Жамбыл ауданындағы Пресноредуть ауылында шағын футбол алаңы қолданысқа берілді. Жасанды алаң құрылысына жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлінген. Енді ауыл балалары мұнда келіп, спортпен шұғылдана алады.
Пресноредуть ауылының тұрғындары елді мекендегі оң өзгерістерге риза. Мердігер компания жұмысын тиянақты орындап, тіпті жастарға сыйлық ретінде киім ауыстыру бөлмесін де салып берген.
Жаңадан бой көтерген шағын футбол алаңы енді жастардың сүйікті орнына айналары сөзсіз. Пресноредуть ауылдық округінің әкімі Баймағамбет Қайыровтың айтуынша, ауыл жастары спортқа жақын, оларға тек қолдау көрсету қажет.
– Бұл жерде біздің мектептің оқушылары кешке дейін ойнайды. Аудан әкімдігіне алғысымды білдіремін. Құрылыс шілденің аяғынан басталды, тамыз айында жауын-шашын болғандықтан жұмысқа кедергі келтірді, – дейді Баймағамбет Қайыров.
Жалпы Жамбыл ауданы бойынша спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың үлесі – 41 пайыз. Олар бос уақыттарын тиімді өткізу үшін барлық жағдай жасалуда. Жамбыл ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Сергей Березиннің айтуынша, биыл Баян, Архангелька, Благовещенка және Пресноредуть ауылдарында 4 шағын футбол алаңы бой көтерді. Сонымен қатар аудан орталығында спорттық кешен салынды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.