«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Түйінді мәселелер көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Салық, жер қатынастары, сон­дай-ақ мемлекеттік органдардың бәсекелестікті қорғау және дамыту саласындағы іс-әрекеттері кәсіпкер­лер арасында әрдайым көптеген сұрақ туғызады. Көбінесе бизнес пен фискалдық органдар арасындағы даулар салыққа қатысты туындай­ды, кәсіпкерлер қарызды өтеу тура­лы хабарламаларға, тексерулер мен камералық бақылау нәтижелеріне  шағымданады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Жеңіс Қазиев­тің айтуынша, кәсіпкерлер тарапы­нан түсетін шағымның бірі –  “қосыл­ған құн салығын (ҚҚС) қайтару” мемлекеттік қызметін іске асыру.

Белгілі болғандай, бұл қызметтің мерзімінен бастап мемлекеттік кі­рістер органдары қолданатын шет­ел­дік контрагенттермен отандық кә­сіпкерлердің экспорттық мәмілеле­рін тексеру тәсілдеріне дейін көп­теген проблемалар бар. Салық тө­леу­ші ҚҚС қайтару қызметін пайда­лану үшін  салық органдарына ҚҚС-ның асып кеткен сомасын кері қайтару туралы тиісті талап қояды. Тиісінше соңғысы осы талапты алғаннан кейін мәселені тексеруге жолдайды. Өйт­кені онсыз ақшаны қайтару мүмкін емес. Бұл қызметті көрсету мерзімі – 55 жұмыс күні. Бұл қызмет уақытын ұзарту немесе тоқтата тұру мүмкінді­гі жоқ. Біздің салық органы шетелдік салық органына хат жолдайды. Пош­тамен жөнелтілетін хаттың қан­дай процедуралардан өтетіні бәрімізге мәлім. Мысалы, хат Ресейдің салық органына жолданса,  оған жауап алу мерзімі 3-4 айға дейін созылады. 55 жұмыс күнінде ҚҚС бойынша мәсе­лесі шешілмеген кәсіпкерден салық органы қайта хат жолдауын сұ­райды. Алайда екінші рет жүгінген кезде кәсіпкерден тағы да ҚҚС ұста­лады. Міне, осылайша дер кезінде кері қайтарылмаған ҚҚС-ның құны өсіп, кәсіпкердің айналымдағы ақша­сына зияны тиеді. Осы ретте кәсіп­кер­лердің шағымы орынды. Бұл жа­йында Мемлекет басшысы “Үкімет осы проблеманың шешу жолдарын табуға тиіс. Салық жеңілдіктері рет­телуі керек”, – деді биылғы Жолда­уында.

“Ең алдымен Ресей, Беларус, Қа­зақстан елдері арасындағы құжаттар айналымын электронды автомат­тан­дыру қажет. Еліміздегі Салық ту­ралы заңдағы салықтық тексеру бап­тарына бірқатар өзгерістер енгізіл­гені жөн”, – дейді Жеңіс Қазиев.

Бұдан бөлек мемлекеттік орган­дар мен кәсіпкерлер арасында проб­лема туындататын жайт – бәсеке­лестікті дамыту және қорғау депар­та­ментінің тексерісі. Өңір кәсіпкер­лері өздерінің кінәсіз екенін дәлел­деуде көптеген кедергіге тап болады екен. Биылғы бірінші тоқсанда об­лыстық мамандандырылған аймақ­тық әкімшілік сотында екі кәсіпкердің Бәсекелестікті дамыту және қорғау департаментінің тексеру жұмысына байланысты шағымы қаралған. Екі шағым бойынша кәсіпкерлер  сотта жеңіп шығыпты.

Жер қатынастарына қатысты да түйткілді мәселелер туындайды екен. “Бұл сала бойынша тиімді пай­даланылмаған жерлерді кері қайта­ру мәселелесі әлі де түбегейлі шеші­мін таппады. Облыстық жер қаты­настары ресурстарын басқару де­пар­таментінің ақпаратына сәйкес, 2021-2023 жылдарда сот 4 мың гек­тар жерге байланысты 47 жергілікті биліктің шығарған шешімін жойған. Сонымен қатар облыстық прокура­тура жергілікті атқарушы орган был­тыр Жер  кодексінің нормаларын бұ­за отырып, ауылдық елді мекендер шекарасында жалпы ауданы 60 мың гектардан астам 417 жер учаскесін заңсыз бергенін анықтады”, – деді Жеңіс Қазиев. Бұл заңсыздықтар жа­йылымдық жерлердің тапшылығын және халықтың жаппай наразылығын тудырғаны белгілі.

Жерге қатысты заңсыздықтар азаяр емес. Қазірдің өзінде облыс­тың кейбір аудандары бойынша деректер уақытылы жаңартылмай отыр. Ал жер заңнамасы бойынша тоқ­сан сайын жаңа деректер жолда­нуға тиіс.  Мәселен, Айыртау және Жам­был аудандарында 2023 жыл бойынша игерілмеген жерлерге қа­тысты жаңа дерек берілмеген.

“Бұл ретте мемлекеттік орган­дардың назарын облыс аумағында бос жер учаскелерінің аздығына, сон­дай-ақ аукциондар мен конкурстар­дың жиі өткізіліп жатқанына аудар­ғым келеді. Жер қатынастары бөлім­дері ақпаратты бөлімнің немесе ау­дан әкімдігінің сайтында орналасты­­рады.  Бұл қолайсыз ғана емес, со­нымен қатар тәжірибесіз пайдалану­шылар үшін мәлімет іздеуде қиын­дық тудырады. Жер заңнамасына сәйкес деректерді орналастырудың жалпы және түсінікті тәртібін реттеу қажет деп санаймыз. Бұдан басқа, Жер кодексінің нормалары бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден бастап республикалық, облыстық және ау­дандық маңызы бар қалаларда, сондай-ақ аудандарда жер учас­келерін беру жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жүйесі арқылы оның жария кадастр­лық картасының жеке платфор­ма­сында автоматтандырылуға тиіс”, – деген Жеңіс Қазиев жер алуға өтініш беру платформасы әлі де толыққан­ды жұмыс істемей тұрғанын айтты.  

Бұл – бүгінгі таңда бизнестің ал­дында тұрған мәселелердің бір бөлігі ғана. Сондықтан кәсіпкерлік пала­тасы дауласудан гөрі диалог орна­туға, басқа кәсіпкерлерге де пай­далы болуы мүмкін кейстерді айтуға, өңірдегі бизнес-ахуалды жақсартуға мүмкіндік беретін мемлекеттік ор­гандармен бірлескен шешімдер әзір­леуге мүдделі.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp