кездесіп, “Munara TV” телеарнасының өңірлік филиалының ашылу рәсіміне қатысты. “Munara TV” – халықтың діни сауатын арттыруды, жас көрермендердің бойына имандылық, адамгершілік, патриотизм сынды құндылықтарды қалыптастыруды көздейтін арна. Діни басқарманың төл телеарнасы мен радиосын ашу 2020-2025 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасында да жазылған. Осы бағытта басқарма медиа саласындағы жұмыс ауқымын ұлғайтуды көздеп отыр.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл телеарнасы “Munara TV” халқымызға дініміз бен дәстүрімізді насихаттап келеді. Төл телеарнамыздың жұмыс ауқымын ұлғайту мақсатында Петропавл қаласында филиалын ашып отырмыз. Бұл студияда әзірленген тележобалар халқымыздың рухани дамуына оң ықпал етеді деген сенімдемін, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жұмыс сапары барысында Бас мүфти мешіттегі жас шәкірттермен кездесіп, өрендердің білім мен ғылым жолындағы қадамдарына сәттілік пен береке тілеп, ақ батасын берді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”