«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗГІ ҚОҒАМҒА АПАРАР ЖОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапарымен келді.  Бас мүфти “Иманды ел – ізгі қоғам кепілі” тақырыбында өткен республикалық конференцияға, Мәуліт кешіне қатысып, уағыз айтты.

Қоғам жік-жікке бөлініп, дәл қазіргідей екіұшты күй кешіп тұрған уақытта адамның ішкі жан дүние­сіне рухани азық беріп, қоғамның әрбір мүшесін сабырға, төзімділік пен әдептілікті сақтауға күші жететін құндылық болса, ол – имандылық. Мәуліт мерекесіне қатысқан Бас мүф­ти бала тәрбиесіне қатысты әң­гі­ме қозғады. 

Оқушылар сарайында өткен конференцияда зиялы қауым өкіл­дері жастарды деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясынан сақтандыру, жас буын өкілдерін құ­мар ойындарға тәуелділіктен құтқа­ру, қоғамда дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттаудың маңызы сынды тақырыптарда ойларын ор­таға салды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәлеметінше, қазір имамдар халықтың діни сауатын ашу, жастарды деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясынан сақтандыру бағыттары бойынша ауқымды іс-шараларды жүзеге асы­рып келеді. Жастарды деструктивті діни ағымдардың теріс идеология­сы­нан сақтандыру – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі бағыттарының бірі. Бұл – асыл міндет. Мүфтият­тың діни оңалтуға жауапты маманда­ры өткен жылы қоғамдық орындар мен түзеу ме­кемелерінде 9928 жеке кездесулер өткізді. Оның нәтиже­сін­де  773 адам қазақстандық қоғам құн­дылық­та­рына бейімделді және 704 адам деструктивті діни ағым идеоло­гиясынан бас тартты. Бүгінде мүфтият жанынан құрылған ғұламалар, ақсақалдар, сарапшылар кеңесі жастарды жат діни ағымдардан сақтандыру жұмыстарына белсене араласуда. Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасы ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі Ислам құндылықтарын үздіксіз дәріптеп келеді. Осы бағытта мүфтият “Дәстүрлі Ислам жауһарлары”, “Дін мен дәстүр”, “Их­сан – рухани тәрбие негізі”, “Толық адам” кітаптарын шығарды. Жыл соңына дейін “Ислам энциклопедиясының” І, ІІ, ІІІ томдары, “Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсыл­мандық мектеп”, “Дін мен дәстүр ІІІ” еңбектері жарық көреді. Аталған кітаптар дәстүрлі дінімізді дәріп­теуде таптырмас құрал болмақ. Әлі де атқарар жұмыс көп. Барша азамат осындай ортақ мақсаттар жолында бірлесе қызмет етуі керек. Жастарды жат ағымнан сақтандыру – баршаға ортақ іс.

– Біздің халық алдындағы басты мін­детіміз – жұртымызды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю, ізгі қоғам құруға үлес қосу. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылды “Ислам және ізгі қоғам” жылы деп жариялады. Осы жыл аясында қоғам игілігіне арналған бірқатар іс-шараны жүзеге асырып келеміз. Ислам барлық адамзатты ізгілікке, жақсылыққа шақырады. Бірлік пен берекеге шақыру – қазақ халқының қанында бар қасиет. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз адамның кемелдікке жетуі үшін төрт шартты атап өткен. Олар – кеңістік, уақыт, бауырмалдық, өзара ынты­мақ­тастық. Міне, осы құндылықтар болған кезде қоғам да, адам да бақытты болады,  –  деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Елордалық мейман “Қызылжар” орталық меші­тінің жас шәкірттерімен кез­десіп, “Munara TV” телеарнасы­ның өңірлік филиалының ашылу рәсіміне қатысты. “Munara TV” – ха­лықтың діни сауатын арттыруды, жас көрермен­дердің бойына иман­ды­лық, адамгер­шілік, патриотизм сын­ды құндылық­тарды қалыптас­тыруды көздейтін арна. Діни басқарманың төл теле­арнасы мен радиосын ашу 2020-2025 жылдарға арналған стра­тегиялық даму бағдарла­ма­сында да жазылған. Осы ба­ғытта басқарма медиа саласындағы жұ­мыс ауқымын ұлғайтуды көздеп отыр.

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл телеарнасы “Munara TV” халқымызға дініміз бен дәстүрімізді насихаттап келеді. Төл телеарнамыздың жұмыс ауқымын ұлғайту мақсатында Петропавл қа­ласында филиалын ашып отырмыз. Бұл студияда әзірленген тележоба­лар халқымыздың рухани дамуына оң ықпал етеді деген сенімдемін, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жұмыс сапары барысында Бас мүфти мешіттегі жас шәкірттермен кездесіп, өрендердің білім мен ғылым жолындағы қадамдарына сәт­тілік пен береке тілеп, ақ батасын берді.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp