«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақыл-ой қазынасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінде профессор Серік Негимовтің “Абай ғиб­рат­намасы” кітабының та­ныстырылымы өтті. Оған мем­лекет және қоғам қайрат­керлері, Парламент Сенаты­ның депутаттары, ғылыми қа­уым өкілдері, қаламгерлер мен жастар қатысты.

Профессор Серік Негимовтің “Абай ғибратнамасы” еңбегінде ха­кімнің даналық болмысы, лидерлік мінезі, дара тұлғасы, патриоттық ой-тұжырымдары жарқын көрініс тап­қан. Кітап төрт тараудан тұрады: “Мінез – сауыт”, “Сөз келісі”, “Ар ойла”, “Шын ақыл”. Онда Абай еңбектерінің ерекшеліктері ғылыми тұрғыда жан-жақты талданады. Сонымен қатар қазақ сөз өнерінің дамуын қалыптастыруда Абай шығармаларының өзектілігін көрсетуге бағытталған.

– Республика күні қарсаңында та­рихты терең зерделеуге бастайтын өнегелі, өрісті іс-шаралар өз жалға­сын табуда. Соның бірі – ЕҰУ про­фес­соры Серік Негимовтің “Абай ғибратнамасы” кітабының танысты­ры­лымы. Қазіргі қоғам дамуы жағ­дайында және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде Абай мұра­сын зерттеудің жаңа кезеңі бастал­ды. Оған Серік Негимовтің “Абай ғиб­ратнамасы” дәлел, – деді универ­ситет ректоры Ерлан Бәтташұлы.

“Абай ғибратнамасы” кітабы “Се­німен болашақ” қоғамдық бірлесті­гі­нің қолдауымен жарық көріп отыр. Ав­тор өз еңбегінде Абайдың қағидатта­рын рухани өрлеудің, өркениет әле­мі­не жетудің кілті ретінде қарастыр­ған. Оның ұлттық және жалпыадам­заттық идеяларға бай даналық ой-тұ­жырымдары ғибраты әрі кемеңгер­лік кеңес ретінде қабылданатынын жеткізген.

– Абайдың бір сөзі – сыпайы­лыққа, бір сөзі – еңбектенуге, бір сөзі – өнер, білім, ғылымға, бір сөзі – әді­лет, арлылық, махаббатқа үндейді. Абай – көреген көшбасшы. Абай құ­дi­ретi дегенiмiз – ұлт болмысының құ­дiретi. Сол себептi Абай поэзиясы­ның таң­ға­жайып көркемдiк нақышта­ры, сұ­лулық сырлары, әдеби-эстетикалық дүниетану даралығы, образ­дық-сим­воли­калық астар-қабаттары те­ле­гей. Абай шығармашылығы – за­ман­дар мен дәуiрлер бойы жасаған халық тiлiнiң айнасы, халықтың ай­дын шалқар өмiрлiк тәжірибесi, ақыл-ой қазынасы, – деді кітап ав­торы.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған ға­лымдар автордың отандық ғы­лымды дамытуға қосқан үлесі жайлы айта келіп, бұл еңбек білім алушы сту­дент, магистрант, докторанттар мен гуманитарлық сала мамандары үшін таптырмас құрал екенін жеткізді.

Жанат МҰХАМЕДЖАН,

“Сенімен болашақ” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp