Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор Серік Негимовтің “Абай ғибратнамасы” кітабының таныстырылымы өтті. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент Сенатының депутаттары, ғылыми қауым өкілдері, қаламгерлер мен жастар қатысты.
Профессор Серік Негимовтің “Абай ғибратнамасы” еңбегінде хакімнің даналық болмысы, лидерлік мінезі, дара тұлғасы, патриоттық ой-тұжырымдары жарқын көрініс тапқан. Кітап төрт тараудан тұрады: “Мінез – сауыт”, “Сөз келісі”, “Ар ойла”, “Шын ақыл”. Онда Абай еңбектерінің ерекшеліктері ғылыми тұрғыда жан-жақты талданады. Сонымен қатар қазақ сөз өнерінің дамуын қалыптастыруда Абай шығармаларының өзектілігін көрсетуге бағытталған.
– Республика күні қарсаңында тарихты терең зерделеуге бастайтын өнегелі, өрісті іс-шаралар өз жалғасын табуда. Соның бірі – ЕҰУ профессоры Серік Негимовтің “Абай ғибратнамасы” кітабының таныстырылымы. Қазіргі қоғам дамуы жағдайында және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде Абай мұрасын зерттеудің жаңа кезеңі басталды. Оған Серік Негимовтің “Абай ғибратнамасы” дәлел, – деді университет ректоры Ерлан Бәтташұлы.
“Абай ғибратнамасы” кітабы “Сенімен болашақ” қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жарық көріп отыр. Автор өз еңбегінде Абайдың қағидаттарын рухани өрлеудің, өркениет әлеміне жетудің кілті ретінде қарастырған. Оның ұлттық және жалпыадамзаттық идеяларға бай даналық ой-тұжырымдары ғибраты әрі кемеңгерлік кеңес ретінде қабылданатынын жеткізген.
– Абайдың бір сөзі – сыпайылыққа, бір сөзі – еңбектенуге, бір сөзі – өнер, білім, ғылымға, бір сөзі – әділет, арлылық, махаббатқа үндейді. Абай – көреген көшбасшы. Абай құдiретi дегенiмiз – ұлт болмысының құдiретi. Сол себептi Абай поэзиясының таңғажайып көркемдiк нақыштары, сұлулық сырлары, әдеби-эстетикалық дүниетану даралығы, образдық-символикалық астар-қабаттары телегей. Абай шығармашылығы – замандар мен дәуiрлер бойы жасаған халық тiлiнiң айнасы, халықтың айдын шалқар өмiрлiк тәжірибесi, ақыл-ой қазынасы, – деді кітап авторы.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған ғалымдар автордың отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі жайлы айта келіп, бұл еңбек білім алушы студент, магистрант, докторанттар мен гуманитарлық сала мамандары үшін таптырмас құрал екенін жеткізді.
Жанат МҰХАМЕДЖАН,
“Сенімен болашақ” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі.