“Өңірімізде денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта облысымызда бірнеше медициналық мекеменің құрылысы жүргізілуде. Жас дәрігерлерге мемлекет, облыстық әкімдік тарапынан қолдау тетіктері қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады”. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық көпсалалы және балалар ауруханаларының дәрігерлерімен кездесуде осылай деді.
Облыс әкімі медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасымен танысып, ақ халатты абзал жандармен тілдесті. Биыл облыстық көпсалалы аурухана 29 дәрігермен толықса, ал балаларға арналған емдеу мекемесі 11 қызметкерді жұмысқа қабылдаған.
– Облыс бойынша медицина кадрларының тапшылығы 183-тен 134-ке дейін азайды. Оң динамика дәрігерлерге жағдай жасау мен көтерме ақыны 5 миллион теңгеге дейін өсірудің арқасында мүмкін болды. Өңірімізге салалық мамандарды тарту жұмысын жалғастырамыз, – деді Ғауез Торсанұлы.
Дертті ерте кезеңде анықтау және науқастарды тиімді емдеу үшін ауруханаларды озық қондырғылармен жабдықтау маңызды. Медициналық ғимараттардың жағдайына да назар аудару керек. Қазір облыстағы медициналық мекемелердің заманауи техникамен жабдықтау көрсеткіші – 65, ал инфрақұрылымның тозуы 77 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіштерді жақсарту үшін биыл заманауи қондырғылар сатып алуға 5,2, ал 27 нысанды күрделі жөндеуге 1,9 млрд. теңге бөлінді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.