Биыл өңірде қызылшаның зертханалық расталған 23 жағдайы тіркелді. Өткен айдың соңында 18 адам емделіп шықса, 4 адам әлі ем қабылдап жатыр.
Өңірімізге БАӘ, РФ және Қырғызстаннан келген үш азаматтан қызылша ауруы расталған. Сондай-ақ облыс орталығында 18 адам ауырып, ауданда екі науқастың қызылша жұқтырғаны анықталды. Науқастар – Мағжан Жұмабаев, Аққайың, Мамлют және Жамбыл аудандарының тұрғындары. Қызылшамен ауырғандардың ең көбі 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді.
– Науқастардың 59 пайызы жеке сенімі бойынша қызылшаға қарсы екпе салдырмаған. Ал ауырғандардың 4 пайызы екпе салу жасына жетпеген, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Қызылшадан кейін науқастың иммунитеті төмендеуі мүмкін, бұл асқынулардың дамуына және созылмалы аурулардың өршуіне негіз болады. Қызылшаның алдын алудың негізгі тиімді құралы – вакцинация. Қызылшаның белсенді иммунопрофилактикасы үшін вакцина қолданылады. Ол баланың 12-15 айлығынан бастап егіледі. Ревакцинация вакцинация сияқты алты жылда бір рет, мектепке барар алдында жүргізіледі.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.