Салық, жер қатынастары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бәсекелестікті қорғау және дамыту саласындағы іс-әрекеттері кәсіпкерлер арасында әрдайым көптеген сұрақ туғызады. Көбінесе бизнес пен фискалдық органдар арасындағы даулар салыққа қатысты туындайды, кәсіпкерлер қарызды өтеу туралы хабарламаларға, тексерулер мен камералық бақылау нәтижелеріне шағымданады.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Жеңіс Қазиевтің айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан түсетін шағымның бірі – “қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару” мемлекеттік қызметін іске асыру.
Белгілі болғандай, бұл қызметтің мерзімінен бастап мемлекеттік кірістер органдары қолданатын шетелдік контрагенттермен отандық кәсіпкерлердің экспорттық мәмілелерін тексеру тәсілдеріне дейін көптеген проблемалар бар. Салық төлеуші ҚҚС қайтару қызметін пайдалану үшін салық органдарына ҚҚС-ның асып кеткен сомасын кері қайтару туралы тиісті талап қояды. Тиісінше соңғысы осы талапты алғаннан кейін мәселені тексеруге жолдайды. Өйткені онсыз ақшаны қайтару мүмкін емес. Бұл қызметті көрсету мерзімі – 55 жұмыс күні. Бұл қызмет уақытын ұзарту немесе тоқтата тұру мүмкіндігі жоқ. Біздің салық органы шетелдік салық органына хат жолдайды. Поштамен жөнелтілетін хаттың қандай процедуралардан өтетіні бәрімізге мәлім. Мысалы, хат Ресейдің салық органына жолданса, оған жауап алу мерзімі 3-4 айға дейін созылады. 55 жұмыс күнінде ҚҚС бойынша мәселесі шешілмеген кәсіпкерден салық органы қайта хат жолдауын сұрайды. Алайда екінші рет жүгінген кезде кәсіпкерден тағы да ҚҚС ұсталады. Міне, осылайша дер кезінде кері қайтарылмаған ҚҚС-ның құны өсіп, кәсіпкердің айналымдағы ақшасына зияны тиеді. Осы ретте кәсіпкерлердің шағымы орынды. Бұл жайында Мемлекет басшысы “Үкімет осы проблеманың шешу жолдарын табуға тиіс. Салық жеңілдіктері реттелуі керек”, – деді биылғы Жолдауында.
“Ең алдымен Ресей, Беларус, Қазақстан елдері арасындағы құжаттар айналымын электронды автоматтандыру қажет. Еліміздегі Салық туралы заңдағы салықтық тексеру баптарына бірқатар өзгерістер енгізілгені жөн”, – дейді Жеңіс Қазиев.
Бұдан бөлек мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасында проблема туындататын жайт – бәсекелестікті дамыту және қорғау департаментінің тексерісі. Өңір кәсіпкерлері өздерінің кінәсіз екенін дәлелдеуде көптеген кедергіге тап болады екен. Биылғы бірінші тоқсанда облыстық мамандандырылған аймақтық әкімшілік сотында екі кәсіпкердің Бәсекелестікті дамыту және қорғау департаментінің тексеру жұмысына байланысты шағымы қаралған. Екі шағым бойынша кәсіпкерлер сотта жеңіп шығыпты.
Жер қатынастарына қатысты да түйткілді мәселелер туындайды екен. “Бұл сала бойынша тиімді пайдаланылмаған жерлерді кері қайтару мәселелесі әлі де түбегейлі шешімін таппады. Облыстық жер қатынастары ресурстарын басқару департаментінің ақпаратына сәйкес, 2021-2023 жылдарда сот 4 мың гектар жерге байланысты 47 жергілікті биліктің шығарған шешімін жойған. Сонымен қатар облыстық прокуратура жергілікті атқарушы орган былтыр Жер кодексінің нормаларын бұза отырып, ауылдық елді мекендер шекарасында жалпы ауданы 60 мың гектардан астам 417 жер учаскесін заңсыз бергенін анықтады”, – деді Жеңіс Қазиев. Бұл заңсыздықтар жайылымдық жерлердің тапшылығын және халықтың жаппай наразылығын тудырғаны белгілі.
Жерге қатысты заңсыздықтар азаяр емес. Қазірдің өзінде облыстың кейбір аудандары бойынша деректер уақытылы жаңартылмай отыр. Ал жер заңнамасы бойынша тоқсан сайын жаңа деректер жолдануға тиіс. Мәселен, Айыртау және Жамбыл аудандарында 2023 жыл бойынша игерілмеген жерлерге қатысты жаңа дерек берілмеген.
“Бұл ретте мемлекеттік органдардың назарын облыс аумағында бос жер учаскелерінің аздығына, сондай-ақ аукциондар мен конкурстардың жиі өткізіліп жатқанына аударғым келеді. Жер қатынастары бөлімдері ақпаратты бөлімнің немесе аудан әкімдігінің сайтында орналастырады. Бұл қолайсыз ғана емес, сонымен қатар тәжірибесіз пайдаланушылар үшін мәлімет іздеуде қиындық тудырады. Жер заңнамасына сәйкес деректерді орналастырудың жалпы және түсінікті тәртібін реттеу қажет деп санаймыз. Бұдан басқа, Жер кодексінің нормалары бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден бастап республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда, сондай-ақ аудандарда жер учаскелерін беру жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жүйесі арқылы оның жария кадастрлық картасының жеке платформасында автоматтандырылуға тиіс”, – деген Жеңіс Қазиев жер алуға өтініш беру платформасы әлі де толыққанды жұмыс істемей тұрғанын айтты.
Бұл – бүгінгі таңда бизнестің алдында тұрған мәселелердің бір бөлігі ғана. Сондықтан кәсіпкерлік палатасы дауласудан гөрі диалог орнатуға, басқа кәсіпкерлерге де пайдалы болуы мүмкін кейстерді айтуға, өңірдегі бизнес-ахуалды жақсартуға мүмкіндік беретін мемлекеттік органдармен бірлескен шешімдер әзірлеуге мүдделі.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.