Медиация дегеніміз – істің нәтижесіне мүдделі емес, тәуелсіз, бейтарап үшінші нысанның қатысуымен өтетін дауды балама реттеу. Бұл маңызды институтты өркениетті елдер әлдеқашан мойындап, тиімділігіне көз жеткізген. Түрлі себептермен туындап жататын жанжалдарды, келіспеушіліктерді татуластыру арқылы шешуді көздейтін медиацияның елімізде қолданысқа енгізілгеніне он жылдан асты. Осы уақыт аралығында медиация қызметіне жүгінушілер қатарының артқаны байқалады. Ол оңайлықпен келген жоқ. Медиацияның мәнін, маңызын, мақсатын білмейтіндерге заңның мәнін түсіндіру, пайдалы тұстарын ұқтыру, артықшылығына көз жеткізу үшін көптеген іс-шаралар атқарылды. Медиация туралы заңның қолданыс аясын кеңейту, жаңа бастаманы жұртшылыққа насихаттау, медиаторлар жүйесін қалыптастырып, танымалдылығын арттыру бағытында да кешенді жұмыстар жүргізілді. Тараптардың сеніміне ие болып, дауды ортақ мәмілемен шешу міндеті жүктелген татуластырушы судьяға артылар міндет тіпті ауқымды.
Медиацияны жүзеге асырушы медиатор да, татуластырушы судья да тараптарды кінәлі немесе кінәсіз деп бөліп-жармайды, тараптарға жауапкершілік жүктеп, нұсқау бермейді. Татуластырушы судьяның негізгі мақсаты – тараптарды келісімге келуге шақыру, бітімге келсе, уақыт пен қаржыны үнемдеуге болатынын, тараптар арасындағы сыйластыққа кінәрат түспейтінін жан-жақты түсіндіру. Сот процесіне қарағанда медиация рәсімі қысқа уақытта қаралады, әрі мемлекеттік баж салығы төленбейді. Ең бастысы, екі жақ арасындағы жылы қарым-қатынас үзілмейді. Азаматтар өз мүддесін қорғауда абырой-беделін сақтап қалады.
Татуластырудың тағы бір артықшылығы, бекітілген келісімге сәйкес, онда тараптар белгіленген шарттарды дер кезінде, уақытылы орындауға мүдделі. Егер ерікті түрде орындалмаған жағдайда татуласу келісімін жасасқан тұлға өтінішхат жазып, сол бойынша сот берген атқару парағын негізге ала отырып ортақ келісімнің шарттарын мәжбүрлеп орындата алады. Біз татуластырушы судья ретінде сот өндірісіне түскен істерді сараптап, тараптарға медиацияның артықшылығын насихаттауға барынша күш салып келеміз. Медиацияның бірінші қағидаты – еріктілік, екіншісі – тараптардың теңдігі, үшіншісі – бейтараптылық, төртіншісі – құпиялылық. Медиацияда жеңілген тараптар болмайтынын баса айтқым келеді. Қазіргі уақытта сот органдарында дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдер кеңінен қолданылады, оларды кейін сот бекітеді.
Соңғы жылдары татуласу келісімдерін бекітумен аяқталған істер саны көбейді. Мысалы, 2022 жылдың 9 айында облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьялары 167 іс бойынша тараптарды татуластырып, 29392308 теңгеден астам мемлекеттік баж қайтарылды. Оның ішінде бітімгер судья 97 іс бойынша тараптарды татуластырып, 50 бітімгершілік, 47 медиативтік келісім жасалды. Қайтарылған мемлекеттік баж мөлшері – 14 550 232 теңге. Биыл 9 айда сот судьялары барлығы 303 іс бойынша тараптарды татуластырды, 156 063 717 теңгеден астам мемлекеттік баж қайтарылды. Бітімгер судья 152 іс бойынша тараптарды татуластырып, 60 бітімгершілік, 92 медиативтік келісім жасады. 99340268 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж қайтарылды
Тараптардың медиация мүмкіндіктерін пайдалана отырып, дауды сотқа жеткізбей өзара келісімге келуі соттарға да тиімді. Бұл сот жүктемесін азайтып, судьялардың ізденуіне, назарларын күрделі істерге аударуына ықпал етеді. Қорыта айтқанда, тараптардың татуласуы, бір мәмілеге келуі, сотқа да, дауласушы тарапқа да өте қолайлы.
Бауыржан ЖАЙЖҰМАНОВ,
облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.