“AMANAT” партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесі Мағжан Жұмабаев ауданында азаматтарды қабылдады. Аудан орталығы мен көрші ауылдардың 20 тұрғыны тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, әлеуметтік қорғау, байланыс, газбен қамтамасыз ету саласына қатысты мәселелерді көтеріп, заңгерлік кеңес алды.
Аудан орталығының тұрғыны Наталья Кучерявая Булаево қаласында “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы жүзеге асырылса деп сұрады. Қазіргі уақытта мұнда 4 мектеп, аудандық аурухана және бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана жұмыс істейді. Алайда қалада білім беру мен денсаулық сақтау саласында кадр тапшы. Қазіргі кезде 4 дәрігер, 3 медбике, 2 фельдшер, 3 педагог қажет.
“Жас мамандар мұнда жіберілмейді, өйткені аудан орталығы қала мәртебесіне ие. Оларды тарту үшін Булаево қаласына ауыл мәртебесін берген жөн”, – деді Наталья Кучерявая.
Осы ретте қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері бұл мәселені жергілікті тұрғындар шешуге тиіс екенін айтты. Дегенмен “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының шарттарын қайта қарау туралы өтініш міндетті түрде қаралатын болды. Ол үшін Ұлттық экономика министрлігіне тиісті сұрау жолдау қажет.
Ауыл тұрғындарын жол құрылысы қатты толғандырады. Мысалы, ауданның 11 тұрғыны Булаево қаласында, Возвышенка, Бастомар, Қарақоға, Пролетарка, Чистовское, Қарағанды ауылдарында кентішілік және аудандық жолдарды жөндеу мәселесін шешу туралы өтініш білдірді. Құзырлы орган мамандарының айтуынша, барлық айтылған учаскелер бойынша техникалық құжаттама бар. Тиісті қаражат бөлінсе, биыл және келесі жылы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Бұл күні партия өкілдерінен бөлек облыстық білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшылығы азаматтарды қабылдады. Өткен жылдың басынан бері мобильді қоғамдық қабылдау 59 елді мекенге барып, тұрғындардан түскен 492 өтініш бойынша жұмыс істеді.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.