«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Елорда төрінде – Қызылжардың өнімдері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күз – диқандардың астығын қамбаға құйып алатын, малсақ жандардың, шаруа қожалықтарының төрт түлігін семіртетін, ауыл тұрғындарының қосалқы шаруашылықтарындағы, бау-бақшаларындағы көкөністері мен жеміс-жидектерін жинайтын, оларды саудаға шығаратын, өңдейтін кезі. Жаз бойғы маңдай тердің өтеуі ретінде олар кеткен шығындарының, еңбектерінің пайдасын көруі үшін ақылға сыйымды бағамен өнімдерін саудалайтын орын іздейтіні анық. Бұл баға ырық бермей жатқан қазіргі уақытта өзекті болып отыр.

Астана қаласының әкімдігі соңғы жылдары қыркүйек-қазан айларын­да еліміздің барлық өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жәрмеңкесін өткізуді игі дәстүрге айналдырған. Қазір хал­қының саны 1 миллион 200 мыңнан асқан Астана жұртшылығының көпшілігі осындай жәрмеңкеден тиімді баға­мен өзіне қажетті өнім­дерді сатып алуға асығады. Мұндай іс-шараның екі тарапқа да тиімді екенін уақыт өзі дәлелдеп отыр. Арнайы кестеге сәй­кес, әр демалыс күндері екі облыс­тың өнімдерін тиеп алған көліктер керуені Астанаға бет түзейді.

14-15 қазан күндері Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері елорда­лықтарға өз өнімдерін ұсынды. Астана қалалық әкімдігінің ресми сайтында жарияланған деректерге сүйенсек, бұл күні біздің облыстың аграршылары елорда қонақтары мен тұрғындарына 100 тонна ет, 495 тонна картоп пен көкөніс, 33 тонна сүт өнімдері, 120 мың дана жұ­мыртқа, 5 тонна балық, 10,5 тонна бал, 7 тонна шұжық пен 75 тонна ұн мен макарон өнімдері, 12 тонна басқа да өнімдер ұсынған. Ауылдың таза өніміне деген сұраныс қашан да жоғары екені дәлелдеуді талап етпейтіні сөзсіз. Құны да базар бағасынан біршама арзан. Бұл жәрмеңкелерді тіпті елордалық кейбір тұрғындар “тоқшылық тойы” деп те атап жатады. Астанадағы жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан жәрмеңкелер тек тауарды сату орны ғана емес, сонымен қатар әр өңірдің жергілікті өнімінің сапасы мен алуан­дығына берілер өзіндік бағаның көрсеткішін де шығаратын жер. Бұл сондай-ақ, өндірушілерге, одан әрі дамуда маңызды рөл атқаратын ас­та­налық тұтынушылардың кірпияз талғамына сай, кері байланыс ор­натуға да мүмкіндік бермек.

Жерлестеріміздің елорда төрін­дегі жәрмеңкедегі жай-күйімен та­ныспақ ниетпен Қызылжар өңірінен жеткізілген өнімдер жайылған сауда сөрелері орналасқан жерге жеттік. Жəрмеңке сенбі-жексенбі күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін өтті. Ол Тәуелсіздік даңғылы бойындағы Бейбітшілік пен келісім сарайының қарсы бетіндегі Хазірет Сұлтан мешіті мен Ұлттық мұрағат ғимараты арасында орналасқан Қазақ ұлттық өнер универсиетінің алдындағы алаң болатын. Бұл күні ауа райы да оң қабақ танытып, астаналықтарды мезі қылатын жел сәл саябыр­лығандай. Алаңның маңайына тоқтаған көліктердің санында есеп жоқ, ал қоларбаға, сөмкелеріне сатып алған өнімдерін тиеп алған адамдар арасынан иық тиестіре әрең өтіп, ондағы келушілердің сұранысын бақылап қайттық. Бұл жәрмеңкеге облысымыздағы он үш ауданның ауыл шаруашылығы та­уарларын өндірушілері мен Петропавл қала­сындағы өңдеуші кәсіпорындардың өкілдері ат терлетіп келіпті.

Қаз-қатар орналасқан сауда сө­релеріндегі экологиялық таза, таби­ғи өнімдерден көз сүрінеді. Қай жер­дің өнімі екендігі, бағасы көрсетіл­ген. Біз жылқы етін сатып алып жатқан адамды сөзге тарттық.

– Мен Уәлиханов ауданының ту­масымын. Зейнеткерлер қатарына қосылғанша ауылда тұрып, мал бақ­тым. Астанадағы балалардың, не­ме­релердің қасына көшіп келгеніме бес жылдай уақыт өтті. Ауылдың дәміне не жетсін! Соғымды ауыл­дағы таныстарымнан аламын. Қа­зақта “күздік” деген ұғым бар емес пе? Сондықтан жерлестерімнен жылқы етінің килограмын 2500 теңгеге сатып алып жатырмын. Астананың базарларында жылқы етінің килограмы 3700 теңге, біз секілді зейнеткерлердің қалтасын қағады. “Қызылту” ұн комбинатының 10 килограмдық ұнын 2200 теңгеге сатып алдым, – деген Төкен Дәу­лиев толуға жақындаған қолар­башасын мақтанышпен көрсетті.

Біздің көзімізге сөреге жайылған бал өнімдері түсті. Бұл Қызылжар ау­данынан келген “Степураның от­басылық омартасы” кәсіпорнының өнімдері екен. Сатушы Олег Ива­нович бал өндіру олардың отбасы­лық кәсібі екенін айтты. Оның арғы атасы омарташылықпен сонау 1908 жылдан бастап айналысқан. Бұл кәсіп ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, 2022 жылы асыл тұқымды бал кәсіпорны мәртебесін алыпты. Жәрмеңкеге әкелінген балдың бес түрі кило­грамы 2000 теңгеден саудаланып жатты. Көптеген ауруға ем болатын балды сатып алушылар аз бол­мады.

Бірнеше қойдың ұшасы ілініп тұрған сөренің қасындағы жігіт өзін Жангелді Есілбаевпын деп таныс­тырды. Ол Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылынан келіпті, жәрмеңкеге әкелінген қойларының екеуін сатып үлгерген. Ауылдағы жеке шаруашы­лығында 300-ден астам қойы бар екен. Жәрмеңкеде қой етінің ки­лограмын 2200 теңгеден саудалап жатыр. Есілбай қойлары ұшасының еті 35, ал қазақы қойлардікі – 25 килограмға дейін жетеді. Біздің әңгімеміз аяқталмай жатып кезекті сатып алушы қойлардың ұшаларын қарап шығып, біреуін таңдады.

– Осы айдың соңында туған інімнің баласы шаңырақ көтереді. Тойға келген құдаларды шақырып, туған жердің дәмін татқызғым ке­леді. Өзім Жамбыл ауданының ту­ма­сымын, құдалар оңтүстік өңірден. Оның үстіне алған қойымды қазақы дәстүрмен мүшелеп береді екен, үйітілген басы бар. Қызылжар өңі­рінің шүйгін шөбіне жайылып, суын ішіп семірген бұл қойдың еті кез келген дастарқанның көркі ғой. Бүгін жәрмеңкеге келгенім қандай жақсы болды, – деген Сырым Тоқпанов бірден есеп айырысты.

Жәрмеңкеде сиыр еті 2200 теңгеден, қырыққабат 120 теңгеден, картоп 90-100 теңгеден, күріш 580 теңгеден, сары май 3500-4000 тең­геден, қарындағы май 5000 теңгеден саудаланып, басқа да өнімдер өз сатып алу­шыларын тауып жатты.

Жәрмеңкенің орта тұсындағы ұзын-сонар кезектің соңында тұрған келіншектен жөн сұрастық. “Бәріміз Булаевтың майын алмақшымыз, өте дәмді, алсаңыз ұтылмайсыз”, – деп кеңес берді. Булаев май зауытының өнімдері астаналықтар арасында өте танымал десек қателеспейміз. Оған кәсіпорынның Астана қаласын­да бірнеше фирмалық дүкендерінің болуы дәлел. Оларға апта сайын зауыттың жаңа өнімдері жеткізіліп тұрады. Салмағы 200 грамдық орамадағы өнімнің майлылығы – 72,5 пайыз, сақталу мерзімі – 70 күн.

Мұндай жəрмеңкелердің тағы бір ерекшелігі – ауылдың дəмін са­ғынған астаналық ағайынға тап­тырмас мүмкіндік екендігіне айқын көз жеткіздік. Бұл жәрмеңке ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру­шілер үшін өнімдерін сатуға мүм­кіндік берсе, қала тұрғындарына нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен азық-түлік сатып алуда тиімді болып отыр. Сатып алушылар ара­сында аға буын өкілдерін көп кез­дестірдік.

Тәуелсіздік даң­ғылы тұсында арнайы жасақталған биік сахнада солтүстікқазақстандық және шығыс­қазақстандық танымал әншілер мен өнер ұжымдарының өкілдері ән мен күйден шашу ша­шып, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp