«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әр сөзі даналықтың өлшеміндей

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің оқыған кітаптарымыз, пікірлескен адамдарымыз, естіген ақпаратымыз өзіндік көзқарасымызды, болмысымыз­ды қалып­тастырады. Сондықтан да күнделікті немен айналысып, қандай контент тұтынатынымызға мән берген жөн. Өзім туралы айтар болсам, менің рухани өсіп-жетілуіме, қалыптасуыма ұлы Абай шығармалары үлкен әсер етті.

Дала данышпанының сөзіне ар­қау болмаған тақырып бар ма? Бас ақын өзі өмір сүрген замандағы бар­лық рухани, адамгершілік мәселелер­ді сөз етіп, ұлтына жол көрсеткен. Сол сияқты оның жастарға тәлім берер өлеңдері де көп. Бір ғана “Жасымда ғылым бар деп ескермедім” деген өлеңінің өзі қанша қазақ баласына ой салып, өнер-білім ізденуге шақырып тұр. Оның осы сөзінен ой қорытқан­дардың осы күні білімнің тереңіне үңіліп, көкірек көзі ашылғанына күмә­нім жоқ. Хәкімнің өзі білімге уақытылы қол жеткізе алмағанына өкініп отырса, қазіргі жастардың ғылымға деген қа­жеттілігі одан да зор болуы тиіс.

Ал енді “Жастықтың оты жалын­дап” атты өлеңінде:

Жалыны қайтар дененің,

Үнемі тұрмас осы шақ.

Талайғы кәрі дүниенің

Бір кетігін ұстап бақ, – деп жырлайды.

Осыдан ақ жастық шақтың баста мәңгі тұрмайтынын, уақыттың алдын­да әлсіз екенімізді ұғынамыз. Мәңгі тұра беретін тек “кәрі” дүние ғана. Абай атамыз бізді сол дүниенің кетігін ұс­тауға, яғни өмірден өз орнымызды табуға шақырады. Дүниеге кірпіш бо­лып қаланған адамның ғана өмірі мән­ді болмақ. Осы сияқты тағылым­ды ой­лар ақын шығармаларында көп. Со­ған ықыласпен ден қойып, көңіліне то­қып жүрген замандастарым да жоқ емес.

Мен Абай шығармалары арқылы әдебиет әлемінің табалдырығын ат­тадым. Бүгінде мектептегі іс-шараларға белсенді қатысып, түрлі бай­қау­ларда, пәндік олимпиадаларда жүл­делі орындардан көрініп жүрмін. Ұс­таз­дарымның жетекшілігімен Абай оқуларына қатысып, аудандық кезеңде бірінші орын иелендім. Бүгінде ақын­ның 40 өлеңі мен 1 поэмасын жатқа білемін. Осымен үшінші жыл бойы хәкімнің жырларымен сусын­дап, шығармаларын көңілге түйіп жат­тап жүрмін. Бұл жолда маған бағыт беріп, жетекшілік еткен мұғалімім Гау­һар Өмірзаққызына алғысым шексіз. Өзіме ақынның философиялық ойлары қатты ұнайды. Мен олардан өмірлік нәр жинауға тырысамын.

Бүгінде мен 10 сыныпта оқимын. Алда мектепті аяқтау, мамандық таң­дау, жоғары оқу орнына түсу сияқты өмірдің маңызды белестері тұр. Мұндай шешімдерді қабылдау да оңайға түспесі анық. Алайда бір білерім қай салаға бет бұрсам да данышпан шығармаларын оқуды, осы саладағы із-де­нісімді жалғастыра бермекпін.

Жансая ҚАЛБАЙ,

Новокаменка орта мектебінің 10 сынып оқушысы.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp