М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Мамандығым – болашағым” жобасы бастау алды. Аталған жоба түлектердің мамандық таңдауына, жас мамандардың жұмысқа тұруына, олардың табысын арттыруға мүмкіндік бермек. Жобаның таныстырылымына бейнебайланыс арқылы қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жыл соңына дейін мұндай фронт-кеңселердің әр облыста ашылатынын жеткізді.
– Жоба аясында зерттеушілер, жергілікті билік пен бизнес өкілдері қатыса отырып, әр өңірдің ерекшелігіне сай қажетті мамандықтарды анықтайды. Осылайша қандай жаңа мамандықтар керектігі, студенттердің бойында қандай дағдыларды дамыту қажеттігі анықталады. Бұл мұндағы жоғары білім беруге де әсер етеді. Зерттеу нәтижесінде біз өңірге қай салалар бойынша жастарды тартып, маман даярлау керек екенін білетін боламыз. Қазіргі таңда университетке әдістемемен танысып, оқу бағдарламасын қайта қарау керек. Бұл жұмыстың бәрі жаңа мамандықтар атласына сай жүргізілсе игі. Сонымен қатар біз жастардың ғылымға деген қызығушылығын ояту, жас ғалымдарды қолдауды да жалғастыра береміз, – деді министр.
Қазіргі буынның мамандық таңдауда мүлт кетіп, жоғары білім алып шыққаннан кейін жұмыс табуда қиналатыны жасырын емес. Жоба аясында өңірде жүргізілетін форсайт-зерттеулер аталған кедергілердің алдын алып, өңірге қажетті білікті жас мамандарды даярлап шығуға бағытталған.
– Ашылып отырған фронт-кеңседе өңірді кадрмен қамтамасыз ету, кадр даярлау бойынша зерттеулер жүргізіледі. Нәтижесінде мамандықтардың өңірлік картасы дайындалады. Біз жұмыс бағдарымызды, студенттерді қай бағытта оқыту керектігін сол картаға сай анықтаймыз. Ауқымды жұмыс 2029 жылға дейін жоспарланған, – дейді университет проректоры Ақмарал Тұрғалеева.
Жалпы өңірде өтетін зерттеулерге 20 адам жұмылдырылады. Бүгінде жоба еліміздің 11 өңірінде іске қосылған. Кей аймақтарда зерттеулердің алғашқы нәтижелері шығарыла бастапты.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың медиа орталығының бас редакторы.