М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өңірімізде жүргізілген кешенді ғылыми зерттеулердің алғашқы нәтижелеріне арналған “дөңгелек үстел” өтті. Экспедиция Ғылым және жоғары білім министрлігінің “Мәдени-тарихи үрдіс контекстіндегі Солтүстік Қазақстан: тас дәуірінен бастап этнографиялық бүгінге дейін” жобасы аясында жүргізілуде. Зерттеу жұмыстары өңірімізден бөлек көршілес Қостанай, Павлодар облыстарын да қамтыған. Зерттеу топтары даламызда жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде тас, темір дәуіріне жататын құнды жәдігерлер, бірқатар ғимараттардың орнын тапқан. Ғалымдар бұл жаңалықтардың отандық ғылымның жаңа бағытына айналарына сенімді.
– Бұл этноархеологиялық зерттеулер барысында бағыт бойынша ру-тайпалардың көші-қон қоныстары, қыстақтары, қорымдары мен мешіттері қарастырылды. Нәтижесінде 50-ден аса тастан жасалған үйлер, 3 көне мешіт пен 3 қорым анықталды. Сонымен қатар өңірімізде мезолит-неолиттік “Виноградовка-2” тұрағы, ерте темір дәуірінің “Березовский” және ортағасырлық “Симоновка-11” кешені зерттелді. Жалпы экспедициялар облыстың 7 ауданында өтті, – дейді Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Жанболат Өтебаев.
Көктем мен күз арасында 3 топ Айыртау, Есіл, Жамбыл, Мамлют, Тимирязев, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда жұмыс жүргізді. Барлау-іздестіру жұмыстарына жергілікті университет оқытушылары мен студенттері да атсалысты. Нәтижесінде 300-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш хатқа түсірілді.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың медиа орталығының бас редакторы.