«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Елін сүйген ер Баян

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Батыр Баян” поэмасы – бізге көп дүние үйретіп, өмірдің мәнін аша­тын туынды. Бұл поэма арқылы жас­тық­тың албырттығын, сезімнің со­қыр­лы­ғы мен ақылға бағынбай­тын асау­лығын, ашу мен ақылдың, сана мен сезімнің таласын, әрі көз­сіз ерлікті көреміз. Поэма сюжеттік жа­ғынан эпостық жырларға өте ұқсас. Реалистік не­гізде жазылған поэма­ны Мағжан та­биғатпен үн­дестіре бізге әсерлі жет­кізе алды. Бір қара­ғанда қызықты сюжеті бар бұл поэ­ма тек тарихты баяндап тұр­ғандай. Әрине Мағжан ақын тарих­пен қатар ерлікті, еркін­дікті көрсете білді.

Поэманың бас кейіпкері – Батыр Баян. Ол поэмада отаншыл, өжет жә­не өте намысқой жауынгер ретін­де сипатталған. Баян үшін ең бастысы – халқына, Отанына деген махаббат. Ол Отаны үшін өз інісі Ноянды өлтіруге дейін барды. Баян – қазақ батырларының ішіндегі ең белдісі, шоқтығы биік батыр болып саналады. Мұны ақын поэманың алғашқы тармақтарында-ақ білді­ре­ді. Тіпті, Абылай ханның төрт құбы­ла­сын түгендеген батыр­ларының бәрі Батыр Баянды күтіп, жорыққа аттанбай отыруының өзі – оның абыройлы жан екеніндігін көрсетеді.

Жас Баян жауды талай көрмеп пе еді,

Сорғалап сұңқардайын төнбеп пе еді.

Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап,

Сан қолға аш бөрідей кірмеп пе еді?! – деп ақын Баян ердің батыр­лығын сипаттайды. Бұл шумақта ақын Баянның батырлығын сипаттап қана қоймай, алда болғалы тұрған оқиғаның да психологиялық портретін шығарғандай.

Баян – жай ғана батыр емес, елі­нің ертеңі үшін жауымен алысып қан кешкен, жұртының бас бостандығын ойлаған жан. Ең бастысы, халқына адал азамат. Сол адалдығының кү­шімен бір жатырдан шыққан бауы­рын өлімге қиюдың өзі екінің бірінің қолы­нан келе бермейтін іс. Поэ­маның соңында Батыр Баян өзінің өжеттілі­гімен Абылайдың шешіміне қарсы шығып, 100 жігітпен қалмаққа қарсы аттанып, сол жорықта қаза табады.

Самал БАҚТЫБАЕВА,

облыстық олимпиада резерві мамандырылған мектеп-интернат-колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp