Биыл жазда Қызылжар ауданында ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған сайыс көпшіліктің есінде болар. Көкпар бәсекесінде оқыс жағдайдың орын алғандығын ұмыта қойғанымыз жоқ.
Тайынша мен Аққайың аудандарының көкпар құрамасы ойыншыларының арасындағы тартысты бәсекеде небәрі 22 жастағы Заманбек Ермеков есімді жас көкпаршы қаза тапты. Осынау қайғылы оқиғаның астарынан көпшілікті алаңдатқан түйткілді мәселенің төркіні қылаң береді.
Көкпар – көшпенділердің байырғы заманнан бері келе жатқан ғұрыптық-жауынгерлік ойыны. Зерттеушілердің айтуынша, көкпар тарту әуелде әлеуметтік мәні бар әскери машықтың қажетінен туған. Түркі қағандығы кезінде “дербес жасақ” осындай жаттығудан өтіп, сыналған жауынгерлерден құралған. Әскери машықтың бұл түрі бейбіт күндерде көкпар тарту ойынына ұласып отырған.
Расында, көшпенділердің өмір сүру салтында жауынгерлік өнердің маңызы зор. Ат үсті сайыста дайындықсыз сарбаз ажал құшуы мүмкін. Сол себепті, көкпар сияқты ұлттық ойын түрлерін жетілдіру арқылы әскери-жауынгерлік дайындыққа баса мән берілген. Ертеде шайқас үстінде жараланған жолдасын жау қолына тастап кетпес үшін ата-бабаларымыз оның денесін іліп алып, майдан ортасынан алып шыққан. Мұндай іс көкпар тартып әбден машықтанған сарбаз үшін қиынға соқпайды. Демек, көкпар дегеніміз – жауынгерлік өнер.
– Көкпардың көптеген түрлері бар. Атап айтқанда, жаппай тарту, ұтысып тарту, дода көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар, тақым тартыс және тағы басқалар. Олардың әр-қайсысының ойын түріне қарай өзіндік ережелері болған. Бүгіндері біздің өңірімізде мәре тарту мен жаппай тарту, дода тарту түрі көп қолданылады. Мысалға мәре көкпарды алатын болсақ, ойынға қатысушылар екі шеттен нысана немесе қазандық белгілеп, қай жеңгені көкпарды сол қазандыққа салып ұпай жинайтын болған. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды. Жаппай тартыста әркім көкпарға өзі иелік етуге тырысады, – дейді көкпаршы Нұрлан Зағыпар.
Қазақ көкпарының ережесі де заман талабына сай өзгертіліп отырған. Айтар болсақ, елімізде кең тараған аталмыш ойын түрін біртекті ету 1949 жылы қолға алынып, алғаш рет жаңа ереже бекітілді. Осыған сәйкес көкпар жарысын арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. Ал 1958 жылдан көкпар бәйге алаңдарында (ипподромдарда) өткізіліп келеді. Сондай-ақ соңғы жылдары халықаралық жан-жануарларды қорғау ұйымдарының талабы бойынша көкпарға сойылған серкенің орнына қолдан жасалған жасанды муляжды тарту жайы да қарастырылды.
Осыдан төрт жыл бұрын елімізде 12 мемлекеттің ұлттық спорт федерациялары басшыларының қатысуымен бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының кеңесінде халықаралық ереже бекітілді. Жиында шетелден келген ұлттық спорт федерациясының өкілдері пікір білдіріп, тиісті құжатқа қол қойды. Көкпар ойнау уақыты 20 минуттан екі тайм күйінде қалды. Аралық үзіліс – 10 минут. Муляждың салмағы – 33-35 килограмм аралығында. Бәрі бірауыздан қауіпсіз спортты, яғни, ойын кезінде адамдардың жарақат алмауын қолдап дауыс берді.
Осы уақыттан бері халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық көкпар ойындары жаңартылған ереже бойынша өткізілуде. Бірақ көкпар ат үстінде ойналатын ойын болғандықтан қауіп-қатерсіз деп айта алмаймыз. Қатысушы жігіттердің арасында әртүрлі дене жарақаттарын алатын кездері емес. Демек осы көкпар ойынының ережесі қайтадан қаралып, оқыс жағдайлардың алдын алатындай мүмкіндіктер жан-жақты қарастырылса деген ұсыныс-пікірлер бар. Өңіріміздегі “Арғымақ” ұлттық ат спорты түрлері клубының директоры Руслан Сәрсенбаевтың пікірін білген едік.
“Бұл – білектің күші, жігіттің намысы, аттың бабы сынға түсетін ойын. Көкпар ережесі де халықаралық деңгейдегі мамандардың, сарапшылардың қатысуымен бекітілген. Ал оқыс жағдай кез келген спортта орын алуы мүмкін ғой. Әсіресе бүгіндері ауыл адамдары өз араларында шағын той болса, көкпар өткізіп жатады. Олқылықтың көбі осындай ойындарда орын алады. Себебі ондағы төреші де, мамандар да тәжірибесіз. Сондықтан атқа міндім екен деп көкпарға қатыса беруге болмайды. Ол үшін алдын ала заңдылықтарын біліп, атын дайындап, ережені меңгеріп қатысқан дұрыс. Біз өткен жолғыдай оқыс оқиға болмас үшін арнайы жоспар құрдық. Мүмкін болса аудан, ауылдың жас көкпаршыларын оқытуды қолға алсақ деген ниетіміз бар. Көкпар халықаралық стандартқа сай бекітілген ережемен ойналса, жазатайым жағдайлар туындамас еді”, – дейді ол.
Бұл жөнінде Есіл ауданы бойынша көкпар ойындарының дамуына үлес қосып жүрген азамат – аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің жетекшісі Жеңіс Кемеловтің де айтары бар. Ол көкпаршының киімі денесіне қорған болатындай деңгейде қайта қаралса деген ойын жеткізді.
– Көкпаршы аттан жығылса, басын, қолын, аяғын жарақаттап алады. Бастарына бөрік кигенімен қатты соққы алу қаупі зор. Ал шлемдер кию көкпаршыға ыңғайсыз. Ол жеңіл қозғалуға, жан-жағын көруге кедергі келтіреді. Мысалға, бөріктің орнына жауапты мамандар жан-жақты қарастырып, зерттеп арнайы ықшам каскалар тіксе деген ойым бар. Яғни көкпаршы жығылғанда, аты оқыс сүрінгенде ауыр жарақаттан қорғайтын спорттық киім қажет. Кейде көкпаршылар да, төрешілер де ережені ескермейтін кездер болады. Сондықтан төреші тоқтатса, көкпаршы бағынуы керек. Осының барлығы жазатайым жағдайлардың алдын алады, – деді Жеңіс Кемелов.
Көкпар қауіпті ойын түріне жатады. Ойын барысында жарақат алу ықтималдығы тым жоғары. Көкпар тарту барысында ойыншыларды атымен қоса жығып, сүйреп кететін жағдайлар болып тұрады. Мұндай жағдайды болдырмау үшін соңғы кездері ойын ережелеріне қауіпсіздік шаралары енгізіліп, тартыс төрешінің көз алдында өтетін болды. Мұны көкпардан спорт шебері Рамазан Мақатов та құптайды.
“Қазіргі көкпар ойынының ережесі – ең жеңілдетілген түрі. Бірақ біз жыл сайын Астанада бас қосқанда ережені қарастырып, ұсыныс-пікірлерімізді ортаға салып отырамыз. Себебі көкпар ойынының ережесін заман талабына сай зерттеп, зерделеп, дамытып отыруымыз керек. Бізде облыстық байқауларда кейбір аудандар команда жасақтауға немқұрайлы қарайды. Яғни команда қатысса болды дегеннен арыла алмай келеді. Мен осыны өңірлік ұлттық спорт өкілдерінің жиындарында үнемі айтып отырамын”, – дейді ол.
Командадағы әрбір адамның өмірі қымбат. Сондықтан жігіттер тәжірибелі, мығым, ережеге сай ойнай алатын көкпаршы болуы керек. Сонымен бірге көкпар аты да бапталған, үйретілген, күш-қуаты, дене бітімі келіскен, тәжірибелі болуын қадағалаған жөн. Бір сөзбен айтқанда сайдың тасындай сайыпқыран жігіттерді таңдап алғаны дұрыс. Көкпар спорттың қауіпті түрі болғандықтан, салғыртыққа жол бермеу керек.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.