Белгілі журналист, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, “Egemen Qazaqstan” республикалық қоғамдық-саяси газетінің өңіріміздегі меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат “Қазақстанның құрметті журналисі” атанды. Қаламгердің зейнет жасқа толуына байланысты облыстық әкімдікте өткен салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық және Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік университеттерін экономист және филолог мамандықтары бойынша тамамдаған Жақсыбай Баянұлы 1993 жылдан журналистикаға бет бұрып, облыстық телеарнада редактор қызметін атқарды. Кейін республикалық “Жас Алаш”, “Қазақ әдебиеті”, “Ана тілі” газеттеріне экономикалық саяси маңызды мәселелерді көтерген мақалалар жариялап тұрған. Қаламгердің қазақ әдебиеті мен журналистикасын дамытуға қосқан үлесі зор, – деді облыс әкімі аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов.
Жақсыбай Самрат өз туындыларына қоғамдық маңызы зор мәселелерді, ұлттық құндылықтарымызға қатысты дүниелерді арқау еткенін айтқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай қуаныш иесіне Абылай хан туралы жазылған үш томдық кітапты сыйға тартты.
Бүгінге дейін “Бітеу жара”, “Өзгеленді бұл ғалам”, “Тауағаш деген ел едік”, “Күзде гүлдеген алмалар”, “Абылайдың ақ үйі”, “Бұралаң заман”, “Жылдар жылжып барады”, “Ізденіс жылдары” сынды 15 кітабы жарық көрген журналистің қолтаңбасы атақты Мағжан Жұмабаев іргетасын қалаған облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінде де сайрап жатыр.
– “Egemen Qazaqstan” газетінде халықтың көкейінде жүрген көп мәселенің оңтайлы шешілуіне, ұлттық құндылықтарымыздың ортамызға қайта оралып, мемлекеттік тіліміздің төрге озуына еңбек сіңірдіңіз. Қаламыңыздан туған өткір-өткір мақалалар мен көркем әдеби шығармалар сіздің әдебиет пен журналистиканың көшін қатар сүйреп жүрген қарымды қаламгер екеніңізді айғақтай түседі, – деді “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ербақыт Амантайұлы.
Шара соңында қаламгер жиналғандарға алғысын білдіріп, “Өмір жолы – тар соқпақ” атты мемуарлық еңбегінің жарыққа шығатынын сүйіншілей жеткізді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.