Биылдың өзінде тұрғындар интернет-алақтарға алданып, 13 млрд. теңгеден астам қаржысынан айырылған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
“Жыл басынан бері азаматтарды интернет арқылы алдауға байланысты 15,5 мың қылмыс тіркелген. Бұл әрекеттердің салдарынан зардап шеккендерге 13 млрд. теңге шығын келген. Алаяқтықтың ең көп таралған әдісі – онлайн сауда. Онлайн саудамен байланысты 7 мың алаяқтық жасалған”, – деді Рүстем Дүйсетаев.
Оның айтуынша, банктер мен микроқаржы ұйымдарында алаяқтық пен жалған онлайн несие беру деректері де жиілеп кеткен. Статистикада мұндай 1600 жағдай тіркелген. 1200 қазақстандық қаржы пирамидаларына ақшасын салып, тиынсыз қалған. Алаяқтар өзін ең үздік қаржылық ұйым ретінде көрсететін жалған веб-сайттарды пайдаланады. Кейде сенімге кіру үшін олар азаматтарға бір реттік дивиденд төлеп жатады.
Сондай-ақ азаматтардың карталарынан ақша алу үшін жалған төлем сайттарын жасап, карта деректерін енгізу кезінде барлық соманы есептен шығарып отырған.
Жыл басынан бері облысымыздың мыңдаған тұрғыны интернет-алаяқтардың алдауына түскен. Алданғандардың басым бөлігі – қыз-келіншектер. Олардың көбі “Olx” және “Колеса” сайттарында әлдебір зат сатып алу барысында алаяқтардың құрбаны болған. Облыстық прокуратура басқармасының прокуроры Асхат Жұмабеков өткен жылмен салыстырғанда, алаяқтық бойынша тіркелген істің көлемі 12 пайызға артқанын айтады. Сонымен қатар ол өңірімізде күн сайын кем дегенде 4 адам интернет-алаяқтың құрбаны болатынын мәлім етті. “Банк қызметкерімін деп хабарласатын алаяқтардың әдісі облысымызда кең тарауда. Алаяқтың тұзағына түскендер саны 300-ден асады. Ал интернетте зат сатып алу үшін алдын-ала төлем жасап, ақшасынан айырылғандар саны 200-ден асады”, – деген облыстық прокуратура өкілі интернет-алаяқты қолға түсіру өте қиын екенін, тұрғындарға мүмкіндігінше сақ болуға кеңес берді.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan.