Қызылжар өңіріне келген іс-сапар барысында белгілі тарихшы, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік тарих институты директорының орынбасары, жерлесіміз Бүркітбай Аяғанмен кездесіп, егемендік декларациясының мәні, өзге де саяси мәселелер жайында әңгіме өрбіттік.
– Бүркітбай Ғелманұлы, биыл Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 33 жыл толып отыр. Осынау мәні айрықша құжаттың 2009 жылы мейрам санатынан алынып тасталуы қазақстандықтарға тарихи маңызын жоққа шығарғандай әсер етті. Сіз қалай ойлайсыз?
– Иә, 13 жыл аталмай келген Республика күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 29 қыркүйектегі Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне, атап айтқанда, “Кинематография, мәдениет және мерекелер мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Жарлығына сәйкес, әділеттілік қалпына келтірілді. Мемлекет басшысы сол жылы өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Республика күні қайтарылатынын айта келіп, осы күнге “Егемендік күні” ретінде баға берген. “Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын”, – деп атап көрсеткен.
Саяси оқиғалар күнтізбесінен сызылып, бертінге дейін атаусыз қалуының себебін субъективтік факторлардың, волюнтаризмнің көрінісі деп бағалауға болады. Қазақта “игіліктің ерте-кеші жоқ” деген жақсы сөз бар. Қазақстандықтар үшін ең маңызды ұлттық мейрам ретінде қайтарылуына, арнайы атап өтілуіне алғашқылардың қатарында үн қосқандардың бірімін. Жастар үшін рухани әрі саяси орны бөлек. Ең бастысы, бастапқы мәні сақталады және де ұлттық батырларға тағзым күні ретінде атап өтілмек.
Бәзбіреулердің декларацияны жарияламай-ақ, Қазақстан бірден тәуелсіздігін алуы керек еді деген пікірлерімен келіспеймін. Бұл біріншіден, еліміздің мемлекеттілік негізін қалаған алғашқы заңды құжат ретінде құнды. Мұнда дербес ел ретіндегі саяси-құқықтық атрибуттар, бірегей тұтастығымыз, оған қол сұғылмайтыны, халықаралық саясаттағы құқықтар мен міндеттер, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді, басқа этнос өкілдерінің мәдениетін, тілін дамыту қарастырылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу, ұлт араздығын қоздыру әрекеттері заң шеңберінде қатаң жазаланатыны, жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары ерекше меншікте болатыны атап көрсетілді. “Қазақ КСР-і Республика үлесіне сәйкес, жалпыодақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне құқылы, республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге түрлері үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады”, – деп жазылды. Президент Республиканың басшысы, ең жоғарғы әкімшілік-атқарушылық биліктің иесі ретінде танылды. Сондықтан “Мемлекеттік егемендік туралы” декларацияны қабылдау қазақ халқының тарихындағы ұлы оқиғалардың бірі десек, артық айтқандық емес. Оның аясында 1991 жылғы 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы” Конституциялық Заңды, кейін Конституцияны қабылдауға негіз болды. Сөйтіп азаматтардың өздерінің еркін жеткізу мүмкіндігіне ие болғанын, тоталитарлық тәртіптен азат елді құруға дайын екенін көрсетті. Үшіншіден, Қазақстанның мемлекеттілік негізін қалаған алғашқы құжат ретінде жастар арасында кеңірек насихаттаудың маңызы зор. Осындай патриоттыққа, елдікке, отаншылдыққа тәрбиелейтін мейрамдар мектептерде, мекемелерде жоғары деңгейде тойлануы қажет. Төртіншіден, сол кездегі күрделі саяси-экономикалық ахуалға қарамастан орталық биліктен бөлінуге деген ұмтылыстың өзі неге тұрады? Ең бастысы, дербес республика бола алатынымызды айғақтап берді.
– Декларацияның Парламентте ресми бекітілуі оңай болған жоқ, үлкен тартыс жағдайында өтті. Сіз сол кезде көптеген саяси күрестердің куәсі болдыңыз. Көзбен көрген, бастан кешкен оқиғаның мән-жайына тоқтала кетсеңіз?
– Ол рас. Қазіргі Абай атындағы ұлттық университетті тамамдаған соң сонда жұмысқа қалдырылдым. “Ақиқат” биформалдық дебаттық клубын құруға мұрындық болып, қатарымызға есімдері республикаға белгілі Жасаралы Қуанышалин, Дос Көшім, Дархан Мыңбай, Жанболат Байжанов, Қайрат Сақ, Алтынбек Сәрсенбаев секілді жаңаша ойлайтын азаматтар тартылды. Кейін Президент аппаратында сектор меңгерушісі қызметін атқарғанымда, көп жыл Мемлекеттік тарих институтына жетекшілік еткенімде де саяси және ұлттық мәселелерге қатысты талас-пікірлерге қатысудан бас тартқан емеспін, ойымды ашық білдіріп жүрдім.
Декларация қабылданардан бұрын Қазақстанда президенттік басқарудың енгізілгенін айта кеткім келеді. Бұл мәселе 1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңесте талқыланып, академик, белгілі заңгер Сұлтан Сартаевтың жан-жақты баяндама жасағаны бүгінгідей көз алдымда. 4-5 республикада ғана президенттік басқару жүйесі құрылған. Кей депутаттар президент институты керек жоқ деп қатты қарсылық білдіргенмен, көпшіліктің мерейі үстем болды. Декларациядан соң да Одақты жаңарту жайы қатты қозғалып, әлде федерация, әлде конфедерация деген мәселенің аяғы үлкен дауға ұласты. Оның ақыры 1991 жылғы 19 тамыздағы Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің (ГКЧП) бүлігімен аяқталып, нүкте қойылғаны белгілі. Бір қызығы, Қазақстан одақты сақтап қалуға дауыс берді. Содан болар, тәуелсіздікті жариялау мәселесі кейінге шегеріліп, тым ұзаққа созылып кетті.
Декларация алдағы бағдарымызды нақты анықтап беру арқылы халықтың саяси ерік-жігеріне үлкен серпіліс тудырды.
– Сіз белсене араласатын қоғамдық жұмыстар аз емес. Олардың ішінде саяси қуғын-сүргін және ашарлық боздақтарына қатысты сүбелі еңбектеріңіз ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл салаға арналған монографиялық еңбектеріңіз, зерттеу мақалаларыңыз оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алғаны белгілі. Көптеген шетелдің архивтерін көз майын тауыса ақтарып, құнды материалдар жинақтадыңыз. Сол жұмысқа тоқтала кетсеңіз.
– Репрессия кеңестік жүйенің іштен туған баласындай болған, арнайы жоспар бойынша жүргізілген. Қолдан жасалған “саяси науқан” салдарынан жазықсыз қудаланып, атылып кеткен “халық жауларының” отбасы мен жан жарларының қандай тағдыр тәлкегіне түскенін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Отандық, шетелдік архивтерді ақтарған кезде кеңес үкіметінің былыққа толы лас істерінен түңіліп, шаршап шығасың. Ондағы деректер зұлмат кезеңнің айуандық, тағылық әрекеттерін бұлтартпастай айғақтап береді. Хрущев Сталинді 1956 жылы әшкерелеген кезде қозғалған “істер” адамның күлкісін келтіреді, бір жағынан, ашу-ызасын тудырады. Талай адам бір шелек бидай “ұрлағаны” үшін итжеккенге айдалған. Сталинның қызы Светлана Аллилуева мемуарлық кітабында әкесінен қатты түңілгенін, жиіркенгенін ашық жазады.
– Сіз саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның мүшесісіз. Тарихтың осы қаралы беті мен ашаршылықтан қырылған жандарды жылына бір рет қана еске алумен шектеліп жүрген сияқтымыз ба, қалай?
– Мұның өзі қазақ қоғамының өз тарихына әлі де бейжай қарайтын қалпын білдірсе керек. Әйтпесе бұл тақырыпты індете зерттеп, мақалалар жазып жүрген ғалымдар мен тарихшылар аз емес. Сіз айтқан екі күнді бір мезетте атап өтудің ешқандай өрескелділігі жоқ. Екіге бөліп қарағаннан ешнәрсе ұтпаймыз. Бізге нақты нәтиже қымбат. Ресей бұрынғы кеңес одағының мұрагері екенін ресми мойындады емес пе? Олай болса, геноцид пе әлде этноцид емес пе – осы қылмыстарын да мойынмен көтеруі тиіс. Мәселен, Украина Парламенті геноцид екенін заңды тұрғыдан бекітті. Еуропарламент адамзатқа қарсы істелген қылмыс ретінде таныды.
Қазақстандағы ахуал басқашалау. 2020 жылы репрессия құрбандарын ақтау туралы комиссия құрылған кезде Ресейдің Федоров, Никанов сияқты саясаткерсымақтары Қазақстанда ұлтшылдық күшейіп жатыр деп шулағаны есімізде. Мұның арғы жағында сыртқы күштердің бұрынғы кезеңнен қалған өктемдік, менмендік пиғылы жатқанын аңғару қиын емес. Соған қарамастан үш жылдың ішінде біраз шаруаның басы қайырылды. Осы жылдың аяғында қорытындыланады деген үміттеміз. Жұртшылық тарапынан ақтау комиссиясы неге кеш құрылып жатыр деген сауалдарды естіп қаламыз. 1956 жылы құрылған комиссияның жұмысы тоқтап қалды. 1993 жылы академик Манаш Қозыбаевтың бастауымен жаппай аштық мәселесін көтерген комиссия 2-3 жылдай ғана жұмыс істеп, әртүрлі себептермен аяқсыз қалды. Қазіргі комиссияның олардан басты айырмашылығы, толық ақтау деп аталады.
– Осы жағын газет оқырмандарына түсіндіре кетсеңіз?
– Оның ауқымы әлдеқайда кең. Репрессия неге болды, кімдердің қолымен атқарылды, идеологиялық негіздері қандай деген сұрақтар да қарастырылған. Сталиннің кезінде шығарылған заңдардың күшін жою жөнінде Президенттің Жарлығы болмаса, Парламенттің шешімі шығуы керек. Сонда ғана құпия архивтерге жол ашылып, тың мәліметтер іздестіріліп, репрессияға ұшырағандар толық ақталды деп есептеледі. Әйтпесе бәрі бекер. 1989 жылдары, тіпті қазір де туған-туыстарының өтініш-арыздары негізінде ақталғандар бар. Комиссияның міндеті – іздеушісі жоқ жандардың да есімдерін қалпына келтіру. Мысалы, Сәкен Сейфуллин “үштіктің” бұйрығымен атылса, әйелі “Алжир”-ге қамалды. Тұрар Рысқұловтың үш қызы да НКВД жүйесіндегі балалардың арнайы мекемесіне жіберілді. Ешкімді де аямаған, адам өмірін ойыншық еткен. Араларында бір, екі жастағы балалар да кездеседі. Жабық қамауда ұстаған. Кәмелетке толмағандарға зорлықпен жұмыс істеткен. Көбі психологиялық күйзеліске түсіп, психикалық ауруға ұшыраған. Балалар үйінен шыққаннан кейін қатарға қосылуы өте қиын болған. Құқықтары аяққа тапталған. Мен архивтен мынандай құжатты кезіктірдім. 1923-1924 жылдары Ленинді ауыр науқас меңдеген кезде партияның орталық комитеті 2-3 жыл сайын “тазалап” отыру жөнінде өте құпия шешім қабылдаған. Тізімге партия қайраткерлерін, жұмысшыларды, шаруаларды, зиялы қауым, тіпті дін өкілдерін енгізген. “Тазалау” дегеніміз, өздерінің сенімді деген санаулы адамдарын қалдырып, қалғандарын аяусыз жазалаған. Репрессияның жүздеген әдісін ойлап тапқан. Жер аудару, ату, итжеккенге айдау, қызметтен кетіру, қудалау, туыстарын іздеп тауып, түрлі қысым жасау сықылды. Әсіресе негізсіз қаралау кең өріс алған. Мағжан 1920 жылдардан бастап небір қорлықтарды бастан өткерген. 1989 жылға дейін қазақ зиялы қауымы талап еткенге дейін “жабық тақырып” ретінде қалып, “буржуазияшыл ұлтшыл”, “ескіні аңсаушы” ретінде ғана халық санасына сіңіріп бақты. Архивтен Дінмұхамед Қонаевтың туған нағашысы – Ахмет Шынболатовтың атылғаны жайлы деректі таптым. Түбі – Алматы облысы Шелек ауданы, Петропавлда тұтқындалған. Оны Солтүстік Қазақстан облысын басқарған Аммосовтың “ісі” бойынша “троцкист” деген желеумен ұстап, кеңес үкіметіне қарсы топпен байланысқан деген айып тағылған. Ширек ғасырға жуық Қазақстанды басқарған Димекеңнің өзі осы құжатты білмей кеткен сияқты. Батшан Тәкеева және Ұлбала Сағындықова деген екі қазақ әйелі “Карлаг”-та отырған. Бірде түрмеден қашып, ұсталады. Тергеушіге “балаларымызды сағындық, тым болмаса бір рет көргіміз келді”, – деп көз жастарын көлдей еткен. Екеуін бір шелек бидай үшін түрмеге тоғытқан. НКВД-нің нағыз қандықол, қылмыскер мекеме болғанын айғақтайтын дәлелдер жеткілікті.
Тек былтырдың өзінде ғана комиссияның мұрындық болуымен репрессия және ашаршылық туралы жарық көрген 33 том кітапта тек қана құжаттар топтастырылған. Бұл – үлкен шаруаның басы ғана. Тағы алты том әзірленуде. Облыстарда да жүйелі түрде айналысуда. Түрме десе, көбіне “Алжир” мен “Карлаг” еске түседі. “Жезказганлаг”, “Степнолаг”-ты көпшілік біле бермейді. Аудандарда, ірі ауылдар жандарында уақытша түрмелерге адамдарды қойша тоғытқан. Мәселен, Тимирязев ауданында “Байқала” деген жерде бай тұқымдарын қамап, неше түрлі зорлық-зомбылық көрсеткен. “Бай” деген ұғымның түп-төркінін құбыжық ретінде түсіндірген.
– Құжаттардың дені Ресей архивтерінде екені жасырын емес. Оған кіруге рұқсат бар ма?
– Мыңдаған құжаттар алынды. Бұл – теңіздің тамшысындай ғана. Ең қиын жайт осы болып тұр. Кей архивтер өтінішімізге түсіністікпен қараса, кейбірінің қырық сылтауы таусылмайды. Қанша адамның репрессияға ұшырағаны әлі белгісіз, нақты дерек жоқ. Комиссия құрамында жүргенде бір байқағаным, жекелей ақтау мүмкін емес. Оған миллиондаған адамдардың тағдыры ретінде қарау керек.
Карл Маркс пен Фридрих Энгельс “Манифесте негіздеп кеткен жекеменшікті жою, пролетариат диктатурасын орнату, коммунизм қоғамын құру идеяларын ресейлік ізбасарлары өте шеберлікпен пайдаланып, саяси доктринаға айналдырды. Білімі жоқ адамдардың қолдарына қару ұстатып, қазақ даласына қаптатып жіберді. Большевиктердің арасынан дұрыс адам таппайсың, түрмеден қашқан, білімі орта дегендей. Экономика заңдарын не саясаттың алғышарттарын білмеген. Бар мақсаттары – әкімшіл-әміршіл тәсілмен билікті ұстап тұру болды. Лениннің еңбектерімен жақсы таныспын. Күшпен жұмыс істетуге, жалпылама ұран-сөздерге басымдық беріп отырады. Батыс технологиясына көп арқа сүйеген. Бірақ оны жасырып отырған. Голощекиннің бар бітіргені – тіс емдеу курсы. Қырғызстанды басқарған Юсуп Әбдірахманов жоғарыдан келген нұсқауларды барынша жұмсартып отырса, Голощекин деген әумесер Сталинге жағынудан алдына жан салмаған. Коммунистік платформада болғандарды Алаш қайраткерлеріне қарсы айдап салып, кейін өздерінің көзін құртқан. Бір сөзбен айтқанда, осындай сатқындарға лайықты баға беру керек. Сатқындық ұлтқа қарамаған. Алайда қылмыстар кеңес одағында жасалғандықтан, зардап шеккендердің отбасыларына Қазақстан материалдық көмек көрсете алмайды. Оны заң жолымен реттеу де өте қиын.
Сөз соңында айтарым, Егемендік декларациясы тәуелсіздік бастауы екенін ұмытпайық. Қазір ең маңыздысы мемлекеттілігімізді сақтау, одан әрі дамытудың жолдарын кешенді түрде жалғастыру болмақ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.