«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Рухани әрі саяси маңызы бөлек”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңіріне келген іс-сапар барысында белгілі тарих­шы, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, профес­сор, Мемлекеттік тарих институты директорының орынба­сары, жерлесіміз Бүркітбай Аяғанмен кездесіп, егемендік декла­рациясының мәні, өзге де саяси мәселелер жайында әңгіме өрбіттік.

– Бүркітбай Ғелманұлы, биыл Мемлекеттік егемендік туралы дек­ларацияның қабылданғанына 33 жыл толып отыр. Осынау мәні айрықша құжаттың 2009 жылы мейрам санатынан алынып тас­талуы қазақстандықтарға тарихи маңызын жоққа шығарғандай әсер етті. Сіз қалай ойлайсыз?

– Иә, 13 жыл аталмай келген Рес­публика күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 29 қыр­күйектегі Қазақстанның кейбір заң­намалық актілеріне, атап айтқанда, “Кинематография, мәдениет және мерекелер мәселесі бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы” Жарлығына сәйкес, әділет­ті­лік қалпына келтірілді. Мемлекет бас­­шысы сол жылы өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Республика күні қайтарылатынын айта келіп, осы күнге “Егемендік күні” ретінде баға берген. “Мен Респуб­лика күніне ұлттық мереке мәртебе­сін қайтаруды ұсынамын. Сондық­тан қазанның 25-і күні жыл сайын Еге­мендік күнін еліміздің басты мереке­сі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның еге­мендігі туралы декларация қабыл­данды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жо­лындағы тұңғыш қадамы бола­тын”, – деп атап көрсеткен.

Саяси оқиғалар күнтізбесінен сы­зылып, бертінге дейін атаусыз қа­луының себебін субъективтік фак­торлардың, волюнтаризмнің көрінісі деп бағалауға болады. Қазақта “игі­ліктің ерте-кеші жоқ” деген жақсы сөз бар. Қазақстандықтар үшін ең ма­ңыз­ды ұлттық мейрам ретінде қай­та­рылуына, арнайы атап өтілуіне ал­ғашқылардың қатарында үн қосқан­дардың бірімін. Жастар үшін рухани әрі саяси орны бөлек. Ең бастысы, бастапқы мәні сақталады және де ұлттық батырларға тағзым күні ре­тін­де атап өтілмек.

Бәзбіреулердің декларацияны жарияламай-ақ, Қазақстан бірден тәуелсіздігін алуы керек еді деген пікірлерімен келіспеймін. Бұл бірін­ші­ден, еліміздің мемлекеттілік негі­зін қалаған алғашқы заңды құжат ре­тінде құнды. Мұнда дербес ел ре­тіндегі саяси-құқықтық атрибуттар, бірегей тұтастығымыз, оған қол сұ­ғылмайтыны, халықаралық саясат­та­ғы құқықтар мен міндеттер, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді, бас­қа этнос өкілдерінің мәдениетін, ті­лін дамыту қарастырылды. Консти­ту­ция­лық құрылысқа қарсы жасала­тын кез келген күштеу, ұлт аразды­ғын қоздыру әрекеттері заң шеңбе­рін­де қатаң жазаланатыны, жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсім­діктер мен хайуанаттар дүниесі, бас­қа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары ерекше меншікте болатыны атап көрсетілді. “Қазақ КСР-і Республика үлесіне сәйкес, жалпыодақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне құқылы, республика аума­ғында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге түрлері үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады”, – деп жазылды. Президент Республиканың басшы­сы, ең жоғарғы әкімшілік-атқарушылық биліктің иесі ретінде танылды. Сондықтан “Мемлекеттік егемендік туралы” декларацияны қабылдау қа­зақ халқының тарихындағы ұлы оқи­ғалардың бірі десек, артық айтқан­дық емес. Оның аясында 1991 жыл­ғы 16 желтоқсанда “Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік Тәуел­сіздігі туралы” Конституциялық Заң­ды, кейін Конституцияны қабылдау­ға негіз болды. Сөйтіп азаматтар­дың өздерінің еркін жеткізу мүмкін­дігіне ие болғанын, тоталитарлық тәр­тіптен азат елді құруға дайын еке­нін көрсетті. Үшіншіден, Қазақстан­ның мемлекеттілік негізін қалаған ал­ғашқы құжат ретінде жастар ара­сында кеңірек насихаттаудың маңы­зы зор. Осындай патриоттыққа, ел­дікке, отаншылдыққа тәрбиелейтін мейрамдар мектептерде, мекеме­лерде жоғары деңгейде тойлануы қа­жет. Төртіншіден, сол кездегі күрделі саяси-экономикалық ахуалға қара­мастан орталық биліктен бөлінуге деген ұмтылыстың өзі неге тұрады? Ең бастысы, дербес республика бола алатынымызды айғақтап берді.

– Декларацияның Парламент­те ресми бекітілуі оңай болған жоқ, үлкен тартыс жағдайында өтті. Сіз сол кезде көптеген саяси күрестердің куәсі болдыңыз. Көз­бен көрген, бастан кешкен оқиға­ның мән-жайына тоқтала кетсе­ңіз?

– Ол рас. Қазіргі Абай атындағы ұлттық университетті тамамдаған соң сонда жұмысқа қалдырылдым. “Ақиқат” биформалдық дебаттық клубын құруға мұрындық болып, қатарымызға есімдері респуб­ликаға белгілі Жасаралы Қуаныша­лин, Дос Көшім, Дархан Мыңбай, Жанболат Байжанов, Қайрат Сақ, Алтынбек Сәрсенбаев секілді жаңа­ша ойлайтын азаматтар тартылды. Кейін Президент аппаратында сек­тор меңгерушісі қызметін атқарға­ным­да, көп жыл Мемлекеттік тарих институтына жетекшілік еткенімде де саяси және ұлттық мәселелерге қатысты талас-пікірлерге қатысудан бас тартқан емеспін, ойымды ашық білдіріп жүрдім.

Декларация қабылданардан бұ­рын Қазақстанда президенттік бас­қа­рудың енгізілгенін айта кеткім келеді. Бұл мәселе 1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңесте талқыла­нып, академик, белгілі заңгер Сұл­тан Сартаевтың жан-жақты баянда­ма жасағаны бүгінгідей көз алдым­да. 4-5 республика­да ғана президенттік басқару жүйесі құрылған. Кей депутаттар президент институты керек жоқ деп қат­ты қарсылық білдіргенмен, көпші­лік­тің мерейі үстем болды. Деклара­ция­дан соң да Одақты жаңарту жайы қатты қозғалып, әлде федера­ция, әлде конфедерация деген мә­селенің аяғы үлкен дауға ұласты. Оның ақыры 1991 жылғы 19 тамыз­дағы Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің (ГКЧП) бүлігімен аяқта­лып, нүкте қойылғаны белгілі. Бір қызығы, Қазақстан одақты сақтап қалуға дауыс берді. Содан болар, тәуелсіздікті жариялау мәселесі кейінге шегеріліп, тым ұзаққа созы­лып кетті.

Декларация алдағы бағдарымызды нақты анық­тап беру арқылы халықтың саяси ерік-жігеріне үлкен серпіліс ту­дырды.

– Сіз белсене араласатын қо­ғам­дық жұмыстар аз емес. Олар­дың ішінде саяси қуғын-сүргін және ашарлық боздақтарына қа­тысты сүбелі еңбектеріңіз ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл салаға арналған монографиялық еңбектеріңіз, зерттеу мақалаларыңыз оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алғаны белгілі. Көптеген шетелдің архивтерін көз майын тауыса ақтарып, құнды материал­дар жинақтадыңыз. Сол жұмысқа тоқтала кетсеңіз.

– Репрессия кеңестік жүйенің іш­тен туған баласындай болған, ар­найы жоспар бойынша жүргізілген. Қолдан жасалған “саяси науқан” салдарынан жазықсыз қудаланып, атылып кеткен “халық жауларының” отбасы мен жан жарларының қан­дай тағдыр тәлкегіне түскенін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Отан­дық, шетелдік архивтерді ақтарған кезде кеңес үкіметінің былыққа толы лас істерінен түңіліп, шаршап шы­ғасың. Ондағы деректер зұлмат ке­зеңнің айуандық, тағылық әрекетте­рін бұлтартпастай айғақтап береді. Хрущев Сталинді 1956 жылы әшке­релеген кезде қозғалған “істер” адамның күлкісін келтіреді, бір жа­ғынан, ашу-ызасын тудырады. Та­лай адам бір шелек бидай “ұрлаға­ны” үшін итжеккенге айдалған. Ста­линның қызы Светлана Аллилуева мемуарлық кітабында әкесінен қат­ты түңілгенін, жиіркенгенін ашық жазады.

– Сіз саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның мүшесісіз. Та­рих­тың осы қаралы беті мен ашаршылықтан қырылған жан­дар­ды жылына бір рет қана еске алумен шектеліп жүрген сияқты­мыз ба, қалай?

– Мұның өзі қазақ қоғамының өз тарихына әлі де бейжай қарайтын қалпын білдірсе керек. Әйтпесе бұл тақырыпты індете зерттеп, мақала­лар жазып жүрген ғалымдар мен тарихшылар аз емес. Сіз айтқан екі күнді бір мезетте атап өтудің еш­қан­дай өрескелділігі жоқ. Екіге бөліп қарағаннан ешнәрсе ұтпаймыз. Біз­ге нақты нәтиже қымбат. Ресей бұ­рынғы кеңес одағының мұрагері еке­нін ресми мойындады емес пе? Олай болса, геноцид пе әлде этноцид емес пе – осы қылмыстарын да мойынмен көтеруі тиіс. Мәселен, Украина Парламенті геноцид екенін заңды тұрғыдан бекітті. Еуропарла­мент адамзатқа қарсы істелген қыл­мыс ретінде таныды.

Қазақстандағы ахуал басқаша­лау. 2020 жылы репрессия құрбан­дарын ақтау туралы комиссия құ­рылған кезде Ресейдің Федоров, Ни­канов сияқты саясаткерсымақтары Қа­зақ­станда ұлтшылдық күшейіп жа­тыр деп шулағаны есімізде. Мұның арғы жағында сыртқы күштердің бұрынғы кезеңнен қалған өктемдік, менмендік пиғылы жатқанын аңғару қиын емес. Соған қарамастан үш жылдың ішінде біраз шаруаның басы қайырылды. Осы жылдың ая­ғын­да қорытындыланады деген үміт­теміз. Жұртшылық тарапынан ақтау комиссиясы неге кеш құрылып жатыр деген сауалдарды естіп қа­ламыз. 1956 жылы құрылған комис­сияның жұмысы тоқтап қалды. 1993 жылы академик Манаш Қозыбаев­тың бастауымен жаппай аштық мәсе­лесін көтерген комиссия 2-3 жылдай ғана жұмыс істеп, әртүрлі себеп­термен аяқсыз қалды. Қазіргі комис­сияның олардан басты айырмашылығы, толық ақтау деп аталады.

– Осы жағын газет оқырмандарына түсіндіре кетсеңіз?

– Оның ауқымы әлдеқайда кең. Репрессия неге болды, кімдердің қолымен атқарылды, идеологиялық негіздері қандай деген сұрақтар да қарастырылған. Сталиннің кезінде шығарылған заңдардың күшін жою жөнінде Президенттің Жарлығы бол­маса, Парламенттің шешімі шығуы керек. Сонда ғана құпия архивтерге жол ашылып, тың мәліметтер іздес­тіріліп, репрессияға ұшырағандар то­лық ақталды деп есептеледі. Әйтпесе бәрі бекер. 1989 жылдары, тіпті қазір де туған-туыстарының өтініш-арыздары негізінде ақталғандар бар. Комиссияның міндеті – іздеушісі жоқ жандардың да есімдерін қалпы­на келтіру. Мысалы, Сәкен Сейфул­лин “үштіктің” бұйрығымен атылса, әйелі “Алжир”-ге қамалды. Тұрар Рыс­құловтың үш қызы да НКВД жүйесіндегі балалардың арнайы мекемесіне жіберілді. Ешкімді де аямаған, адам өмірін ойыншық еткен. Ара­ларында бір, екі жастағы балалар да кездеседі. Жабық қамауда ұстаған. Кәмелетке толмағандарға зорлық­пен жұмыс істеткен. Көбі психоло­гиялық күйзеліске түсіп, психикалық ауруға ұшыраған. Балалар үйінен шыққаннан кейін қатарға қосылуы өте қиын болған. Құқықтары аяққа тапталған. Мен архивтен мынандай құжатты кезіктірдім. 1923-1924 жылда­ры Ленинді ауыр науқас меңдеген кезде партияның орталық комитеті 2-3 жыл сайын “тазалап” отыру жөнінде өте құпия шешім қабылдаған. Тізімге партия қайраткерлерін, жұмысшыларды, шаруаларды, зиялы қауым, тіпті дін өкілдерін енгізген. “Та­залау” дегеніміз, өздерінің сенім­ді деген санаулы адамдарын қалды­рып, қалғандарын аяусыз жазала­ған. Репрессияның жүздеген әдісін ойлап тапқан. Жер аудару, ату, ит­жекк­енге айдау, қызметтен кетіру, қу­далау, туыстарын іздеп тауып, түрлі қысым жасау сықылды. Әсіресе не­гіз­сіз қаралау кең өріс алған. Мағжан 1920 жылдардан бастап небір қор­лықтарды бастан өткерген. 1989 жыл­ға дейін қазақ зиялы қауымы та­лап еткенге дейін “жабық тақырып” ретінде қалып, “буржуазияшыл ұлтшыл”, “ескіні аңсаушы” ретінде ғана халық санасына сіңіріп бақты. Архивтен Дінмұхамед Қонаевтың туған нағашысы – Ахмет Шынболатовтың атылғаны жайлы деректі таптым. Түбі – Алматы облысы Шелек ауданы, Петропавлда тұтқындалған. Оны Солтүстік Қазақстан облысын басқарған Аммосовтың “ісі” бойын­ша “троцкист” деген желеумен ұс­тап, ке­ңес үкіметіне қарсы топпен байланысқан деген айып тағылған. Ширек ғасырға жуық Қазақстанды басқар­ған Димекеңнің өзі осы құ­жатты білмей кеткен сияқты. Батшан Тәкеева және Ұлбала Сағындықова деген екі қазақ әйелі “Карлаг”-та отырған. Бірде түрмеден қашып, ұс­талады. Тергеу­шіге “балаларымыз­ды сағындық, тым болмаса бір рет көргіміз келді”, – деп көз жастарын көлдей еткен. Екеуін бір шелек би­дай үшін түрмеге тоғытқан. НКВД-нің нағыз қандықол, қылмыскер мекеме болғанын айғақ­тай­тын дәлелдер жет­кілікті.

Тек былтырдың өзінде ғана комиссияның мұрындық болуымен репрессия және ашаршылық тура­лы жарық көрген 33 том кітапта тек қана құжаттар топтастырылған. Бұл – үлкен шаруаның басы ғана. Тағы алты том әзірленуде. Облыстарда да жүйелі түрде айналысуда. Түрме десе, көбіне “Алжир” мен “Карлаг” еске түседі. “Жезказганлаг”, “Степнолаг”-ты көпшілік біле бермейді. Аудандарда, ірі ауылдар жандарында уақытша түрмелерге адамдарды қойша тоғыт­қан. Мәселен, Тимирязев ауда­нында “Байқала” деген жерде бай тұ­қымдарын қамап, неше түрлі зор­лық-зомбылық көрсеткен. “Бай” де­ген ұғымның түп-төркінін құбыжық ретінде түсіндірген.

– Құжаттардың дені Ресей ар­хивтерінде екені жасырын емес. Оған кіруге рұқсат бар ма?

– Мыңдаған құжаттар алынды. Бұл – теңіздің тамшысындай ғана. Ең қиын жайт осы болып тұр. Кей архивтер өтінішімізге түсіністікпен қараса, кейбірінің қырық сылтауы таусылмайды. Қанша адамның реп­рессияға ұшырағаны әлі белгісіз, нақ­ты дерек жоқ. Комиссия құрамында жүргенде бір байқағаным, жекелей ақтау мүмкін емес. Оған миллион­даған адамдардың тағдыры ретінде қарау керек.

Карл Маркс пен Фридрих Эн­гельс “Манифесте негіздеп кеткен жекеменшікті жою, пролетариат дик­татурасын орнату, коммунизм қоға­мын құру идеяларын ресейлік ізба­сарлары өте шеберлікпен пайдала­нып, саяси доктринаға айналдырды. Білімі жоқ адамдардың қолдарына қару ұстатып, қазақ даласына қапта­тып жіберді. Большевиктердің арасы­нан дұрыс адам таппайсың, түр­меден қашқан, білімі орта дегендей. Экономика заңдарын не саясаттың алғышарттарын білмеген. Бар мақсаттары – әкімшіл-әміршіл тәсілмен билікті ұстап тұру болды. Лениннің еңбектерімен жақсы таныспын. Күш­пен жұмыс істетуге, жалпылама ұран-сөздерге басымдық беріп оты­рады. Батыс технологиясына көп арқа сүйеген. Бірақ оны жасырып отырған. Голощекиннің бар бітіргені – тіс емдеу курсы. Қырғызстанды басқарған Юсуп Әбдірахманов жоға­рыдан келген нұсқауларды барынша жұмсартып отырса, Голощекин де­ген әумесер Сталинге жағынудан ал­дына жан салмаған. Коммунистік платформада болғандарды Алаш қайраткерлеріне қарсы айдап са­лып, кейін өздерінің көзін құртқан. Бір сөзбен айтқанда, осындай сатқындарға лайықты баға беру керек. Сатқындық ұлтқа қарамаған. Алайда қылмыстар кеңес одағында жасалғандықтан, зардап шеккендердің отбасыларына Қазақстан материал­дық көмек көрсете алмайды. Оны заң жолымен реттеу де өте қиын.

Сөз соңында айтарым, Егемендік декларациясы тәуелсіздік бастауы екенін ұмытпайық. Қазір ең маңыздысы мемлекеттілігімізді сақтау, одан әрі дамытудың жолдарын кешенді түрде жалғастыру болмақ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp