Қазіргі кезде елімізде АЭС салу туралы тақырып қоғамдық талқыға салынып жатыр. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстанда АЭС салу мәселесінің бүкілхалықтық референдум арқылы шешілетінін мәлімдеген болатын.
Энергетикалық тапшылық – әлем елдерін алаңдатып отырған басты проблеманың бірі. Қарапайым мысал ретінде алып қарасақ, көппәтерлі үйлерді көмірмен жылытудың өзі ел бюджетіне ауыр салмақ салуда. Ал көмір жағудан бөлінетін улы газдың қоршаған ортаға тигізетін зияны айтпаса да түсінікті. Әлемде 31 мемлекетте 193 АЭС жұмыс істеп тұр. Оларда 438 энергоблок арзан электр қуатын өндіруде. Әлемде өндірілетін электр қуатының 17 пайызы АЭС-ке тиесілі.
Қоғамда салынатын АЭС-тің қауіпсіздігіне қатысты түрлі ой айтылып жатыр. Осыған орай, ең алдымен, салынатын АЭС құрылысының МАГАТЕ талаптарына сай қауіпсіз болуы, қоғам тарапынан бақылауға алынуы сияқты түйткілді мәселе – аса өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: “Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесі, бұл – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз”, – деген болатын.
Америкалық радиобиолог Роберт Бартелл ХХІ ғасырдың басында атом индустриясының салдарынан 223 миллион адам зардап шеккенін айтады. Даун синдромы, қояншық ауруы, ақыл мен дене дамуынан артта қалушылық етек алып тұрғанын айтқан ғалым: “АЭС-тен шыққан радионуклид цезий-137 өте қауіпті. Ол адам ағзасына түссе, саркома дертін туғызады. Стронций-90 ақ қан (лейкемия) ауруына ұшыратады. Криптон-85-тің аздаған дозасы тері рагымен ауру ықтималдығын арттырады. Ядролық объектілер қызметкерлерінің өзі радиациялық ықпалға көбірек ұшырайды” деп жазады өзінің ғылыми еңбегінде.
2000 жылдан бері әлемде 40 энергоблок жабылыпты. 2016 жылы әлемде 398 реактор жұмыс істеп тұрды. Соңғы 30 жылда бүкіл әлемдегі реакторлардың 25 пайызы (128 реактор) жұмысын тоқтатқан. Бұл үрдіс әлі жалғасын табуда. Себебі бірнеше елдің АЭС-і апатқа ұшырап, халқы үлкен зардап шеккені мәлім.
Бүгінде Еуроодақ елдері энергияның жел мен күн сияқты қайталама көздеріне ден қоюда. Алдағы уақытта бұл қуат өндірудің басты бағытына айналмақ. 2014 жылы бүкіл әлемде жел қуатынан алынған энергия жылына 694 ТВт-с (терра-ватт-сағат), күн қуаты – 185, ал атом қуаты 165 ТВт-сағат болды. Ядролық энергетика өндіру 11 пайыздай азайды.
Мысалы физика-математика ғылымдарының кандидаты Эльдар Кнардың айтуынша, АЭС салу Қазақстан тарихындағы ең қауіпті, қатері мол және тәуекелі көп жоба болмақ. “Росатом” түркиялық Мерсинде 2018 жылы АЭС сала бастады. 2018 жылы сарапшылар АЭС іргетасында көптеген жарылуларды анықтады. Түріктер “Росатомға” екінші Чернобыльдың пайда болуына қарсы екендерін айтып еді, олар іргетасты қайта қалады. Бірақ іргетастағы жарылулар араға уақыт салып, қайта пайда болған.
АЭС тақырыбы сөз бола қалса, қоғам тарапынан атом өнеркәсібі емес, бәлкім энергияны табиғи жолмен өндірсе қалай болады деген сауал туындайды. Өткен жылы осы сауал бойынша Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко еліміздің батыс және орталық өңірлерінде неміс технологиясы негізінде күн және жел электр стансасы жобасы қолға алынатыны туралы мәлімдеген. Оның айтуынша, бүгінде Саран қаласында немістің “Goldbeck Solar” атты фирмасының қатысуымен Орталық Азиядағы ірі, қуаты 100 мегаваттық күн электр жобасы іске қосылған. Сондай-ақ “SVEVIND” Дрезден компаниясы батыс және орталық Қазақстанның даласында жалпы қуаты 45 гигаватт жел және күн электр стансаларын салу бойынша ірі жобаға кірісетіні де айтылған болатын. Алайда бұған қатысты Энергетика министрі Болат Ақшолақов таяуда ғана: “Бірінші мәселе бағаға байланысты. Жаңартылатын энергия көздерінің қазіргі тарифі біздің қолданыстағы дәстүрлі стансалардағыдан қымбат. Екіншіден, табиғи энергия көздері маневрге икемсіз, стансалардың тірегіне айнала алады деуге де келмейді. Яғни үзіліссіз қуат бере алмайды. Өйткені табиғаттың жаратылысы солай – не үнемі жел соғып тұруы керек, не үнемі күн шығып тұруы шарт”, – деп жауап берді.
Чернобыль мен Фукусимадағы апат пен Семей аймағындағы ядролық сынақтардан шошынып қалған халықтың АЭС жұмысына сенімнен гөрі қорқынышы басым. Жапония мен АҚШ сияқты ғылым-білімі жан-жақты дамыған елдің өзі толық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмағандықтан, Қазақстанда АЭС салуға қатысты ел арасында екі түрлі пікір қалыптасқан. Яғни бірі АЭС-тен қауіптенсе, бірі өндіріс секторларын және электр энергиясына деген жалпы қажеттіліктерді қанағаттандырудағы берер мүмкіндіктері мол дейді.
Атом стансасын салу және оның энергетикасын игеру оңай бола қоймасы анық. Ең алдымен, технологияның тілін білетіндер керек. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы салада жұмыс істейтін кәсіби мамандарды даярлау қажет екенін атап өтті.
Жалпы есеппен алғанда, әлемде 32 елде 394 ГВт қуат күшімен жұмыс істейтін 440 АЭС бар дедік. 54 энергетикалық блок салыну үстінде, ал 201-і белгілі бір себептермен жабылып қалған. Ең көне және әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған станса Швейцарияда орналасқан. Ал қуат күші жағынан алда тұрғаны Қытайдың Гуандун провинциясындағы Тайшань стансасы, оның көрсеткіші – 4590 МВт.
Әлемде АЭС-те болған апаттың барлығына адами фактор себеп болды. Жапониядағы “Фукусима” стансасындағы апаттан кейін он жыл өтсе де елдің солтүстік-шығысындағы бірнеше қала әлі жабық. Ядролық қалдықтар мен миллион тоннадан астам радиоактивті суды тазалау үшін жүздеген мың жұмысшы қажет және бұл 30-40 жылға созылуы мүмкін деп отыр.
АЭС апатынан кейінгі ең қауіптісі – тікелей сәулелену. Ол небәрі бірнеше сағат немесе минутқа созылуы мүмкін, бірақ иондаушы сәулеленудің күшіне байланысты адам денсаулығына зор нұқсан келеді, бірден өліп кетуі де мүмкін.
Профессор, ядролық физика саласының маманы Қайрат Күтербеков Қазақстан атом электр стансасын салуға асықпауы керек деп санайды. Ол қандай технологияны таңдауға емес, мамандарды даярлауға аса мән беру керек екенін алға тартады. “Қазір Ресейдің әлдебір институттарының филиалын бізде ашуға тырысып жатыр. Бұл не деген сөз? Мынаны қараңыз: МИФИ (Мәскеу инженерия-физика институты) ҚазҰУ-да (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филиалын ашты. Онда ядролық физика оқытылмақ. Алайда атом реакторларының, стансалардың жұмыс істеуі үшін атом реакторларында жұмыс істейтін адамдар керек. Қазақстанда атом реакторлары жоқ, тек зерттеуге арналған ескі-құсқы дүниелер бар. Бізде мамандар бар деп те айта алмаймыз”, – дейді ол.
Қалай десек те, Қазақстанда АЭС салу мәселесі әзірге қоғамдық талқыға ұсынылды. Ал атом энергетика стансасын салу, салмау бүкілхалықтық референдумда шешіледі.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.