Бойдағы жастық жалын, айқын мақсат, асқақ арман жас жүректі бұлқындырмай қойсын ба? Даму мүмкіндігі мол, заман игіліктері қолжетімді ірі қаладағы жайлы өмір көп жастың арманы екені анық. Содан да болар мектеп бітірген, қолына диплом алғандардың басым бөлігі ірі қалаларға асығады. Миллионнан аса тұрғыны бар ірі қалалар жастардың ойындағысын жүзеге асырып, өз саласында биіктен көрінуі үшін қолайлы жер. Ондағы жоғары табыс, бәсекелестік, таңдаудың көптігі кімді болсын қызықтырмай қоймайды.
Еліміздегі мегаполистерден бөлек, шетел асып, қарт құрлық пен мұхиттың арғы жағындағы мемлекеттерге бет түзейтіндер қаншама. Жастарымыз ертеңін ойлап, даму жолын іздеп қоныс аударып жатса несі айып дерсіз? Алайда жыл сайын қарқын алып келе жатқан бұл үрдіс кей өңірлерге салқынын тигізуде. Астана, Алматы сияқты үлкен қалалар мен халқы көп өңірлердің осында жиналатын талантты, білімді жастардың күшімен көркейіп жатқаны көңіл қуантады. Алайда жастар үлесі азайып келе жатқан шекаралық өңірлерге қайтпек керек?
Өткен айда Ұлттық статистика бюросы әр өңірдегі жастар үлесі жайлы деректерді жариялады. Өңірдегі жастар көші-қонына қатысты ахуалды осы көрсеткішке қарап-ақ бағамдауға болады. Онда еліміздегі ең “жас” өңірлері ретінде Түркістан, Маңғыстау облыстары көрсетілген. Ондағы халықтың орташа жасы 28-ге жуықтайды. Ал ең “кәрі” өңір – Солтүстік Қазақстан облысы деп танылған. Теріскейліктердің орташа жасы 38,9-ды құрайды. Бұл жалпы ел бойынша көрсеткіштен (32,1 жас) әлдеқайда алшақ. Биылдан бастап жастар категориясының 14-35 жас аралығында бекітілгенін ескерсек, өңірімізде тұрып жатқан халықтың басым бөлігінің егде жастағылар екенін көрсетеді. Тізімде өңіріміздің ең соңғы орында тұруы Қызылжардағы жастар саясатының әлі де болса жолға қойылмағанын, кей бағдарламалардың тиісті нәтиже бермей жатқанын аңғартады. Мұның бәрін белсенділер, түрлі ұйым өкілдері мен жастар ресурстық орталықтарының мамандары айтып-ақ жүр. Алайда нақты шаралар қабылдау кешеуілдеп жатыр. Кейінгі буынның көкейкесті мәселелері көтерілгенде табандылық танытып, тұрлаулы іске бастамашы болып жүргендер сирек.
Қызылжар жастарының өзге аймақтарға жаппай қоныс аударуы соңғы 20 жыл бойы жалғасып келе жатқан үрдіс. Әсіресе ауыл жастарының азаюы елді мекендердің ертеңіне көлеңке түсіруде.
Солтүстікқазақстандықтардың бірі оқу іздесе, бірі лайықты жұмыс іздеп туған жерден жырақ кетеді. Мұндағы табыстың аздығы, бәсекелестіктің төмендігі, жастар көп таңдайтын жаңа мамандықтар бойынша жұмыс орындарының тапшылығы көші-қонға түрткі болуда. Бұл ретте өңірден кеткендерге сұрау салып, кетуінің себебін біліп жатудың өзі артық. Басқасын былай қойғанда жұртшылық облыс орталығының өзінде қолайлы жағдайдың жасалмағанын, жастарға арналған іскерлік, шығармашылық ортаның қалыптаспағанын жиі айтады. Кейінгі буынның қызығушылығы ауған ІТ сала мен креативті индустрия да тәй-тәй басып келеді. Бірнеше жүз мың тұрғыны бар қаладағы көңіл күй осылай болса, өзге аудандар мен ауылдардағы ахуал тіптен ушыққан. Осылайша соңғы 22 жылда өңір халқы 179 мың адамға азайған. Өткен жылдың өзінде-ақ қайыңдар өлкесінен 3 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Биылғы жылдың алты айының өзінде тұрғылықты жерін ауыстырғандар саны 3,6 мыңға жетіпті. Көрсеткіштің осылайша кері кетуі негізінен басқа қалаларға ағылған жастардың есебінен орын алып отырғаны өкінішті.
Ел жастарының әл-ауқатын, жай-күйін бақылап отыратын жастар ғылыми зерттеу орталығының зерттеушілері де аталған түйткілге назар аударып, өз бақылауларының қорытындыларын жариялады. Оған сенсек өңір жастарының 60 пайызы мұндағы өздеріне жасалған жағдайларға қанағаттанбайды. Кейінгі буын өкілдерінің көбі азаматтық қоғамның дамуына, құқықтардың сақталуына, спорттың қолжетімділігіне, мансап мүмкіндіктерінің болуына алаңдаушылық білдіреді. Бұл ретте өзге этнос өкілдерінің шетелге кетуге, ал қазақ жастарының ішкі көші-қонға бейім екенін атап өткен жөн. Қызылжарлық қыз-жігіттердің 12 пайызы басқа қалаға, 10 пайызы өзге елге көшуге ниетті екендіктерін жеткізген. Сонымен қатар зерттеушілер жастардың қай аймаққа көшуді қалайтыны жөнінде де сауалнама жүргізген. Оған ел бойынша қатыс-қандардың басым бөлігі Алматы, Астана қалаларын таңдаса, тек 1,3 пайызы ғана Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударғылары келетінін көрсетіпті. Зерттеуге қатысқан жерлестеріміздің 44 пайызы қазір болмаса да болашақта шетелге көшу туралы ойлары барын жасырмаған. Біздегі жастарды жұмыспен қамтудың мандымай тұрғаны рас. Мұны өңірімізде жұмыс табуда үнемі немесе кей жағдайларда қиындықтар бар деп санайтын 74 пайыз жастардың жауабы да қуаттайды. Олардың 58 пайызы жұмысқа орналасудағы кедергі ретінде табыстың аздығын, 26 пайызы өз саласына сай бос жұмыс орнының болмауын көрсеткен. Сарапшылардың басым бөлігі ең алдымен тұрғындардың шетелге кетуіне алаңдаушылық білдіріп, бұл ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін күрделі мәселе екенін жеткізген. Шекаралық өңірлердегі жастардың көшуін тежеу үшін Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне арнайы ұсыныстар берілді.
Қалай десек те өңірге жыл сайын көшіп келіп жатқан жастардың да көп екенін жоққа шығара алмаймыз. Олар негізінен білім алуға ұмтылған студенттер мен білім беру, денсаулық сақтау салаларында еңбек етуге келетін мамандар. Осындай жандардың бірі – Әлфараби Мыңбай. Жергілікті университетке білім алу үшін келген ол кейіннен осында тұрақтап қалған. Түрлі жастар қозғалыстары мен ұйымдардың жұмысына атсалысқан жан бүгін де аталған саладағы мәселелерді белсенді көтеріп жүр.
– Көші-қонның өзі оқу көші-қоны, еңбек көші-қоны, ішкі, сыртқы болып бөлінеді. Өңірдегі кейінгі буын өкілдерінің көбі білім алу үшін өзге қалаларға аттанады. Өйткені өңірде бір ғана жоғары оқу орны бар. Түлектер үшін таңдау аз. Мектеп бітірушілердің кетуіне өңірдегі жоғары білімнің сапасы да әсер етуі мүмкін. Бұдан бөлек табыстың аздығын, инфрақұрылымның жетілмегенін, жұмысқа тұрудағы кедергілерді айтуға болады. Шарықтаған пәтер бағасы мен баспаналы болуға арналған өңірлік бағдарламалардың жоқтығы да осыған себеп, – дейді ол.
Бір өкініштісі өңірге еңбек етем деп келіп, қайтадан кетіп қалатын жас мамандар да бар екен. Олардың біразы жергілікті тұрмыс жағдайына бейімделе алмай, ауылдарда тұрақтауы қиынға соққан жандар. Жергілікті университетке оқуға түсіп кейін өзге білім ордасына ауысып кететін студенттер де жоқ емес. Алайда басқа өңірлерге, ірі қалаларға, шетелдерге кеткендердің бәрінің жолы болып, бағы жанып кетпейтінін ескерген жөн. Арманның жалынан ұстап басқа жаққа кетіп, жігері құм болып кері қайтқандар қаншама? Қай жақта болсын жетістікке жету үшін аянбай тер төгіп, талмай оқып, тынбай үйрену керек. Сондықтан да жастар көшу туралы шешім қабылдамас бұрын бос қиялға берілмей, бұл мәселеге ақылдың көзімен қарағаны жөн.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.