Біздің оқыған кітаптарымыз, пікірлескен адамдарымыз, естіген ақпаратымыз өзіндік көзқарасымызды, болмысымызды қалыптастырады. Сондықтан да күнделікті немен айналысып, қандай контент тұтынатынымызға мән берген жөн. Өзім туралы айтар болсам, менің рухани өсіп-жетілуіме, қалыптасуыма ұлы Абай шығармалары үлкен әсер етті.
Дала данышпанының сөзіне арқау болмаған тақырып бар ма? Бас ақын өзі өмір сүрген замандағы барлық рухани, адамгершілік мәселелерді сөз етіп, ұлтына жол көрсеткен. Сол сияқты оның жастарға тәлім берер өлеңдері де көп. Бір ғана “Жасымда ғылым бар деп ескермедім” деген өлеңінің өзі қанша қазақ баласына ой салып, өнер-білім ізденуге шақырып тұр. Оның осы сөзінен ой қорытқандардың осы күні білімнің тереңіне үңіліп, көкірек көзі ашылғанына күмәнім жоқ. Хәкімнің өзі білімге уақытылы қол жеткізе алмағанына өкініп отырса, қазіргі жастардың ғылымға деген қажеттілігі одан да зор болуы тиіс.
Ал енді “Жастықтың оты жалындап” атты өлеңінде:
Жалыны қайтар дененің,
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кәрі дүниенің
Бір кетігін ұстап бақ, – деп жырлайды.
Осыдан ақ жастық шақтың баста мәңгі тұрмайтынын, уақыттың алдында әлсіз екенімізді ұғынамыз. Мәңгі тұра беретін тек “кәрі” дүние ғана. Абай атамыз бізді сол дүниенің кетігін ұстауға, яғни өмірден өз орнымызды табуға шақырады. Дүниеге кірпіш болып қаланған адамның ғана өмірі мәнді болмақ. Осы сияқты тағылымды ойлар ақын шығармаларында көп. Соған ықыласпен ден қойып, көңіліне тоқып жүрген замандастарым да жоқ емес.
Мен Абай шығармалары арқылы әдебиет әлемінің табалдырығын аттадым. Бүгінде мектептегі іс-шараларға белсенді қатысып, түрлі байқауларда, пәндік олимпиадаларда жүлделі орындардан көрініп жүрмін. Ұстаздарымның жетекшілігімен Абай оқуларына қатысып, аудандық кезеңде бірінші орын иелендім. Бүгінде ақынның 40 өлеңі мен 1 поэмасын жатқа білемін. Осымен үшінші жыл бойы хәкімнің жырларымен сусындап, шығармаларын көңілге түйіп жаттап жүрмін. Бұл жолда маған бағыт беріп, жетекшілік еткен мұғалімім Гауһар Өмірзаққызына алғысым шексіз. Өзіме ақынның философиялық ойлары қатты ұнайды. Мен олардан өмірлік нәр жинауға тырысамын.
Бүгінде мен 10 сыныпта оқимын. Алда мектепті аяқтау, мамандық таңдау, жоғары оқу орнына түсу сияқты өмірдің маңызды белестері тұр. Мұндай шешімдерді қабылдау да оңайға түспесі анық. Алайда бір білерім қай салаға бет бұрсам да данышпан шығармаларын оқуды, осы саладағы із-денісімді жалғастыра бермекпін.
Жансая ҚАЛБАЙ,
Новокаменка орта мектебінің 10 сынып оқушысы.
Қызылжар ауданы.