Биыл Қызылжар өңірінің асыл перзенті Әбу Досмұхамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілгеніне 80 жыл толды. Осыған орай облыс орталығында ғылыми-практикалық семинар өтті.
Іс-шара “AMANAT” партиясының өңірлік филиалының қолдауымен, “Світанок” Солтүстік Қазақстан облысындағы украин мәдениеті орталығы” қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылды.
“Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік жасаған Әбу Досмұхамбетовтің есімін құрметпен еске аламыз. Оған Украина жерінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Әбу Досмұхамбетовтің есімі туған өлкесінің тыныштығы үшін өмірін қиған батыр ретінде қазақ халқының есінде мәңгі қалады”, – деп атап өтті М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың PhD докторы Әсемгүл Темірханова.
Шара барысында қазақ жауынгерінің кеңес халқының жеңісіне қосқан үлесі жайлы әңгіме өрбіді. “Қорған облысының қазақ мәдени автономиясы” ҚБ төрағасы Қайрат Оралов, Қорған облысы Петухов ауданының мәдениет бөлімінің бастығы Татьяна Горохова, Ұлттық ұлан академиясының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс циклінің бастығы, полковник Болат Смағұлов және университет студенті Салтанат Қоспанова батыр жайлы оқығандарын, білгендерін айтып, танымдық шараның мазмұнын ашты.
Семинарға қатысушылар батырдың гимназия-интернат алдындағы мүсініне гүл шоқтарын қойып, білім ордасындағы мұражайды тамашалады.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.