«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ЖЫРАУ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” – халықтың көркем жадында” деген тақырыпта “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің тапсырмасымен ұйымдастырылған шараға елімізге танымал тарих, әдебиет, мәдениет өкілдері қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады.

Атақты ғалым, академик Манаш Қозыбаев тәуелсіздіктің елең-алаң шағында жазған “Дауылпаз баба – Қожаберген” деген еңбегінде: “Қо­жа­берген бабамыз көп батырлар­дың бірі ғана емес. Ол 1688-1710 жыл­дары 22-23 жасында қазақ, но­ғай, қарақалпақ халықтарының бі­рік­кен жасағына қолбасшылық жа­саған сардарбек, ордабасы, Орта­лық Азия деңгейіндегі әскери қай­рат­кер! “Ақтабан шұбырындыдан” кейін – ұлы жеңісті шыңдаған стра­тег”, – деп жаза келіп, қазақ мәде­ние­тінің ірі қайраткерлері Ыбырай Ал­тынсарин, Сегіз сері, Мүшhүр-Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәң­герей Бөкеев, Сәкен Сей­фуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсі­ре­пов, Бейімбет Майлин, Iлияс Ома­ров, Молдағали Жолды­баевтарды қызықтырған Қо­жабер­ген Толыбайұлының мұрасын игеру – заман талабы” деген ойын кейінгі­лерге аманат еткен еді. Со­дан бері бұл бағытта атқарылған іс­тер аз емес. Атап айтсақ, 2000 жыл­ғы жел­тоқсанда Ұлт­тық ғылым ака­демия­сының ұйым­дастыруымен Петро­павл қала­сында “Қожаберген жырау­ Толыбайұлының Отан­­­ тари­хы мен қазақ поэзия­сында алатын ор­ны” деген та­қы­рыпта республика­лық ғы­лыми-теориялық конферен­ция өт­кі­зіл­гені ұмытыла қойған жоқ. Осын­дай ал­қалы жиын 2010 жылы “Өлке та­рихы, тұлғалар тағдыры” деген атаумен екінші рет өт­кізіліп, онда көзі­ тірісінде ұлттың на­мысы атан­ған, қазақ заң­герлерінің абыз­ ақса­қалы, академик,­ ғалым Са­лық Зима­нов сөз сөй­леп:­“Қожа­бер­ген – біздің тари­хы­мыздағы тұтас құбы­лыс, бүкіл­ ғұмырын қазақ хал­қының тә­уел­сіздігі жолындағы кү­реске арна­ған ұлы тұлға” деп баға берген.

Ұлы жыраудың өмірі мен шығар­машылығын зерттеп, зерделеуде есімі елімізге жақсы танымал заң­гер, руханият жанашыры Бекет Тұр­ғараев басқаратын “Жеті жарғы жә­не Қожа­бер­ген жырау” халықара­лық қайы­рымдылық қорының тындыр­ған істері де бір төбе. Осы қордың бастамасымен батыр жерленген қорымда кесене тұрғызылды. Құ­ран­бағышталып, ас берілді. Жам­был ауданының орталығы – Прес­нов­ка ауылындағы  қазақ мек­тебінің ал­дындағы алаң Қожа­берген атымен аталып, ес­кер­ткіш бюсті орнатыл­ды, мек­тепте мұражайы ашылды. Бүгінде облыс орталығы Петропавл қаласындағы №6­­­ қазақ орта мектебі де ұлы жы­­рау­дың есімімен атала­ды. Сондай-ақ қордың қолдауымен: “Қожа­бер­ген жырау”, “Елім-ай”, “Ба­ба тілі”, “Өнерпаздар әулеті” деген кі­таптар басылып шықты. Олар­ жұрт­шылыққа таратылып, оқырмандар­дың жылы­ лебізіне ие болды.

Атал­ған қордың қозғау салуы­мен­ Қазақстан Үкіметі 2012 жылдың желтоқсанында арнайы қаулы қа­был­дап, 2013 жылы Қожаберген То­лыбайұлының туғанына 350 жыл толу мерейтойы елімізде кең көлем­де атап өтілді. Алматы мен Астана қалаларында көпшілікке танымал тарихшы, әдебиетші ғалымдардың, белгілі қоғам, мемлекет қайраткер­лерінің қатысуымен ғы­лыми-практикалық конферен­циялар ұйымдас­тырылды. Мұның соңы Қызылжар өңіріндегі түрлі мәдени-спорттық іс-шара­лар­ға ұлас­ты. Осынау тор­қалы тойдың қорытындысы ре­тінде Алматыдағы “Зерде” баспасынан: “Заманының заң­ғары” мен “Мәңгілік елдің мәң­гілік жыршысы” және Астанадағы “Фолиант” бас­пасынан – “Дауылпаз баба Қожа­бер­ген” деген көлемді және әсем безен­дірілген жинақтар жарық көрді. Бертін Петропавлдың Астана жақтан кі­реберіс қақпасына Қожаберген Толыбайұлының алып ескерткіші орнатылды. Өңірде жыл сайын Қожаберген оқуларын өткізу де дәстүрге айналды.

Қожаберген жыраудан қалған әдеби мұралардың ішіндегі ең шоқ­тығы биігі – “Елім-ай” дастаны. Осы дастан жайлы халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, батыр – қаламгер Бауыржан Момышұлы: “Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қа­зақ жұрты жерінің көлемін, шекара­сын айқындап берген емес. Ол кісі­нің “Елім-ай” жыры – әскери дастан. Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шір­кін, сол әскери дастан қайда бар екен?” – деп жазған екен. Айтса айт­қандай, батыр бабамыз әйгілі еңбек­терінде зар заманға талдау, зерттеу жасап, өз көргенін хаттап кетті. “Ол тек қана бір “Елім-айда” ғана бір ғасырдың сырын, мұңын ашты” (Кәкімбек Салықов). 

Міне, биыл ұлттық рух пен идея­ның қайнар көзі, бүгінгі ұрпақты ел бір­лігін нығайтуға, алауыздықтан ары­луға, рушылдық, жүзшілдіктен та­заруға үндейтін осы намыс жыры­ның жазылғанына 300 жыл толды. Қуанарлығы сол, бұл күн елеусіз қалған жоқ. Үкімет қаулысының негі­зінде Мәдениет және спорт ми­нистр­лігі оны 2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне енгізген.  Со­ған сәйкес, Қожаберген жырау То­лыбайұлының “Елім-ай” дастан жы­рының 300 жылдығы ел көлемінде кеңінен аталып өтуде.

Мерекелік шаралар биылғы жыл­дың маусым айында қасиетті Түр­кістанның төрінді бастау алып, белгілі академиктердің, ғалымдар мен Қожабергентанушы жазушы­лар­дың, зиялы қауым өкілдерінің, жас ғалымдардың қатысуымен рес­публикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.  Ал­қалы жиында қазақ халқының тарихындағы ең бір ауыр да азапты кезеңде ұлттың рухын қолдап, халықты жауға қарсы тұруға үндей білген Қожаберген жыраудың өмірі мен “Елім-ай” дастаны жайлы сөз сабақталды. Қожаберген жырау Толыбайұлының дипломатиялық қыры мен қол бастаған батырлығы, ең негізгісі Ата Заңымыздың қазығы болған “Жеті жарғының” авторлары­ның бірі ретіндегі орны бөлек екені айтылды. Конференция аясында қа­ралы көш құлаған Қаратаудың қойнауына құлпытас тұрғызылып, жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды.

“Елім-ай” дастанының 300 жыл­дығына және Қожаберген жырау­дың туғанына 360 жыл толуына ар­налған ғылыми-тәжірибелік конфе­ренция Петропавлда да ұйымдас­тырылды. Мұнда да ғалымдар ұлы жыраудың өмірі мен артына қал­дырған бай мұрасына байыпты тал­дау жасады. Астанада да әңгіме осы бағытта өр­біді. “Елім-ай” дастаны­ның жазылу тарихы, мазмұнына те­рең талдау жа­салып, ұлт қорғаны болған шығар­ма­ның маңызы жан-жақты ашып көр­сетілді. Жиынға қа­тысқан Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның Жамбыл ау­данында тұратын Қожаберген Толы­байұлының ұрпа­ғы Бектас Тырқаев ұлы бабасының рухын қолдаған Үкіметтің қаулы­сы­на ризашылық білдіре келіп, жи­налғандарды ата-баба шежіресімен таныстырды, әлеуметтік желіде тараған жансақ сөздерді жоққа шығарды.

Жиынға қатысушыларға Сол­түстік және Түркістан облыстары әкімдерінің қолдауымен жарық көрген “Елім-ай” дастан жырына 300 жыл” деген кітап таратылып берілді.

Төлеген АСАНБЕКОВ,

 “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының хатшысы.           

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp