Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында қаралған мәселелер бойынша тиісті орындарға нақты міндеттер жүктеліп, тапсырмалар берілді.
Алдымен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхметтің есебі тыңдалды. Ол жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы жайлы айтып берді. Баяндамашының сөзіне қарағанда, 2023-2024 жылдары облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға 1,3 млрд. теңге қаражат қарастырылған, оның 400 млн.-ы қысқы кезеңде атқарылатын шараларға жұмсалмақ. 13 аудан бойынша 6 ұйыммен келісім жасалған. Өкінішке қарай, Тимирязев ауданындағы “Жасыл Есіл” мердігерлік мекемесінің өз міндеттерін орындамауына байланысты екіжақты шарт бұзылып, іс сотқа жолданған.
“Облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1983 шақырымды құрайды. Мердігерлік ұйымдардың қатарында “ГК Инжиниринг”, “Көкшетау жолдары”, “Қызылжар жолдары КЗ”, “Петропавл жолдары” секілді серіктестіктер бар. Қыраулы қыс кезінде маусымдық жұмыстарға 142 техника, 278 адам, 11 жол пайдалану пункті сақадай-сай әзір тұр”, – деген Баяхмет Қуанышбайұлы аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 4463 шақырымға жуықтайтынын, 11 ауданмен келісімшартқа қол қойылғанын жеткізді. 200-ге жуық ауыл шаруашылығы құрылымы 1,3 мың шақырым жол күтімін өз міндеттеріне алатын болады. Бұдан бөлек, басқарманың балансында Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік материалдық резерві қорынан алынған екі шнекоротор арнайы техникасы бар. Оның бірі Қызылжар, екіншісі Жамбыл ауданында орналасқан. Қиын жағдай туындаған кезде бірінші кезекте көмекке жіберіледі.
Баяндамашы жалпы ұзындығы 863 шақырым жол бойындағы 266 учаскені қар басып қалу ықтималдылығын жасырмады. Әсіресе Арықбалық – Чистополье, Еленовка – Арықбалық – Чистополье, Саумалкөл – Новоишим – Червонное, Благовещенка – Қайранкөл, Покровка – Корнеевка – Горное бағыттарына баса назар аударылмақ. 140 мың шаршы метр аумақтың бұталары оталып, су өткізгіш құбырлар тазартылған. Көктайғаққа қарсы қолданылатын 5900 тонна материал жинақталған. Көмір, жанар-жағармай қоры жеткілікті. Әр ауданға жауапты мекемелер белгіленген.
Ғауез Торсанұлы “Қазавтожол” ҰҚ АҚ жергілікті филиалының директоры Қанат Өсербаевтан қысқы кезеңде Петропавлдан Көкшетауға дейін ақылы жол қалай күтіп ұсталатынын, өткен жылдары қатты жауын-шашын кезінде орын алған оқыс жайттар қайталанбасына қандай кепілдік берілетінін сұрады. Сауалға “биыл машина-трактор паркінің 20 техникасы жаңартылды, 4 техника нақ осы аймаққа бөлінеді. Жолдар тәулік бойы аршылады, мониторинг күн сайын жүргізіледі”, – деген жауап берілді.
Облыс әкімі өңірдегі автомобиль жолдары саласының қысқа әзірлігіне қатысты шұғыл түрде жүзеге асуы тиіс кезек күттірмейтін маңызды шараларды атап көрсетті. “Үсті-басы ақ қырау кәрі құдаң басқан жері сықырлап келіп қалғанға” дейін жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды қатаң ескертті. Техникаларды жаңартуға айрықша назар аударды.
“Қарлы, боранды күндері өңір бойынша 8416 шақырым жол қысқы күтіммен толық қамтамасыз етілуге тиіс. Оның 1970 шақырымы – республикалық, 1983 шақырымы – облыстық, 4463 шақырымы аудандық маңызға ие. Былтырлары күре жолдардың жиі жабылып, көлік қозғалысы шектелген оқиғалар аз кездескен жоқ. Жолаушылар ақ қар, көк мұзда қалмас үшін қысқа дайындық жұмыстарын бір сәтте бәсеңдетпеу керек. Автомобиль жолдарын күтіп-ұстайтын мердігерлер уақытылы анықталып, техникалар, жылыту бекеттері қар құрсауында қалған жүргіншілерге қызмет көрсетуге әзір тұруы, жанар-жағармай, инертті материалдар жеткілікті түрде бөлінуі қажет. Техникалардың көпшілігі 2000 жылдары жаңартылған. Жолдарды қардан аршу жұмыстарына шаруашылықтар да белсене араласуға тиіс. Қыста жолдың уақытылы тазаланып, көктайғаққа қарсы шаралардың дер уақытында жасалғанын бәрі де қалайды. Сондықтан техникалық база толықтырылып, жолдар дер кезінде ашылып, адамдардың еркін қатынауын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі”, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Ақжар, Есіл аудандарының басшылары жолдың қысқа әзірлігі жайлы есеп берді. Оларға сыннан қорытынды шығарып, жағдайды тез арада түзету ескертілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеев баяндама жасап, тұрғын үй құрылысын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
2021-2022 жылдар аралығында 606 мың шаршы метр тұрғын үй, яни 3624 пәтер қолданысқа берілген. Биыл 49 көппәтерлі тұрғын үй тұрғызылуда, оның 20-сы – бюджеттік, 29-ы – коммерциялық. 25-і жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.
Қайролла Төлейұлы Копай шағынауданында 2871 пәтерге арналған 27 көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарланып отырғанын әңгімеледі. “Риголит” компаниясы – 4 үй бойынша мердігер. 3 үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Коммерциялық тұрғын үй құрылысы басым бағыттардың бірі болып табылады. Қазіргі уақытта 1924 пәтерге арналған 29 үйдің құрылысы бой көтерген. Жыл басынан бері 504 пәтер іске қосылды. Жыл соңына дейін пәтер кезегінде тұрғандар 7 үйге қоныстанады. Ал ендігі жылы 12 үй тұрғызылады.
Қаланың тұрғын үй қорын жаңарту (реновация) апатты және ескі баспаналарды бұзу, сүру – көкейкесті мәселелердің бірі. Реновацияның, яғни, қайта жаңарту жобасының игі мақсаты – апатты немесе тозығы жеткен деп танылған үйлерді бұзу арқылы тұрғын үй қорын толықтыру, коммерциялық тұрғын үй құрылысын салуға инвесторларды ынталандыру. 2021 жылы Петропавл шаhарының “Жаңа қала” атты кешенді қайта құру бағдарламасы бекітілгелі ескі кварталдар орнына көркі көз тартатын зәулім үйлер көптеп салына бастады. Мәселен, 2022 жылы Алтынсарин көшесі бойында 45 пәтерлі тұрғын үй тұрғызылды. Новатор, Жамбыл көшелерінде 72 және 104 пәтерлік 2, аудандарда 222 пәтерлік 5 үйдің құрылысы жалғасуда.
Жеке тұрғын үй құрылысы да жанданып келеді. Петропавл қаласы бойынша 270 гектар алаңда жеке тұрғын үй салуға 2567 жер учаскесін бөлу жоспарланған. Сумен, жылумен жабдықтау, жол тарту мемлекет есебінен атқырылады.
Алқалы бас қосуда қала әкімі Серік Мұхамедиев атап өткендей, облыс орталығында апатты деп танылған 28 көпқабатты және әбден ескірген 210 көппәтерлі тұрғын үй бар. Жаңарту бағдарламасына бағытталған инвестиция мөлшері 3,3 млрд. теңгені құрап, екі жолмен жүзеге асырылады. Біріншісі – әлеуетті қаржыгерлерді іріктеу бойынша аукцион ұйымдастыру, екіншісі – қайта құруға қатысу үшін инвестордың бастамашыл өтінішін қабылдау.
Өңір басшысы осы жылға жоспарланған тұрғын үйді бұзу жұмыстарының көлемі қалай орындалатынын сұрастырды. Алты нысанның үшеуінде іс-шаралар аяқталуға жақын.
“Тұрғын үй қорын жаңарту процесі баспана сапасын жақсартуда және халықтың қолжетімді пәтерге деген сұранысын қанағаттандыруда үлкен рөл атқарады. Бұл орайда тұрғын үй аумақтарын дамытудың, абаттандырудың, адамдардың қоғамдық кеңістікте қолайлы өмір сүруіне жағдай жасаудың мәні айрықша. Тұрғын үй қорының едәуір бөлігі 1950-1960 жылдары салынған жеке сектор екенін ескермей болмайды. Осы себепті 2020-2025 жылдарды қамтитын “Жаңа қала” бағдарламасының жетілдірілмеген тұстарын әлі де нақтылай түсу керек. Бас жоспар негізгі басшылыққа алынуға тиіс”, – деген облыс әкімі құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мен қала әкімдігіне екі жылда не атқарылатыны нақтыланған жаңарту бағдарламасын жасауды тапсырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.