«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУРИЗМ – ТАБЫСТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ар­наған Жолдауында еліміздің туризм саласындағы әлеуеті жоғары, осы салаға ден қою керек екенін айтты.

Туризм – Қазақстан экономика­сындағы қарқынды салалардың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікі­рін­ше, қазіргі кезде туризм әлемдік экономикадағы табысты саланың бі­ріне жатады. Көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұ­мыс орнын құруға және сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етеді. Соңғы жылдары туризмнің ма­ңызы артты. Оның турфирмалар, кө­лік түрлері, мейманхана кешендері, демалыс үйлері, санаториялар, ұлт­тық парктер, тамақтану саласы сын­ды 32 салаға жанама ықпалы бар. Яғни әлем бойынша  он адамның то­ғызы туризм саласында жұмыс іс­тейді.

Президент Қасым-Жомарт То­қаев: “Тағы бір маңызды мәселе. Үкі­мет және Парламент туризмді дамы­ту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең ал­дымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапа­сын түбегейлі жақсарту қажет”, – деді.

Солтүстік Қазақстан облысы – ай­дын көлдері көп,  жазық даласы да,  орманы да бар табиғаты ғажап ай­мақ. Одан бөлек, бізде туристерге қы­зықты болар тарихи-мәдени орын­дар да жетерлік. Сол себепті өңірде мәдени, экологиялық, тарихи-танымдық, тіпті діни туризм жақсы да­мып келеді. Біраз уақыт бұрын өңір­де “QYMYZFEST” фестивалі өткізіл­ді. Ол дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын іс-шараға ай­нал­ды. Шараның басты мақсаты – қа­зақ халқының мәдениеті мен дәстү­рін насихаттау. Жобаның идеясы “Қызылжар жастары” атты қоғамдық жастар ұйымына тиесілі. Олар Сол­түстік Қазақстанның ерекшелігі мен мәдениетін бар әлемге танытатын эксклюзивті іс-шара ұйымдастырды. Фестиваль барысында дәстүрлі жәр­меңке, аттар карнавалы, спорттық жарыстар, ас тарту байқауы өтті. Жалпы мерекенің тақырыбы өңірдің тарихымен тығыз байланысты.

Бұдан бөлек, облысымызда ел тарихына археологиялық жаңалық ен­гізген Қызылоба кесенесі бар.  2019 жылы Уәлиханов ауданындағы Сілеті өзенінің төменгі жағынан Ал­тын орда дәуіріне тиесілі ежелгі ке­сене мен кірпіш өндіретін пештің қал­дықтары табылды. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универ­ситетінің оқытушылары мен студенттері, Әлкей Марғұлан атындағы Пав­лодар мемлекеттік педагогикалық университетінің “Margulan centre” орталығы бірігіп, зерттеу жұмыста­рын жүргізді. Қазіргі кезде тарихи ту­ризм үшін облысымыздың осы ауда­нындағы қазба жұмыстарын мақта­нышпен көрсете аламыз.

Президент сонымен қатар ту­ризм саласына көбірек инвестиция тартуды тапсырды. Осы ретте Мем­лекет басшысы “Кәсіпкерлер туризм­нің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвес­тицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны не­ғұрлым көп болса, жұмыстың нәти­жесі де соғұрлым тиімді болмақ”, – деп атап өтті.

Осы орайда солтүстікте туризм қалай дамып жатқанын, өңірге ту­рис­терді тартуда қандай жұмыстар атқа­рылғанын айтып өтсек артық бол­мас. Қазір ту­ризмнің жаңа феномені ретінде трансұлттық туристік бағыт­қа сұра­ныс көбейді. Шекаралық ай­мақта ор­наласқандықтан, бізге ту­ризмді дамыту өте қолайлы. Біздің облыстың көрікті жерлері тек қана өңірдің ту­рис­терін ғана емес, өзге­лердің де қы­зығушылығын тудыра­ды. Әсіресе Шалқар, Имантау көлде­рі – көпшілік­тің қызығушылығын ту­дыратын ға­жайып жер. Ол мемлеке­тіміздегі та­нымал туристік орындардың қата­рына енді. Мысалы, Пет­ропавл қаласында қыс мезгілінде ша­ғын шаңғы базасы, ал Имантау өзе­нінде яхта клубы бар. Туристер ара­сында кемпинг пен автокараванинг үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар өңірде аңшылық туризмі де жақсы дамып келеді. Дәстүрлі аңшылықтан бөлек, спорттық аңшылық сынды бас­қа да түрлері бар. Қызылжар ауда­нында республикалық бүркіт, сұң­қар, қар­шы­ғамен аң аулаудан турнир өткізу дәстүрге айналды. Шара ар­қылы ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, шетел азаматтарын қызықтыруға зор мүм­кін­дік бар.

Мемлекет басшысының тапсыр­масына орай туризмді дамытуға ар­налған арнайы тұжырымдама әзірленді. Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі дайындаған бұл құжат 2023-2029 жылдар аралығын­да жүзеге асырылады деп күтілуде. Тұжырымдаманың басты мақсаты – туризмді елдің экономикалық дамуының басым бағытына айналдыру. Атап айтқанда, осы саладағы жұмыспен қамтылған азаматтары­мыздың санын 800 мыңға дейін, ал саладағы жалпы қосымша құн көлемінің өсімін 6 трлн. теңгеге дейін ұлғайту. Қонақ үй және тамақтану қызметтеріндегі инвестиция өсімін 260 млрд. теңгеге дейін арттыру жос­парланып отыр. Тиісті көші-қонды бақылау “eQonaq” электронды жүйесі және арнайы мобильді қосымша­ларды енгізу арқылы іске асады. Сондай-ақ уәкілетті органдармен бірлесіп, визалық, көші-қон саясатын либерализациялауға байланысты тәуекелдердің алдын алу жөнінде іс-шаралар қабылданады. Мыса­лы, Имантау-Шалқар курортты аймағын дамыту аясында оның туристік-рекреациялық қызметінің жол картасын әзірлеу жоспарланып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерін туристердің жүріп-тұру маршруттары туралы хабардар ету бойынша талап енгізіледі. Бұл ақпарат іздеу іс-шараларын уақытылы ұйымдастыру және қажет болған жағ­дайда медициналық көмек көрсету немесе эвакуациялау үшін аса ма­ңызды. Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша туристік жолдарды таңбалау жөніндегі стандарт қабылданады. Маршруттарды бөлу туристердің даярлық деңгейі мен күрделілігіне қарай жүргізіледі. Әр санат белгілі бір түске сәйкес жасалып, соқпақтың басында оның күрделілігі және туристке қажетті талаптар туралы ақ­парат орналастырылады. Деректер, ақпараттық қалқандар мен стендтер­ді орнату туристерге дұрыс бағыт-бағдар алуға және саяхаттың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ұйымдастырылған ішкі ту­ризмді ынталандыру үшін қолданыс­тағы “Kids go Free” бағдарламасы­мен қатар туристік кэшбек енгізіледі. Мәдени-танымдық туризм, агроту­ризм, әлеуметтік, медициналық, эко­логиялық, іскерлік, балалар-жасөс­пірімдер және туризмнің басқа да түрлері дамитын болады. Егер ту­ризмнің әрбір басым бағытын жеке қарастыратын болсақ, онда экоту­ризмді дамыту үшін экотуризм субъектілерін ерікті сертификат­тауды енгізу, сертификатталған қо­нақ үйлерді онлайн-брондау плат­формасын құру, табиғатқа ұқыпты қа­рау жөнінде ақпараттық науқан жүргізу жоспарда бар. Агротуризм саласында болашағы зор орындарды анықтау және ауыл тұрғындары үшін оқыту іс-шаралары жүзеге асырыла­тын өңірлерге барып далалық зерт­теулер жүргізіледі. Агротуризмде қызмет көрсететін субъектілердің ті­зілімін жасау және жүргізу, өңірлерге инвестиция тарту, ауылдардың ин­фрақұрылымын жақсарту және ау­мақтар брендингін дамыту жоспар­ланып отыр. Фермерлерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде агротуризммен айналысуға мүмкін­дік беру бөлігінде заңнаманы же­тілдіру қарастырылады. Этногра­фия­лық туризмді дамыту осы сала­да шағын бизнесті жүргізу мүмкін­діктері туралы ақпарат тарату, Қазақстанның табиғи, мәдени және та­рихи жерлерімен байланысты қазақ аңыздарының иллюстра­ция­ланған жинақтарын шығару, сондай-ақ қол­өнершілікті дамыту арқылы жү­зеге асырылатын болады. Атап айт­қанда, қолөнершілікті дамыту саласында­ғы нормативтік құқықтық акті­лер жетілдіріледі, Қазақстан қолөнер­шілерінің ұлттық тізілімі қалыптас­тырылады және олардың мәрте­бесі бекітіледі. Сондай-ақ басым туристік орындарда қолөнер шеберха­наларының желісін ашу, ұлттық және өңірлік кәдесый өнімдерінің стандар­ты мен көрнекі сәйкестігін әзірлеу, қолөнер өнімдерін сатуға арналған бірыңғай маркетплейспен қолөнер бойынша қолданыстағы онлайн-платформаларды біріктіру, Қазақ­станда қолөнер саласында өзін-өзі реттейтін ұйым құруға жәрдемдесу жоспарланған. Президенттің тап­сырмасы бойынша алдағы уақытта осы аталған жоспарлар түгелімен жү­зеге асырылып, еліміздің туризм са­ласын дамытуға өңіріміз зор үлес қосады деген сенімдеміз.

Сайран ХАМЗА,

“Солтүстік Қазақстан облысы мейрамханалар мен мейманханалар иелері қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp