«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЖЕРДЕН ЖЫРАҚ КЕТКЕНДЕР немесе Қызылжар жастары ірі қалаларға қоныс аударуға неге асық?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бойдағы жастық жалын, айқын мақсат, асқақ арман жас жүректі бұл­қындырмай қойсын ба? Даму мүм­кін­дігі мол, заман игіліктері қолже­тімді ірі қаладағы жайлы өмір көп жастың арманы екені анық. Содан да болар мектеп бітірген, қолына диплом алғандардың басым бөлігі ірі қалаларға асығады. Миллионнан аса тұрғыны бар ірі қалалар жас­тардың ойындағысын жүзеге асы­рып, өз саласында биіктен көрінуі үшін қолайлы жер. Ондағы жоғары табыс, бәсекелестік, таңдаудың көп­тігі кімді болсын қызықтырмай қой­майды.

Еліміздегі мегаполистерден бөлек, шетел асып, қарт құрлық пен мұхиттың арғы жағындағы мемле­кеттерге бет түзейтіндер қаншама. Жастарымыз ертеңін ойлап, даму жолын іздеп қоныс аударып жатса несі айып дерсіз? Алайда жыл сайын қарқын алып келе жатқан бұл үрдіс кей өңірлерге салқынын тигізу­де. Астана, Алматы сияқты үлкен қалалар мен халқы көп өңірлердің осында жиналатын талантты, білім­ді жастардың күшімен көркейіп жат­қаны көңіл қуантады. Алайда жастар үлесі азайып келе жатқан шекара­лық өңірлерге қайтпек керек?

Өткен айда Ұлттық статистика бюросы әр өңірдегі жастар үлесі жайлы деректерді жариялады. Өңір­дегі жастар көші-қонына қатысты ахуалды осы көрсеткішке қарап-ақ бағамдауға болады. Онда еліміздегі ең “жас” өңірлері ретінде Түркістан, Маңғыстау облыстары көрсетілген. Ондағы халықтың орташа жасы 28-ге жуықтайды. Ал ең “кәрі” өңір – Сол­түстік Қазақстан облысы деп танылған. Теріскейліктердің орташа жасы 38,9-ды құрайды. Бұл жалпы ел бо­йынша көрсеткіштен (32,1 жас) әлде­қайда алшақ. Биылдан бастап жастар категориясының 14-35 жас аралығында бекітілгенін ескерсек, өңірімізде тұрып жатқан халықтың басым бөлігінің егде жастағылар еке­нін көрсетеді. Тізімде өңіріміздің ең соңғы орында тұруы Қызылжардағы жастар саясатының әлі де болса жолға қойылмағанын, кей бағдарла­ма­лардың тиісті нәтиже бермей жатқанын аңғартады. Мұның бәрін бел­сенділер, түрлі ұйым өкілдері мен жастар ресурстық орталықтарының мамандары айтып-ақ жүр. Алайда нақты шаралар қабылдау кешеуіл­деп жатыр. Кейінгі буынның көкей­кесті мәселелері көтерілгенде табан­дылық танытып, тұрлаулы іске бастамашы болып жүргендер сирек.

Қызылжар жастарының өзге аймақтарға жаппай қоныс аударуы соңғы 20 жыл бойы жалғасып келе жатқан үрдіс. Әсіресе ауыл жаста­рының азаюы елді мекендердің ер­теңіне көлеңке түсіруде.

Солтүстікқазақстандықтардың бірі оқу іздесе, бірі лайықты жұмыс іздеп туған жерден жырақ кетеді. Мұндағы табыстың аздығы, бәсеке­лес­тіктің төмендігі, жастар көп таң­дайтын жаңа мамандықтар бойынша жұмыс орындарының тапшылы­ғы көші-қонға түрткі болуда. Бұл рет­те өңірден кеткендерге сұрау салып, кетуінің себебін біліп жатудың өзі артық. Басқасын былай қойғанда жұртшылық облыс орталығының өзінде қолайлы жағдайдың жасал­ма­ға­­нын, жастарға арналған іскерлік, шы­ғармашылық ортаның қалыптаспа­ғанын жиі айтады. Кейінгі буынның қызығушылығы ауған ІТ сала мен креативті индустрия да тәй-тәй басып келеді. Бір­неше жүз мың тұрғыны бар қалада­ғы көңіл күй осылай болса, өзге аудандар мен ауылдардағы ахуал тіптен ушыққан. Осылайша соңғы 22 жылда өңір халқы 179 мың адамға азайған. Өт­кен жылдың өзінде-ақ қайыңдар өл­кесінен 3 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Биылғы жылдың алты айы­ның өзінде тұрғылықты жерін ауыс­тырғандар саны 3,6 мыңға жетіпті. Көрсеткіштің осылайша кері кетуі не­гізінен басқа қалаларға ағылған жас­тардың есебінен орын алып отыр­ғаны өкінішті.

Ел жастарының әл-ауқатын, жай-күйін бақылап отыратын жас­тар ғылыми зерттеу орталығының зерттеушілері де аталған түйткілге назар аударып, өз бақылауларының қорытындыларын жариялады. Оған сенсек өңір жастарының 60 пайызы мұндағы өздеріне жасалған жағдай­ларға қанағаттанбайды. Кейінгі буын өкілдерінің көбі азаматтық қо­ғамның дамуына, құқықтардың сақ­талуына, спорттың қолжетімділігіне, мансап мүмкіндіктерінің болуына алаңдаушылық білдіреді. Бұл ретте өзге этнос өкілдерінің шетелге кетуге, ал қазақ жастарының ішкі көші-қонға бейім екенін атап өткен жөн. Қы­зылжарлық қыз-жігіттердің 12 пайы­зы басқа қалаға, 10 пайызы өзге елге көшуге ниетті екендіктерін жеткізген. Сонымен қатар зерттеушілер жас­тардың қай аймаққа көшуді қалай­тыны жөнінде де сауалнама жүргіз­ген. Оған ел бойынша қатыс-қандар­дың басым бөлігі Алматы, Астана қалаларын таңдаса, тек 1,3 пайызы ғана Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударғылары келетінін көр­се­тіпті. Зерттеуге қатысқан жерлесте­ріміздің 44 пайызы қазір болмаса да болашақта шетелге көшу туралы ойлары барын жасырмаған. Біздегі жастарды жұмыспен қамтудың ман­дымай тұрғаны рас. Мұны өңірімізде жұмыс табуда үнемі немесе кей жағ­дайларда қиындықтар бар деп са­найтын 74 пайыз жас­тардың жауабы да қуаттайды. Олар­дың 58 пайызы жұмысқа орналасу­дағы кедергі ретінде табыстың аздығын, 26 пайызы өз саласына сай бос жұмыс орнының болмауын көрсеткен. Сарапшылар­дың басым бөлігі ең алдымен тұрғындардың шетелге кетуіне алаңдаушылық білдіріп, бұл ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін күр­делі мәселе екенін жет­кізген. Ше­каралық өңірлердегі жас­тардың кө­шуін тежеу үшін Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне арнайы ұсыныстар берілді.

Қалай десек те өңірге жыл сайын көшіп келіп жатқан жастардың да көп екенін жоққа шығара алмаймыз. Олар негізінен білім алуға ұмтылған студенттер мен білім беру, денсаулық сақтау салаларында еңбек етуге келетін мамандар. Осындай жандардың бірі – Әлфараби Мыңбай. Жер­гілікті университетке білім алу үшін келген ол кейіннен осында тұ­рақтап қалған. Түрлі жастар қозға­лыстары мен ұйымдардың жұмы­сына атсалысқан жан бүгін де аталған саладағы мәселелерді белсенді көтеріп жүр.

– Көші-қонның өзі оқу көші-қоны, еңбек көші-қоны, ішкі, сыртқы болып бөлінеді. Өңірдегі кейінгі буын өкіл­дерінің көбі білім алу үшін өзге қала­ларға аттанады. Өйткені өңірде бір ғана жоғары оқу орны бар. Түлектер үшін таңдау аз. Мектеп бітірушілер­дің ке­туіне өңірдегі жоғары білімнің сапа­сы да әсер етуі мүмкін. Бұдан бөлек табыстың аздығын, инфрақұ­ры­­лым­ның жетілмегенін, жұмысқа тұруда­ғы кедергілерді айтуға бола­ды. Ша­рықтаған пәтер бағасы мен баспа­налы болуға арналған өңірлік бағдарламалардың жоқтығы да осы­ған себеп, – дейді ол.

Бір өкініштісі өңірге еңбек етем деп келіп, қайтадан кетіп қалатын жас мамандар да бар екен. Олар­дың біразы жергілікті тұрмыс жағ­дайына бейімделе алмай, ауылдар­да тұрақтауы қиынға соққан жандар. Жергілікті университетке оқуға түсіп кейін өзге білім ордасына ауысып кететін студенттер де жоқ емес. Алайда басқа өңірлерге, ірі қалалар­ға, шетел­дерге кеткендердің бәрінің жолы болып, бағы жанып кетпейтінін ес­керген жөн. Арманның жалы­нан ұс­тап басқа жаққа кетіп, жігері құм бо­лып кері қайтқандар қанша­ма? Қай жақта болсын жетістікке жету үшін аянбай тер төгіп, талмай оқып, тын­бай үйрену керек. Сондықтан да жас­тар көшу туралы шешім қабылдамас бұрын бос қиялға бе­рілмей, бұл мәселеге ақылдың көзі­­мен қарағаны жөн.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp