«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Донор болуға дайынсыз ба?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі марқұмдардың ағзаларын алуға рұқсат сұрау тәртібін өзгертуді ұсынып отыр. Нақтырақ айтсақ, рұқсат сұрау түсінігін жойып, “үнсіз қалғаны – келіскені” ұғымын енгізбек.

Егер Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы қабылданса, бұдан былай хал үстінде жатқан азаматтың электрондық үкімет порталында дене мүшелерін пайдалануға қатысты пікірі болмаса, органы реципиентке, яғни, донорлыққа беріледі. Бұған дейінгі шарт бойынша науқасқа “ми өлімі” диагнозы қойылса, дәрігерлер “Egov” порталынан марқұмның донорлыққа қатысты пікірін іздейтін. Бірақ көп жағдайда сырқаттың жақындары, органын беруге қарсы шығады. Алайда донор бола ма, жоқ па, ол – әр адамның жеке таңдауы. Түзетулердің негізгі себебі де сол. Ал өтінішті рәсімдеу үшін электрондық үкімет порталына кіріп, “Денсаулық сақтау” бөліміне, кейін оң жақ бұрыштағы “Трансплантаттау мақсатында ағзалардың және тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу” бөліміне өтесіз. Сосын “онлайн сұрау” батырмасын басып, екі нұсқаның бірін таңдайсыз. Пікіріңізді, электрондық цифрлық қолтаңбамен бекітесіз. Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да трансплантация жасау, яғни, бір адамның кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстыруға рұқсат екенін айтып пікір білдірген.

Қайтыс болған адамның жарамды органын басқа науқасқа алу туралы мәселе көтерілгелі қашан? Десек те бұл тақырып қалай көтерілді, сол сәттен-ақ қоғамның қарсылығына тап болғаны есте. Қазір де көзі жұмыла қалса, сау органын өзгеге беруді ойлайтындар арамызда көп емес. Бәлкім уақыт өтер, донорлыққа басқаша көзқарас қалыптасар. Әзірге назарларыңызға органын басқа адамға беруге қатысты бірқатар елдердегі жағдай туралы қызықты мәліметтерді ұсынамыз.

Испания – “анатомиялық сый” жасаудан әлемде бірінші орындағы ел. Басқаның өмірін сақтау үшін органын ойланбай беретін белсенділер испан халқы екен. Жылына испандар миллионнан астам сау органын өзгелер үшін құрбандыққа шалады. Бұл көрсеткіш АҚШ секілді алпауыт елмен салыстырғанда –12,5 пайызға, француздардан – 48,3, австралиялықтардан – 25,5 пайызға артық. Қазіргі кезде донор болудың испаниялық үлгісі – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауына ие. Испанияда медицинаның донорлық саласын реттейтін бір ғана заң бар, орталықтырылған орган алу жүйесі жұмыс істейді. Ал ең бастысы, донорлық тақырыбында халық арасында кеңінен насихат жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Соның нәтижесінде әрбір испан өзгеге өмір сыйлауды өзіне бақыт санайды.

Мәйіттің органын басқа адамға беру жағынан өзіміздің түрік бауырларымыз да көш ілгері екен. Он шақты жыл бұрын олар қайтыс болған туысының мәйітін бүтін көмуге күш салса, қазір әрбір түрік өзін болашақ донор санайды екен. Бұл елде егер сау органды беруге қарсылық танытса, туыстарының бұл әрекеті ұят, қатыгездік саналады. Заң тұрғысынан, әрине, туыстарының келісімі керек және марқұм тірісінде өсиет хат қалдырғаны жөн. Алайда бұл күнде донор болуды қалайтындар саны артыпты. Өйткені өлгеннен кейін басқа адамға өмір сыйлап кету баға жетпес ерлікке баланады. Осы тұрғыдан көптеген насихат жұмыстары Түркияда қарқынды жүргізіліп, нәтижесінде жыл сайын қан тапсыру, сүйек кемігіне (костный мозг)  донор болуды түріктер көзі тірісінде жасауды әдетке айналдырса, ал кеудесінен жаны ұшқанда, сау органын алуды өсиеттейтіндер өте көп екен.

Қазақстанда трансплантологиялық қызмет орталығы 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Елімізде бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе мен ұйқы безін алмастыратын отандық білікті хирургтар бар. Трансплантология орталығының ресми сайтындағы мәлімет бойынша, дәл бүгінгі күні 3919 азаматымыз донор күтіп жатса, олардың 3574-і бүйректің ауыр науқасына шалдыққандар екен. Донор болатын орган күтіп  жүрген  113 баланың өмірі қыл үстінде. Транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың басшысы Ирина Грибкованың айтуынша, біздің облысымызда 80 ересек адам мен 2 бала бүйрек донорын күтіп жатса, бауырын ауыстыру кезегінде 11 жерлесіміз бар екен. Бес кішкентай бала мен екі ересек кісі “жаңа жүрекке” мұқтаж. “Негізінен трансплантация жұмысы Астана, Алматы ауруханаларында жасалады. Алайда аймақтық ауруханалар арасында ең бірінші орган алмастыру Солтүстік Қазақстан облыстық ауруханасында жасалып, жас жігітке қайтыс болған кісінің жүрегі салынды”, – дейді Ирина Васильевна.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, Қазақстан бойынша қайтыс болған соң жарамды органын өзгеге беруге дайын азаматтардың көбі – Солтүстік Қазақстан облысында. Донор болуды азаматтық борышы санайтындардың легі Қостанай, Павлодар, Ақмола облысында да аз емес екен.  Ал өлгеннен кейін сау ағзасын алуға түбегейлі қарсы азаматтардың көбі оңтүстік пен батыс өңірінің тұрғындары көрінеді. 2020 жылы елімізде 20 мәйіттің органы 47 адамға өмір сыйлады. Қазақ қоғамы үшін, әрине, мұндай жағдайлар әлі де түсініксіз болары анық. Қазақстанда донор болу туралы заңға Президент қол қойғанға дейін де, кейін де бұл тақырып тек қарсылыққа ұшырауда. Ендігі жерде бұл мәселені тек заңды өсиет хат пен туыстардың келісімі ғана емес, әрбіріміздің “е-gov”-тағы жазбамыз да шешуі мүмкін.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp