«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өнерлі балғындар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлттық қазынамыздан нәр алып, бабадан жеткен құнды мұрамыздың қадіріне жетпеген адам тамырсыз терек сияқты. Тамыры тереңге кет­пеген ағаш табиғаттың қандай сы­нына да әлсіздік танытып, құлап қалады. Өз ұлтының тілі, дәстүрі, му­зыкасын танымаған жан да осындай күй кешіп, кез келген ағымның жетегінде кетіп, бір орында нық тұра алмайды. Өкінішке қарай, өткен ға­сырда қазақ халқының басына түс­кен қасірет бізді ұлттық тамыры­мыз­дан айырды. Соғысты, езгіні, ашар­шылықты көрген жұрт өнері мен әде­биетінен айрылудың аз-ақ алдында тұрды. Ақыры бабаларымыздың тілегі қабыл болып, ес жиып, етек жинайтын күнге жеттік. Егемендік жылдары жоғымыз түгенделіп, салт-дәстүріміз жаңғырып, өнеріміз өріс­теп келеді. Әсіресе жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарымызға ден қойып, қызығушылық танытып келе жатқаны қуантады.

Ашылған сәттен бастап “Мерей” өнер мектебінің ұжымы да жас ұр­пақтың бойына ұлттық музыка­мыз­ды сіңіріп, оларды ұлтын сүюге тәр­биелеуді мақсат етіп келеді. Біз түбін танып, дәс­түрін білген жастардың бірнеше буынын қалыптастырдық. Ал Бәй­терек ауылында айналасы бірнеше жылдың ішінде дарынды өрендері­міз көп жетістікке жетті. Біздің ма­мандар аталған мектептің білім алушыларына 2021-2022 оқу жылының басынан бері тәлім беріп келеді. Осы ретте аталған баста­маны қол­дап, ауыл балаларына біл­генін үйретуден тайынбаған ұстаз Берік Жанатовты да ерекше атап өткен жөн. Қара домбырамыздың құ­діре­тін көп­ке таныту жолында бел­сенді қызмет етіп жүрген Берік Сә­битұлы Бәй­теректегі балғындарға жетекшілік етті. Сол сияқты форте­пианодан сүйемелдеуші Мария Сальникованың да еңбегі зор. Біздің бар мақсатымыз – ауыл­дағы да­рынды оқушыларды іздеп тауып, өнер жолына бағыт беру. Аталған білім ордасының директо­ры Шәм­шухан Нұрланұлы да өнерлі өрен­дерге қолдау көр­сетіп, жұмы­сымызға жол ашты.

Ұстаз үшін шәкіртінің жетістікке жетіп, биікке шыққанын көруден артық бақыт бар ма? Бәйтерек мек­тебіндегі оқушыларымыз да үмітті ақтап, осы күні талай байқауларда топ жарып, мерейімізді өсіріп жүр. Бейбарыс Аманжол, Ақылжан Джу­рабаев, Аңсар Закиров, Сұлтан Жархынұлы, Нұрсұлтан Собиров сияқты оқушылар жас та болса домбыраның құлағында ойнап, әсем күйлерімізді төгілте орындап жүр. Олар “Ұрпақ Fest” облыстық байқауында, “Алтын күз” республи­калық конкурс-фестивалінде жүл­де­лі орындарды еншілеп, өнерлерін барша жұртқа паш етті. Кеше ғана осында тәлім алған Кәусар Серкел­бай биыл Е.Серкебаев атындағы өнер-колледжі өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатына қабылданып, сонда білім алып жатыр. Бәйтерек мекте­біндегі оқушылардың ұлттық өнер бағытында қол жеткізген өзге де жетістіктері жетерлік. Алайда біздің көздегеніміз, байқауларда жүлдегер атану емес, ұлттық құн­дылықта­рымызды бойына сіңірген, болмысы қазақы, санасы азат ұрпақ тәрбие­леу. Ұлттық өнерімізге жан­ашыр жас­тар болашақта ұлтқа жанашыр аза­маттарға айналмақ. Егер өңірдегі әр қосымша білім беру ұйымы осы бағытты ұстанса, елін сүйетін, оның мәдениетіне құрметпен қарай­тын­дардың қатары одан сайын арта түсер еді. Баланы музыка, сурет, би арқылы да тәрбие­леуге болады. Оның жолын табу әр педагогтың жеке шеберлігіне байланысты.

Биыл еліміздің барлық мектеп­терінде “Төрт тоқсан–төрт өнер” жо­басы бастау алғаны белгілі. Әне-міне дегенше айтыс өнеріне арнал­ған алғашқы тоқсанды да қорытын­дыладық. Шәкірттеріміз аталған жоба аясындағы шараларға да бел­сенді қатысып, жаңа қырынан та­ныл­ды. Алда қызығы мен қиындығы мол тағы үш тоқсан бар. Осы уақыт ішінде де біз Бәйтерек орта мектебіндегі балалармен белсенді жұ­мыс істеп, өз мақсатымызға жету жолында нық қадамдар жасаймыз.

Әлия СЕҢКІБАЕВА,

“Мерей” өнер мектебінің директоры.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp