«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЭС: үміт пен күдік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі кезде елімізде АЭС салу туралы тақырып қоғамдық талқыға салынып жатыр. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­ғы Жолда­уында Қазақстанда АЭС салу мәсе­лесінің бүкілхалықтық референдум арқылы шешілетінін мә­лімдеген бо­латын.

Энергетикалық тапшылық – әлем елдерін алаңдатып отырған басты проблеманың бірі. Қарапайым мысал ретінде алып қарасақ, көп­пәтерлі үйлерді көмірмен жылыту­дың өзі ел бюджетіне ауыр салмақ салуда. Ал көмір жағудан бөлінетін улы газдың қоршаған ортаға тигізетін зияны айтпаса да түсінікті. Әлемде 31 мемлекетте 193 АЭС жұмыс істеп тұр. Оларда 438 энергоблок арзан электр қуатын өндіруде. Әлемде өн­дірілетін электр қуатының 17 пайызы АЭС-ке тиесілі.

Қоғамда салынатын АЭС-тің қауіпсіздігіне қатысты түрлі ой айты­лып жатыр. Осыған орай, ең алды­мен, салынатын АЭС құрылысының МАГАТЕ талаптарына сай қауіпсіз болуы, қоғам тарапынан бақылауға алы­нуы сияқты түйткілді мәселе – аса өзекті. Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­дауында: “Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге бо­лады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылаулар­ды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр стансасын салу немесе салмау мә­селесі, бұл – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референ­дум арқылы шешкен жөн деп са­наймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз”, – деген болатын.

Америкалық радиобиолог Ро­берт Бартелл ХХІ ғасырдың басында атом индустриясының салдарынан 223 миллион адам зардап шеккенін айтады. Даун синдромы, қояншық ауруы, ақыл мен дене дамуынан артта қалушылық етек алып тұрғанын айтқан ғалым: “АЭС-тен шыққан радионуклид цезий-137 өте қауіпті. Ол адам ағзасына түссе, саркома дертін туғызады. Стронций-90 ақ қан (лейкемия) ауруына ұшыратады. Криптон-85-тің аздаған дозасы тері рагымен ауру ықтималдығын артты­рады. Ядролық объектілер қызметкерлерінің өзі радиациялық ықпалға көбірек ұшырайды” деп жазады өзінің ғылыми еңбегінде.

2000 жылдан бері әлемде 40 энергоблок жабылыпты. 2016 жылы әлемде 398 реактор жұмыс істеп тұр­ды. Соңғы 30 жылда бүкіл әлемдегі реакторлардың 25 пайызы (128 реактор) жұмысын тоқтатқан. Бұл үрдіс әлі жалғасын табуда. Себебі бірнеше елдің АЭС-і апатқа ұшырап, халқы үлкен зардап шеккені мәлім.

Бүгінде Еуроодақ елдері энергияның жел мен күн сияқты қайталама көздеріне ден қоюда. Алдағы уақытта бұл қуат өндірудің басты бағытына айналмақ. 2014 жылы бүкіл әлемде жел қуатынан алынған энергия жылына 694 ТВт-с (терра-ватт-сағат), күн қуаты – 185, ал атом қуаты 165 ТВт-сағат болды. Ядролық энергетика өндіру 11 пайыздай азайды.

Мысалы физика-математика ғы­лымдарының кандидаты Эльдар Кнардың айтуынша, АЭС салу Қа­зақстан тарихындағы ең қауіпті, қа­тері мол және тәуекелі көп жоба болмақ. “Росатом” түркиялық Мерсинде 2018 жылы АЭС сала бастады. 2018 жылы сарапшылар АЭС іргетасында көптеген жарылуларды анықтады. Түріктер “Росатомға” екінші Чернобыльдың пайда болуына қарсы екен­дерін айтып еді, олар іргетасты қайта қалады. Бірақ іргетастағы жарылулар араға уақыт салып, қайта пайда болған.

АЭС тақырыбы сөз бола қалса, қо­ғам тарапынан атом өнеркәсібі емес, бәлкім энергияны табиғи жол­мен өндірсе қалай болады деген сауал туындайды. Өткен жылы осы сауал бойынша Сыртқы істер ми­нистрінің орынбасары Роман Васи­ленко еліміздің батыс және орталық өңірлерінде неміс технологиясы негізінде күн және жел электр стан­сасы жобасы қолға алынатыны ту­ралы мәлімдеген. Оның айтуынша, бүгінде Саран қаласында немістің “Goldbeck Solar” атты фирмасының қатысуымен Орталық Азиядағы ірі, қуаты 100 мегаваттық күн электр жобасы іске қосылған. Сондай-ақ “SVEVIND” Дрезден компаниясы ба­тыс және орталық Қазақстанның да­ласында жалпы қуаты 45 гигаватт жел және күн электр стансаларын салу бойынша ірі жобаға кірісетіні де айтылған болатын. Алайда бұған қа­тысты Энергетика министрі Болат Ақшолақов таяуда ғана: “Бірінші мәселе бағаға байланысты. Жаңарты­латын энергия көздерінің қазіргі тари­фі біздің қолданыстағы дәстүрлі стансалардағыдан қымбат. Екіншіден, табиғи энергия көздері маневрге икемсіз, стансалардың тірегіне айнала алады деуге де келмейді. Яғни үзіліссіз қуат бере алмайды. Өйткені табиғаттың жаратылысы солай – не үнемі жел соғып тұруы керек, не үнемі күн шығып тұруы шарт”, – деп жауап берді.

Чернобыль мен Фукусимадағы апат пен Семей аймағындағы ядролық сынақтардан шошынып қалған халықтың АЭС жұмысына сенімнен гөрі қорқынышы басым. Жапония мен АҚШ сияқты ғылым-білімі жан-жақты дамыған елдің өзі толық қауіп­сіздікті қамтамасыз ете алмағандық­тан, Қазақстанда АЭС салуға қатыс­ты ел арасында екі түрлі пікір қалыптасқан. Яғни бірі АЭС-тен қауіптенсе, бірі өндіріс секторларын және электр энергиясына деген жалпы қа­жеттіліктерді қанағаттандырудағы бе­рер мүмкіндіктері мол дейді.

Атом стансасын салу және оның энергетикасын игеру оңай бола қой­масы анық. Ең алдымен, техноло­гия­ның тілін білетіндер керек. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт То­қаев осы салада жұмыс істейтін кәсіби мамандарды даярлау қажет екенін атап өтті.

Жалпы есеппен алғанда, әлемде 32 елде 394 ГВт қуат күшімен жұмыс істейтін 440 АЭС бар дедік. 54 энер­гети­калық блок салыну үстінде, ал 201-і белгілі бір себептермен жабы­лып қалған. Ең көне және әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған станса Швейцарияда орналасқан. Ал қуат күші жағынан алда тұрғаны Қы­тайдың Гуандун провинциясындағы Тайшань стансасы, оның көрсеткіші – 4590 МВт.

Әлемде АЭС-те болған апаттың барлығына адами фактор себеп бол­ды. Жапониядағы “Фукусима” стан­сасындағы апаттан кейін он жыл өтсе де елдің солтүстік-шығысында­ғы бірнеше қала әлі жабық. Яд­ролық қалдықтар мен миллион тон­надан астам радиоактивті суды та­залау үшін жүздеген мың жұмысшы қажет және бұл 30-40 жылға созы­луы мүмкін деп отыр.

АЭС апатынан кейінгі ең қауіптісі – тікелей сәулелену. Ол небәрі бір­неше сағат немесе минутқа созылуы мүмкін, бірақ иондаушы сәулеленудің күшіне байланысты адам денсаулығына зор нұқсан келеді, бірден өліп кетуі де мүмкін.

Профессор, ядролық физика са­ласының маманы Қайрат Күтербеков Қазақстан атом электр стансасын салуға асықпауы керек деп санайды. Ол қандай технологияны таң­дауға емес, мамандарды даярлауға аса мән беру керек екенін алға тар­тады. “Қазір Ресейдің әлдебір институттарының филиалын бізде ашуға тырысып жатыр. Бұл не деген сөз? Мынаны қараңыз: МИФИ (Мәскеу инженерия-физика институты) ҚазҰУ-да (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) фи­лиалын ашты. Онда ядролық физика оқытылмақ. Алайда атом реакторла­рының, стансалардың жұмыс істеуі үшін атом реакторларында жұмыс іс­тейтін адамдар керек. Қазақстанда атом реакторлары жоқ, тек зерттеуге арналған ескі-құсқы дүниелер бар. Бізде мамандар бар деп те айта ал­маймыз”, – дейді ол.

Қалай десек те, Қазақстанда АЭС салу мәселесі әзірге қоғамдық талқыға ұсынылды. Ал атом энергетика стансасын салу, салмау бүкіл­халықтық референдумда шешіледі.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp