«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАРТУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында қаралған мәселелер бойынша тиісті орындарға нақты міндеттер жүктеліп,  тапсырмалар берілді.

Алдымен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­масының басшысы Мақсат Баяхмет­тің есебі тыңдалды. Ол жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы жайлы айтып берді. Баяндамашы­ның сөзіне қарағанда, 2023-2024 жылдары облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға 1,3 млрд. теңге қаражат қарасты­рыл­ған, оның 400 млн.-ы қысқы ке­зеңде атқарылатын шараларға жұмсалмақ. 13 аудан бойынша 6 ұйыммен келісім жасалған. Өкінішке қа­рай, Тимирязев ауданындағы “Жасыл Есіл” мердігерлік мекемесінің өз міндеттерін орындамауына байланысты екіжақты шарт бұзылып, іс сотқа жолданған.

“Облыстық маңызы бар жолдар­дың ұзындығы 1983 шақырымды құрайды. Мердігерлік ұйымдардың қатарында “ГК Инжиниринг”, “Көк­шетау жолдары”, “Қызылжар жол­дары КЗ”, “Петропавл жолдары” секілді серіктестіктер бар. Қыраулы қыс кезінде маусымдық жұмыстарға 142 техника,  278 адам, 11 жол пайда­лану пункті сақадай-сай әзір тұр”, – деген Баяхмет Қуанышбайұлы ау­дандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 4463 шақырымға жуық­тайтынын, 11 ауданмен келісімшартқа қол қойылғанын жеткізді. 200-ге жуық ауыл шаруашылығы құ­ры­лымы 1,3 мың шақырым жол кү­тімін өз міндеттеріне алатын бола­ды. Бұдан бөлек, басқарманың ба­лансында Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік материалдық резерві қорынан алынған екі шнеко­ротор арнайы техникасы бар. Оның бірі Қызылжар, екіншісі Жамбыл ауданында орналасқан. Қиын жағдай туындаған кезде бірінші кезекте көмекке жіберіледі. 

 Баяндамашы жалпы ұзындығы 863 шақырым жол бойындағы 266 учаскені қар басып қалу ықтималдылығын жасырмады. Әсіресе Арықбалық – Чистополье, Еленовка – Арықбалық – Чистополье, Сау­малкөл – Новоишим – Червонное, Благовещенка – Қайранкөл, Покровка – Корнеевка – Горное бағыттарына баса назар аударылмақ. 140 мың шаршы метр аумақтың бұталары оталып, су өткізгіш құбырлар та­зартылған. Көктайғаққа қарсы қол­данылатын 5900 тонна материал жинақталған. Көмір, жанар-жағармай қоры жеткілікті. Әр ауданға жауапты мекемелер белгіленген.

Ғауез Торсанұлы “Қазавтожол” ҰҚ АҚ жергілікті филиалының ди­ректоры Қанат Өсербаевтан қысқы кезеңде Петропавлдан Көкшетауға дейін ақылы жол қалай күтіп ұста­латынын, өткен жылдары қатты жауын-шашын кезінде орын алған оқыс жайттар қайталанбасына қан­дай кепілдік берілетінін сұрады.  Сауалға “биыл машина-трактор паркінің 20 техникасы жаңартылды, 4 тех­ника нақ осы аймаққа бөлінеді. Жолдар тәулік бойы аршылады, мониторинг күн сайын жүргізіледі”, – деген жауап берілді.

Облыс әкімі өңірдегі автомобиль жолдары саласының қысқа әзірлі­гіне қатысты шұғыл түрде жүзеге асуы тиіс кезек күттірмейтін маңыз­ды шараларды атап көрсетті. “Үсті-басы ақ қырау кәрі құдаң басқан жері сықырлап келіп қалғанға” дейін жағдайды тұрақты бақылауда ұс­тауды қатаң ескертті. Техникаларды жаңартуға айрықша назар аударды.

“Қарлы, боранды күндері өңір бойынша 8416 шақырым жол қысқы күтіммен толық қамтамасыз етілуге тиіс. Оның 1970 шақырымы – рес­публикалық, 1983 шақырымы – об­лыстық, 4463 шақырымы аудандық маңызға ие. Былтырлары күре жол­дардың жиі жабылып, көлік қозғалы­сы шектелген оқиғалар аз кездескен жоқ. Жолаушылар ақ қар, көк мұзда қалмас үшін қысқа дайындық жұ­мыстарын бір сәтте бәсеңдетпеу ке­рек. Автомобиль жолдарын күтіп-ұс­тайтын мердігерлер уақытылы анық­талып, техникалар, жылыту бе­кеттері қар құрсауында қалған жүр­гіншілерге қызмет көрсетуге әзір тұруы, жанар-жағармай, инертті ма­те­риалдар жеткілікті түрде бөлінуі қа­жет. Техникалардың көпшілігі 2000 жылдары жаңартылған. Жол­дарды қардан аршу жұмыстарына шаруашылықтар да белсене ара­ласуға тиіс. Қыста жолдың уақытылы тазаланып, көктайғаққа қарсы шара­лардың дер уақытында жасалғанын бәрі де қалайды. Сондықтан техни­калық база толықтырылып, жолдар дер кезінде ашылып,  адамдардың еркін қатынауын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі”, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов. 

Ақжар, Есіл аудандарының бас­шылары жолдың қысқа әзірлігі жай­лы есеп берді. Оларға сыннан қоры­тынды шығарып, жағдайды тез ара­да түзету ескертілді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас­шысы Қайролла Ғалеев баяндама жасап, тұрғын үй құрылысын дамы­тудың кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

2021-2022 жылдар аралығында 606 мың шаршы метр тұрғын үй, яни 3624 пәтер қолданысқа берілген. Биыл 49 көппәтерлі тұрғын үй тұрғы­зылуда, оның 20-сы – бюджеттік,   29-ы – коммерциялық. 25-і жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.

Қайролла Төлейұлы Копай ша­ғын­ауданында 2871 пәтерге арнал­ған 27 көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарланып отырғанын әңгімеледі. “Риголит” компаниясы – 4 үй бойын­ша мердігер. 3 үйдің құрылыс-мон­таж жұмыстары жүргізілуде.

Коммерциялық тұрғын үй құры­лы­сы басым бағыттардың бірі болып табылады. Қазіргі уақытта 1924 пәтерге арналған 29 үйдің құрылысы бой көтерген. Жыл басынан бері 504 пәтер іске қосылды. Жыл соңына дейін пәтер кезегінде тұрғандар 7 үйге қоныстанады. Ал ендігі  жылы 12 үй тұрғызылады.

Қаланың тұрғын үй қорын жа­ңарту (реновация)  апатты және ескі баспаналарды бұзу, сүру – көкей­кесті мәселелердің бірі. Реновация­ның, яғни, қайта жаңарту жобасы­ның игі мақсаты – апатты немесе то­зығы жеткен деп танылған үйлерді бұзу ар­қылы тұрғын үй қорын толықтыру, коммерциялық тұрғын үй құрылы­сын салуға инвесторларды ын­та­ландыру. 2021 жылы Петропавл ша­hарының “Жаңа қала” атты ке­шенді қайта құру бағдарламасы бе­кітілгелі ескі кварталдар орнына көр­кі көз тартатын зәулім үйлер көптеп салы­на бастады. Мәселен, 2022 жылы Алтынсарин көшесі бойында 45 пә­терлі тұрғын үй тұрғызылды. Нова­тор, Жамбыл көшелерінде 72 және 104 пәтерлік 2, аудандарда 222 пә­терлік 5 үйдің құрылысы жалға­суда.

Жеке тұрғын үй құрылысы да жанданып келеді. Петропавл қаласы бойынша 270 гектар алаңда жеке тұрғын үй салуға 2567 жер учаскесін бөлу жоспарланған. Сумен, жылу­мен жабдықтау, жол тарту мемлекет есебінен атқырылады.

Алқалы бас қосуда қала әкімі Се­рік Мұхамедиев атап өткендей, об­лыс орталығында апатты деп та­ныл­ған 28 көпқабатты және әбден ес­кірген 210 көппәтерлі тұрғын үй бар. Жаңарту бағдарламасына бағыт­талған инвестиция мөлшері 3,3 млрд. теңгені құрап, екі жолмен жүзеге асырылады. Біріншісі – әлеуетті қаржыгерлерді іріктеу бойынша аукцион ұйымдастыру, екіншісі – қай­та құруға қатысу үшін инвестордың бастамашыл өтінішін қабылдау.

Өңір басшысы осы жылға жос­парланған тұрғын үйді бұзу жұмыс­тарының көлемі қалай орындалаты­нын сұрастырды. Алты нысанның үшеуінде іс-шаралар аяқталуға жа­қын.

“Тұрғын үй қорын жаңарту про­цесі баспана сапасын жақсартуда және халықтың қолжетімді пәтерге деген сұранысын қанағаттандыруда үлкен рөл атқарады. Бұл орайда тұр­ғын үй аумақтарын дамытудың, абат­тандырудың, адамдардың қо­ғам­дық кеңістікте қолайлы өмір сү­руіне жағдай жасаудың мәні ай­рық­ша. Тұрғын үй қорының едәуір бөлігі 1950-1960 жылдары салынған жеке сектор екенін ескермей болмай­ды. Осы себепті 2020-2025 жылдар­ды қамтитын “Жаңа қала” бағдарла­ма­сының жетілдірілмеген тұстарын әлі де нақтылай түсу керек. Бас жос­пар негізгі басшылыққа алынуға тиіс”, – деген об­лыс әкімі құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мен қала әкімдігіне екі жылда не ат­қарыла­тыны нақтыланған жаңарту бағдар­ла­масын жасауды тапсырды. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp