Волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстан кубогы сарапқа салынды. Финалда солтүстікқазақстандық “Қуаныш” клубының бұрымдылары алматылық қарсыластарымен кездесіп, тарихи жеңіске қол жеткізді.
Облыс волейбол тарихында тұңғыш рет ел кубогын иеленген “Қуаныштың” қыздарын өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында құттықтады. “Биыл “Қуаныш” клубы Қазақстан кубогында атой салды. Жерлестеріміз “Алматы” командасының қыздарын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Бұл – солтүстікқазақстандық спортшылардың тарихи жеңісі. Команда ұжымын шын жүректен құттықтаймын”, – деп жазды Ғауез Торсанұлы.
Бұған дейін “Қуаныш” клубы бірнеше рет жүлдегерлер қатарынан көрінген. Мәселен өткен жылы жерлестеріміз “Алтай” командасына есе жіберіп, күміс медальды місе тұтқан еді. Биыл солтүстікқазақстандық бұрымдылар кеткен есені қайтарды.
– Ел кубогы біз үшін алынбас қамал болып келген еді. Енді бұл жүлдені де жеңіп алдық. Қараша айында Қазақстан біріншілігі басталады. Алғашқы тур Петропавлда өтеді. Бұл сыннан да сүрінбей өтіп, чемпион атануға барымызды саламыз, – дейді “Қуаныш” клубының директоры Қайырбек Хамзин.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.