Денсаулық сақтау министрлігінің “Енді азаматтарға емхананы да, дәрігерді де еркін таңдауына мүмкіндік беріледі”, – деп жаһанға жар салғандарына 4-5 жылдың жүзі болды. Соған орай жыл сайын күз айларының басында осындай ауыстыру науқаны жүргізіледі. Бірақ мұның іс жүзінде шалағай, жан-жақты ойластырылмаған шара екеніне өз басымнан өткен жағдайдан соң анық көз жеткіздім.
Мен тұрғылықты жеріме байланысты №2 қалалық емхананың қызметіне жүгінемін. Емхана үйден алыс емес, 15-20 минут жаяу жүріп барамын. Бірақ оны венерология диспансерінің үйіне ауыстырды. Біздің учаскелік дәрігеріміз де сонда қоныс аударды. Ол жер біздің үйден әжептәуір алыс. Осыны айтып бас дәрігердің қабылдауында болдым. Бас дәрігер: “Осындағы бар дәрігерге ауыстыр”, – деп хатшы қызға тапсырма берді. Содан біраз уақыт өткен соң барсам, бәрі сол баяғы қалпы, ештеңе де өзгермепті.
Ол ол ма, енді бір жыл болды, сол тері-венерология үйінде орналасқан дәрігерлерді Петропавл темір жолының емхана үйіне ауыстырды. Оған жаяу баруға өте алыс, ал автобуспен қатынау 84 жастағы мен үшін өте қиын. Алдымен аялдамаға жаяу барасың, ол – үйден әжептәуір жер. Одан аялдамада автобус тосып тұрасың. Алда қыс айлары келе жатыр. Егде жастағы кісіге жарты сағаттап аязда автобус күтіп тұру оңай ма? Автобус келген соң да таласып-тармысып ішіне енесің. Онда сығылысқан халық. Өзіңді анда бір, мында бір итереді қақпақылдап. Сөйтіп, қысылып-қымтырылып түскен соң емханаға дейін тағы жаяу бару керек.
Осы қиыншылықтарды айтып, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасарына кіріп, негізгі емханадағы басқа бір дәрігерге ауыстыруын өтіндім.
– Ауыстыруға болады, бірақ температураңыз көтеріліп, не жөтеліп үйге шақыртсаңыз, ол дәрігер бармайды, – деді.
– Емханада қабылдап, үйге шақыртуға неге келмейді? – десем.
– Тәртіп солай, – дейді.
Сонда қалай болғаны, бәрін де ауыстыруға болады деген жарнамалары қайда қалды? Осындай да тәртіп бола ма?
Мұрат НҰРМҰҚАНОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.