Өңірде “Zhas project” жобасы бастау алып, осыған орай жоба жетекшілерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Шарада “Қазақстан даму ассоциациясы” бірлестігі директорының міндетін атқарушы Анар Битебаева мен жоба жетекшісі Шыңғысхан Қожахметов сөз сөйледі.
“NEET” санатындағылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобаға жұмыссыз және оқымайтын жастар қатыса алады. Жоба жеңімпаздарына өз бастамаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттен алғашқы капитал беріледі.
Өтініштер арнайы платформа арқылы қабылданады. Жобаға өтініш беру 9 қазаннан бастау алған.
– Жалпы жоба аясында 280 грант тағайындалған. Бір гранттың көлемі 1 млн. теңгеге дейін. Жеңімпаздар анықталғаннан кейін олар арнайы оқытудан өтеді. Олар тек бастамаларын жүзеге асырып қана қоймай, білім алады. Біз өтініш қабылдау үшін арнайы сайтты іске қостық. Керекті құжаттар да осы платформа арқылы қабылданады. Жеңімпаздар 22 қазаннан кейін белгілі болады, – дейді Анар Битебаева.
“Zhas project” арқылы өңір жастарына 8 грант беру жоспарланған. Қаржы 2 ай мерзім ішінде игерілуі тиіс. Бұл ретте берілген қаржы коммерциялық мақсатта жұмсалмауы керек. Іріктеуде жергілікті жердің дамуына оң серпін беретін, жастардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларға ерекше назар аударылады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.