Облыс орталығында “Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін – азаматтық қоғам дамуының басты бағыты” атты облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен “дөңгелек үстел” отырысы өтті.
Жиында елордада өткен Қазақстанның XI Азаматтық форумы қорытындыланды. Сонымен қатар Президент жолдауы талқыланды. Маңызды шараға әр саланың 30-дан астам маманы қатысты.
Бүгінгі әйел – отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның дамуына, елдің жарқын болашағын құруға зор үлес қосып жүрген тұлға. Бұған – Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының жұмысы дәлел. Әкімдік өкілдері мен қоғамдық бірлестік басшылары қатысқан жиында ел дамуының басты бағыты, теңдік, азаматтық қоғамдастық, бизнес сынды түрлі саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Жиналғандар өз пікірлерімен бөлісіп, баяндамаларын оқыды. Осы жиынды ұйымдастырушы Вильдана Бағадаттың айтуынша, қоғамдық ұйым өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстары талқыланып, алдағы уақытта қандай жобаларды жүзеге асыруға болатыны нақтыланады.
Шараға қатысушылар мұндай жиынның маңыздылығын атап өтті. Себебі болашақта облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мемлекеттік органдармен бірлесіп, бірнеше жобаны қолға алмақ. “Солтүстік Қазақстан облыстық рестораторлар мен қонақүйлер қауымдастығының” атқарушы директоры Андрей Фролов та бүгінге дейін атқарылған шаруаларға тоқталып:
“Біз іскер әйелдер қауымдастығымен бұрыннан бірлесіп жұмыс істейміз. Бизнесте, әсіресе, біздің бағытта жүргендердің 70 пайызы – әйелдер. Осындай жиындардың жиі өткені дұрыс. Бұл қандай да бір проблемаларды анықтап, оның шешімін тез табуға көмектеседі”,– деді.
Қауымдастықтың әйелдерді жұмысқа орналастыруда және олардың білімін, әлеуметтік мәртебесін арттыруға қосқан үлесі зор. Олар бұған дейін 100-ден астам жобаны жүзеге асырған.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.