Ұлттық қазынамыздан нәр алып, бабадан жеткен құнды мұрамыздың қадіріне жетпеген адам тамырсыз терек сияқты. Тамыры тереңге кетпеген ағаш табиғаттың қандай сынына да әлсіздік танытып, құлап қалады. Өз ұлтының тілі, дәстүрі, музыкасын танымаған жан да осындай күй кешіп, кез келген ағымның жетегінде кетіп, бір орында нық тұра алмайды. Өкінішке қарай, өткен ғасырда қазақ халқының басына түскен қасірет бізді ұлттық тамырымыздан айырды. Соғысты, езгіні, ашаршылықты көрген жұрт өнері мен әдебиетінен айрылудың аз-ақ алдында тұрды. Ақыры бабаларымыздың тілегі қабыл болып, ес жиып, етек жинайтын күнге жеттік. Егемендік жылдары жоғымыз түгенделіп, салт-дәстүріміз жаңғырып, өнеріміз өрістеп келеді. Әсіресе жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарымызға ден қойып, қызығушылық танытып келе жатқаны қуантады.
Ашылған сәттен бастап “Мерей” өнер мектебінің ұжымы да жас ұрпақтың бойына ұлттық музыкамызды сіңіріп, оларды ұлтын сүюге тәрбиелеуді мақсат етіп келеді. Біз түбін танып, дәстүрін білген жастардың бірнеше буынын қалыптастырдық. Ал Бәйтерек ауылында айналасы бірнеше жылдың ішінде дарынды өрендеріміз көп жетістікке жетті. Біздің мамандар аталған мектептің білім алушыларына 2021-2022 оқу жылының басынан бері тәлім беріп келеді. Осы ретте аталған бастаманы қолдап, ауыл балаларына білгенін үйретуден тайынбаған ұстаз Берік Жанатовты да ерекше атап өткен жөн. Қара домбырамыздың құдіретін көпке таныту жолында белсенді қызмет етіп жүрген Берік Сәбитұлы Бәйтеректегі балғындарға жетекшілік етті. Сол сияқты фортепианодан сүйемелдеуші Мария Сальникованың да еңбегі зор. Біздің бар мақсатымыз – ауылдағы дарынды оқушыларды іздеп тауып, өнер жолына бағыт беру. Аталған білім ордасының директоры Шәмшухан Нұрланұлы да өнерлі өрендерге қолдау көрсетіп, жұмысымызға жол ашты.
Ұстаз үшін шәкіртінің жетістікке жетіп, биікке шыққанын көруден артық бақыт бар ма? Бәйтерек мектебіндегі оқушыларымыз да үмітті ақтап, осы күні талай байқауларда топ жарып, мерейімізді өсіріп жүр. Бейбарыс Аманжол, Ақылжан Джурабаев, Аңсар Закиров, Сұлтан Жархынұлы, Нұрсұлтан Собиров сияқты оқушылар жас та болса домбыраның құлағында ойнап, әсем күйлерімізді төгілте орындап жүр. Олар “Ұрпақ Fest” облыстық байқауында, “Алтын күз” республикалық конкурс-фестивалінде жүлделі орындарды еншілеп, өнерлерін барша жұртқа паш етті. Кеше ғана осында тәлім алған Кәусар Серкелбай биыл Е.Серкебаев атындағы өнер-колледжі өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатына қабылданып, сонда білім алып жатыр. Бәйтерек мектебіндегі оқушылардың ұлттық өнер бағытында қол жеткізген өзге де жетістіктері жетерлік. Алайда біздің көздегеніміз, байқауларда жүлдегер атану емес, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген, болмысы қазақы, санасы азат ұрпақ тәрбиелеу. Ұлттық өнерімізге жанашыр жастар болашақта ұлтқа жанашыр азаматтарға айналмақ. Егер өңірдегі әр қосымша білім беру ұйымы осы бағытты ұстанса, елін сүйетін, оның мәдениетіне құрметпен қарайтындардың қатары одан сайын арта түсер еді. Баланы музыка, сурет, би арқылы да тәрбиелеуге болады. Оның жолын табу әр педагогтың жеке шеберлігіне байланысты.
Биыл еліміздің барлық мектептерінде “Төрт тоқсан–төрт өнер” жобасы бастау алғаны белгілі. Әне-міне дегенше айтыс өнеріне арналған алғашқы тоқсанды да қорытындыладық. Шәкірттеріміз аталған жоба аясындағы шараларға да белсенді қатысып, жаңа қырынан танылды. Алда қызығы мен қиындығы мол тағы үш тоқсан бар. Осы уақыт ішінде де біз Бәйтерек орта мектебіндегі балалармен белсенді жұмыс істеп, өз мақсатымызға жету жолында нық қадамдар жасаймыз.
Әлия СЕҢКІБАЕВА,
“Мерей” өнер мектебінің директоры.
Қызылжар ауданы.