Соңғы жылдары қоғамның қызу талқысына түскен тақырыптың бірі – елімізде Атом электр стансасын салу мәселесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталып, елімізде АЭС салу мәселесі референдум арқылы шешілетінін мәлімдеді. Осы ретте облыс орталығында аталған мәселе бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Маңызды жиында “Қазақстанда АЭС салу керек пе?” деген сұрақ төңірегінде мамандар мен қарапайым халықтың пікірі тоғысты.
Жиынға атом энергетика өндірісі саласының мамандары, облыс тұрғындары, қоғамдық ұйым өкілдері мен “Қазақстандық АЭС” ЖШС-ның өкілдері, эколог мамандар қатысты. Жалпы мамандар III және III+ буынды ядролық реакторларды салуды қарастырып отыр. Бұл әлемде сыналған және сенімді технологиялар.
“Қазақстанда АЭС салу мәселесін сөз еткенде, алдымен қауіпсіздікке баса назар аударылады. Осыған орай елімізде атом электр стансасы әлемде ең қауіпсіз деп саналатын жобалар бойынша салынады. Ол үшін бүгінге дейін түрлі мемлекеттердегі АЭС құрылысы мен жұмыстары тереңнен зерттеліп, қарастырылды”, – деді “Қазақстандық АЭС” ЖШС директорының орынбасары Ринат Оқасов.
Ал салалық министрліктің АЭС мәселесі бойынша департамент директоры Гүлмира Мурсалова станса салудың тиімді тұстарын егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Салынуға тиіс АЭС реакторлары заман талабына сай, ішкі және сыртқы әрекеттер бойынша белсенді және пассив түрдегі қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталады, – деген Гүлмира Мурсалова өзі басқаратын департаменттің жоспар-жобасымен таныстырды.
Жиын барысында АЭС салу жобасының әлеуметтік, экономикалық, экологиялық және техникалық сынды төрт бағытта берер пайдасы да сөз болды. Әсіресе ғылыми-техникалық мамандардың саны артып, он мыңдаған жұмыс орны ашылмақ.
Жиында сөз алған қоғамдық ұйым өкілдері мен тұрғындар АЭС-тің адам өміріне қауіпсіздігі мен экологияны қорғау жайын ескеру бойынша пікірлерін ортаға салды.
Дияс АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.