Петропавлдағы Ғабит Мүсірепов атындағы №43 орта мектептің үздік оқушылары ай сайын шәкіртақы алып келеді. Қазір оқу ордасында шамамен әр тоғызыншы бала – оқу озаты.
Шәкіртақының мөлшері 3 мыңнан 20 мың теңгеге дейін. Оны 2-11 сыныптың озат оқушылары ала алады.
“Оқушыларға шәкіртақы – 2017 жылдан бастап беріліп келеді. Нәтижесі керемет. Балалар сабаққа ден қойып, үнемі жоғары көрсеткіштерге ұмтылуда. Бірінші жылы 69 оқу озаты болса, биыл шәкіртақы алатындардың саны 102-ге жетті. Алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша бұл сан өзгеруі мүмкін. Былтыр 49 оқушы халықаралық, ал 56 бала республикалық олимпиадалар мен байқауларда жүлдегер атанды”, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Галина Құсайынова.
Төленетін шәкіртақы сомасы балалардың жас ерекшелігіне байланысты, қазіргі уақытта екінші сынып оқушысына 3 мың теңге берілсе, жоғары сынып оқушыларының шәкіртақысы 20 мың теңге көлемінде. Жалпы бір айлық шәкіртақы қоры 900 мың теңгені құрайды.
Өткен оқу жылы мектеп түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа балы – 78,4 болған. 18 бала жоғары оқу орнына түссе, соның 14-і қазіргі уақытта мемлекеттік грант бойынша білім алып жатыр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.