“AMANAT” партиясының “Жастар рухы” жастар қанаты “Менің елім – менің тілім” республикалық жобасы аясында “Сөйле” тілдесу клубының жұмысын қайта жандандырды. Оның аясында қазақ тілі тегін үйретілмек.
Жобаның негізгі мақсаты – қатысушылардың қазақ тілін тез арада үйренуіне жағдай жасау. Облыс орталығында “Сөйле” тілдесу клубының сабақтары сейсенбі және жұма күндері Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар жасөспірімдер кітапханасының коворкинг орталығында өткізіледі.
“Оқу осы жылдың қазан айынан басталды. Курс тегін түрде өткізіледі. Сабақтарда теориялық білімнен бөлек, сөйлеу тіліне де мән беріледі. Оған түрлі жас санатындағы өзге этнос өкілдері қатысып жатыр”, – деді “Жастар рухы” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Біржан Құдайбергенов.
“Сөйле” клубы осы жылдың басында ашылған болатын. Содан бері оған 50-ден астам адам қатысып үлгерген. Қазақ тілін үйренуге ниет білдірген жандар интернет өтінім қалдыра алады.
“Қазіргі уақытта ел бойынша клубтарға келушілер саны шамамен 1500 адамды құрайды. Клубтар тоғыз ай бойы тұрақты негізде жұмыс істейді. Еліміздің 12 өңірінде (Астана, Алматы қалалары; Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары) 200-ден астам қатысушы оқытылды”, – деді Біржан Құдайбергенов.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.