«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көкпарды каска киіп тартса қайтеді?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл жазда Қызылжар ау­данында ұлттық спорт түр­лерінен ұйымдастырыл­ған сайыс көпшіліктің есінде бо­лар. Көкпар бәсекесінде оқыс жағдайдың орын алғандығын ұмы­та қойға­ны­мыз жоқ.

Тайынша мен Аққайың аудандарының көкпар құрамасы ойыншыла­рының арасындағы тартысты бәсе­кеде небәрі 22 жастағы Заманбек Ер­меков есімді жас көкпаршы қаза тапты. Осынау қайғылы оқиғаның ас­тары­нан көпшілікті алаңдатқан түйткілді мәселенің төркіні қылаң береді.

Көкпар – көшпенділердің байыр­ғы заманнан бері келе жатқан ғұрып­тық-жауынгерлік ойыны. Зерттеуші­лер­дің айтуынша, көкпар тарту әуелде әлеуметтік мәні бар әскери ма­шықтың қажетінен туған. Түркі қа­ғандығы кезінде “дербес жасақ” осын­дай жаттығудан өтіп, сыналған жауынгерлерден құралған. Әскери машықтың бұл түрі бейбіт күндерде көкпар тарту ойынына ұласып отыр­ған.

Расында, көшпенділердің өмір сүру салтында жауынгерлік өнердің маңызы зор. Ат үсті сайыста дайын­дықсыз сарбаз ажал құшуы мүмкін. Сол себепті, көкпар сияқты ұлттық ойын түрлерін жетілдіру арқылы әс­кери-жауынгерлік дайындыққа баса мән берілген. Ертеде шайқас үстінде жараланған жолдасын жау қо­лына тастап кетпес үшін ата-бабалары­мыз оның денесін іліп алып, майдан ортасынан алып шыққан. Мұн­дай іс көкпар тартып әбден ма­шықтанған сарбаз үшін қиынға соқпайды. Де­мек, көкпар дегеніміз – жауынгерлік өнер.

– Көкпардың көптеген түрлері бар. Атап айтқанда, жаппай тарту, ұты­сып тарту, дода көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар, тақым тартыс және тағы басқалар. Олардың әр-қай­сысының ойын түріне қарай өзіндік ережелері болған. Бүгіндері біздің өңірімізде мәре тарту мен жаппай тарту, дода тарту түрі көп қолданы­лады. Мысалға мәре көкпарды ала­тын болсақ, ойынға қатысушылар екі шеттен нысана немесе қазандық бел­гі­леп, қай жеңгені көкпарды сол қа­зандыққа салып ұпай жинайтын бол­ған. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды. Жаппай тартыс­та әркім көкпарға өзі иелік етуге ты­рысады, – дейді көкпаршы Нұрлан Зағыпар.

Қазақ көкпарының ережесі де за­ман талабына сай өзгертіліп отырған. Айтар болсақ, елімізде кең тараған аталмыш ойын түрін бір­текті ету 1949 жылы қолға алынып, алғаш рет жаңа ереже бекітілді. Осы­ған сәйкес көкпар жарысын арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. Ал 1958 жылдан көкпар бәйге алаңдарында (ипподромдарда) өткізіліп келеді. Сондай-ақ соңғы жылдары халықаралық жан-жануар­ларды қорғау ұйымдарының талабы бойынша көкпарға сойылған серке­нің орнына қол­дан жасалған жасан­ды муляжды тарту жайы да қарасты­рылды.

Осыдан төрт жыл бұ­рын елімізде 12 мемлекеттің ұлттық спорт феде­рациялары басшыларының қаты­суы­мен бүкіләлемдік көкпар қа­уымдастығының кеңесінде халықаралық ереже бекітілді. Жиында шетелден келген ұлттық спорт федерациясы­ның өкілдері пікір білдіріп, тиісті құ­жатқа қол қойды. Көкпар ойнау уа­қыты 20 ми­нуттан екі тайм күйінде қалды. Ара­лық үзіліс – 10 минут. Му­ляждың сал­мағы – 33-35 килограмм аралығын­да. Бәрі бірауыз­дан қауіп­сіз спортты, яғни, ойын ке­зінде адам­дардың жарақат алмауын қолдап дауыс берді.

Осы уақыттан бері халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық көк­пар ойындары жаңартылған ере­же бойынша өткізілуде. Бірақ көкпар ат үстінде ойналатын ойын бол­ғандықтан қауіп-қатерсіз деп айта алмаймыз. Қатысушы жігіттердің ара­сында әртүрлі дене жарақатта­рын алатын кездері емес. Де­мек осы көкпар ойынының ережесі қайтадан қаралып, оқыс жағдайлардың ал­дын алатындай мүмкіндіктер жан-жақты қарастырылса деген ұсы­ныс-пі­кір­лер бар. Өңіріміздегі “Арғы­мақ” ұлттық ат спорты түрлері клубы­ның директо­ры Руслан Сәрсенбаев­тың пікірін біл­ген едік.

“Бұл – білектің күші, жігіттің на­мысы, аттың бабы сынға түсетін ойын. Көк­пар ережесі де халықара­лық деңгейдегі мамандардың, са­рапшылар­дың қатысуымен бекітіл­ген. Ал оқыс жағдай кез келген спорт­та орын алуы мүмкін ғой. Әсіресе бү­гіндері ауыл адамдары өз араларын­да шағын той болса, көкпар өткізіп жа­тады. Олқы­лықтың көбі осындай ойындарда орын алады. Себебі он­дағы төреші де, мамандар да тәжіри­бесіз. Сон­дықтан атқа міндім екен деп көкпарға қатыса беруге болмай­ды. Ол үшін ал­дын ала заңдылықтарын біліп, атын дайындап, ережені меңгеріп қатыс­қан дұрыс. Біз өткен жолғыдай оқыс оқиға болмас үшін арнайы жоспар құрдық. Мүмкін болса аудан, ауылдың жас көкпаршыла­рын оқы­туды қолға алсақ деген ние­тіміз бар. Көкпар халықаралық стандартқа сай бекітілген ережемен ой­налса, жазатайым жағдайлар туында­мас еді”, – дейді ол.

Бұл жөнінде Есіл ауданы бойынша көкпар ойындарының дамуына үлес қосып жүрген азамат – аудан­дық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің жетекшісі Жеңіс Ке­меловтің де айтары бар. Ол көкпар­шының киімі денесіне қорған бола­тындай деңгейде қайта қаралса де­ген ойын жеткізді.

– Көкпаршы ат­тан жығылса, ба­сын, қолын, аяғын жарақаттап ала­ды. Бастарына бөрік кигенімен қатты соққы алу қаупі зор. Ал шлемдер кию көкпаршыға ыңғайсыз. Ол жеңіл қозғалуға, жан-жағын көру­ге кедергі келтіреді. Мысалға, бөріктің орнына жауапты мамандар жан-жақты қа­растырып, зерттеп ар­найы ықшам каскалар тіксе де­ген ойым бар. Яғни көкпаршы жы­ғылғанда, аты оқыс сү­рінгенде ауыр жарақат­тан қорғайтын спорттық киім қажет. Кейде көкпар­шылар да, төрешілер де ережені е­скермейтін кез­дер бола­ды. Сондықтан төреші тоқтатса, көкпаршы ба­ғынуы керек. Осы­ның барлығы жазатайым жағдайлардың ал­дын алады, – деді Жеңіс Кемелов.

Көкпар қауіпті ойын түріне жата­ды. Ойын барысында жа­рақат алу ықтималдығы тым жоғары. Көкпар тарту барысында ойыншы­ларды аты­мен қоса жығып, сүйреп кететін жағ­дайлар болып тұрады. Мұндай жағ­дайды болдырмау үшін соңғы кезде­рі ойын ережелеріне қауіпсіздік ша­ралары енгізіліп, тартыс төрешінің көз алдында өтетін болды. Мұны көк­пардан спорт шебері Рамазан Ма­қатов та құптайды.

“Қазіргі көкпар ойынының ереже­сі – ең жеңілдетілген түрі. Бірақ біз жыл сайын Астанада бас қосқанда ережені қарастырып, ұсыныс-пікірлерімізді ортаға салып отырамыз. Се­бебі көкпар ойынының ережесін за­ман талабына сай зерттеп, зерде­леп, дамытып отыруымыз керек. Біз­де облыстық байқауларда кейбір ау­дандар команда жасақтауға немқұ­рай­лы қарайды. Яғни команда қатыс­са болды дегеннен арыла алм­ай келеді. Мен осыны өңірлік ұлттық спорт өкілдерінің жиындарында үнемі айтып отырамын”, – дейді ол.

Командадағы әрбір адамның өмірі қымбат. Сондықтан жігіттер тә­жірибелі, мығым, ережеге сай ойнай алатын көкпаршы болуы керек. Со­нымен бірге көкпар аты да бапталған, үйретілген, күш-қуаты, дене біті­мі келіскен, тәжірибелі болуын қада­ғалаған жөн. Бір сөзбен айтқанда сайдың тасындай сайыпқыран жігіт­тер­ді таңдап алғаны дұ­рыс. Көкпар спорттың қауіпті түрі болғандықтан, салғыртыққа жол бермеу керек.

Аманжол ЗАҒЫПАР,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp