Еңбек – салаға, мамандыққа бөлінбейді, бәріне ортақ ұғым. Сондықтан еңбек адамының қоғамдағы орны ерекше, абыройы биік. Адам еңбекпен өседі, өнеді. Дегенмен халық арасында көп елене бермейтін мамандықтар бар. Олардың жұмысы – жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап етеді. Соның бірі – слесарьлар.
Сұранысқа ие мамандықты игерген Асхат Жүнісов еңбек жолын 10 жылдан астам уақыт бұрын бастаған. Ол 2007 жылы Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжіне автомеханик мамандығына түседі. Кәсіптік білім алған жас жігіт 2011 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанады. Елге оралғасын “Меңгесер” машина-трактор шеберханасына жұмысқа орналасады. Содан бері осы салада өнімді еңбек етіп келеді. Алдыңғы буын ағалардың тәлімін алып, тәжірибе жинақтаған ол қазір өз ісінің білікті маманына айналды.
“Әр саланың өз қиындығы болатыны белгілі. Қазір техниканың бәрі жаңаланған, дегенмен оны күтіп ұстау – біздің міндетіміз. Әр жұмысты жауапкершілікпен атқару керек. Ал жүктелген міндетті сапалы және уақтылы орындау үшін әр жұмысшы өз денсаулығына мән бергені жөн. Ауыр жұмысты атқару үшін мықты денсаулық керек. Қажырлы еңбекті қажет ететін бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін”, – дейді Асхат Айтбайұлы.
Бақыттың кілтін еңбектен тауып қана қоймай, өңіріміздің өндірісін өркендетуге үлес қосып жүрген кейіпкеріміз ‒ үш баланың әкесі. “Адал еңбек етіп, оның жемісін көру біздің отбасымызға шынайы қуаныш сыйлайды. Жауапкершілік кез келген маманды биік белестерге жеткізетінін балаларыма айтып отырамын”, ‒ дейді еңбек адамы.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.